Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Баяжума Асылбек. Рим Папасы мен Католик шіркеуінің жаһандық ықпалы: қазіргі заманғы діннің саяси және әлеуметтік өлшемі

27



1. Папаның рухани ғана емес, саяси ықпалы

Қазіргі таңда католицизмді 1,4 миллиардтан астам адам ұстанады – бұл әлем халқының шамамен 17 пайызын құрайды. Осынша көлемдегі қауымның рухани көшбасшысы болу  Рим папасы  тек теологиялық тұрғыдан ғана емес, халықаралық дипломатияда да ерекше рөл береді. Папа Франциск – мемлекет басшысы. Ол Ватикан деп аталатын қала-мемлекеттің, сонымен бірге халықаралық құқықтың субъектісі ретінде танылған Қасиетті Тақтың (Sancta Sedes) басшысы.

Папа 184 елмен ресми дипломатиялық байланыс орнатқан. Бұл көрсеткіш Біріккен Ұлттар Ұйымының көптеген мүшелерінен де артық. Сонымен қатар, Ватикан БҰҰ-ның тұрақты бақылаушысы болып табылады, яғни дауыс беру құқығы болмаса да, жаһандық келіссөздерге тікелей ықпал ете алады. 2015 жылғы Париж келісімі алдында Папа Франциск климат мәселесіне байланысты үндеу жариялап, “экономикалық ашкөздік пен рухани бейжайлықты” сынға алған еді.



2. Ватиканның жасырын дипломатиясы мен тікелей араласуы

Папаның қатысуымен жүзеге асқан ең әсерлі дипломатиялық жетістіктердің бірі – 2014 жылғы АҚШ пен Куба арасындағы қатынастардың қалпына келтірілуі. Папа Франциск Барак Обама мен Рауль Кастроға хат жолдап, кейіннен Ватиканда құпия кездесулер ұйымдастырған. Бұл тек діни ғана емес, саяси бітімгерлік миссияның жемісі еді.

Соңғы жылдары Папа Римский бітімгерлік бастамалармен Оңтүстік Судан, Мьянма, Сирия және Украина мәселелерінде де көрінді. Әсіресе, босқындар мен мигранттарға қолдау көрсетуі, соғыс құрбандарын еске алып, гуманизм қағидаттарын үнемі алға тартуы – оны басқа діни көшбасшылардан ерекшелеп отыр.

3. Католик шіркеуінің демократиялану процесіне қосқан үлесі

Діннің саяси жүйелерге әсері туралы айтқанда, профессор Дэвид Холленбахтың, сондай-ақ Сэмюэл Хантингтонның пікірлері назар аударуға тұрарлық. Олардың айтуынша, соңғы жарты ғасырда авторитарлық режимдерден демократияға өткен елдердің басым көпшілігі – католик ықпалы күшті мемлекеттер. Бұл қатарға Испания, Португалия, Латын Америкасының елдері, тіпті Оңтүстік Корея мен Филиппин де енеді.

Поляк Папасы Иоанн Павел II-нің рөлі де ерекше. Оның рухани үндеулері мен кең ауқымды сапарлары коммунистік жүйеге қарсы халықтық толқулардың өсуіне ықпал етті. Бұл үдеріс Кеңес Одағының ыдырауына да әсер етті деген тұжырым бүгінде халықаралық саясаттанушылар арасында кеңінен мойындалған.

4. Шіркеудің даулы мәселелердегі ұстанымы: күшею ме, әлсіреу ме?

Ватиканның беделі мен ықпалына қарсы күштер де жетерлік. Мәселен, 2024 жылы климат саммитінде трансгендерлік құқықтар мәселесіне қатысты пікірталаста Қасиетті Тақ Сауд Арабиясы, Иран, Ресей және Мысырмен бірлесіп, келіссөздерге кедергі келтірген. Бұл әрекет шіркеудің консервативтік бағытын тағы да дәлелдеді.

Сондай-ақ, соңғы онжылдықтағы сексуалдық жанжалдар мен олардың жасырылуы католик шіркеуінің беделін едәуір әлсіретті. Латын Америкасы мен Еуропада шіркеуге сенім күрт төмендегені статистикамен де дәлелденген.



5. Дін мен саясат шекарасындағы Папа

Рим папасы – тек діни тұлға емес, жаһандық ойыншы. Оның ықпалы тек рухани кеңістікте ғана емес, саяси, әлеуметтік, мәдени бағыттарда да сезіледі. Бүгінде ол халықаралық қатынастарда бейбітшілік, әділеттілік пен адамгершілікті насихаттайтын маңызды символға айналды.

Алайда, бұл ықпал автоматты түрде шексіз емес. Жаңа заманның сын-қатерлері, әсіресе постмодерндік қоғамның плюралистік құндылықтары Папа мен Ватиканды үнемі жаңа диалогқа итермелеп отыр. Католик шіркеуі үшін басты сын — өзінің ықпалын сақтап қалу үшін ішкі реформаларды қаншалықты шынайы жүргізе алатындығында.