Баяжума Асылбек.Қазақстан халқы Ассамблеясы: Біртұтас мемлекеттің құру идеясына кедергі ме?

39

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті сақтау маңызды саяси міндеттердің бірі болды.
Сол мақсатпен 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы (АНК) құрылды.
Оның негізгі миссиясы – түрлі этнос өкілдерін ел басқару жүйесіне тарту, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту, біртұтас ұлттық сәйкестікті қалыптастыру.
Ассамблея алғашында тәуелсіздік жылдарында елдің бейбіт дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды.
Алайда, соңғы бесжылдықта Ассамблеяның әрекеті бастапқы миссиясынан айтарлықтай ауытқып, қоғамдағы біртұтастық қағидаларына кері әсер ете бастады.
Қазіргі таңда АНК елдің барлық саласына кең қанат жайып үлгерді. Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Жастар кеңесі, Еңбек ассамблеясы, тіпті Еуразия ұлттық университетінде Ассамблея академиясын ашу арқылы кафедра құрып, білім беру саласына да араласып отыр.
Бұл әрекеттер мемлекеттің «Біртұтас халық – бір мемлекет» идеясын ішінара жоққа шығарып, этностардың үнемі бөтен қойша бөлініп жүруін күшейтті.
Қызды-қыздымен "Концепция развития АНК" деген ресми құжатта қабылдап алды.
Керісінше бізге "Біртұтас мемлекет, біртұтас халық концепциясын қабылдауымыз керек еді.
Бұл Қазақстанның идеологиясына сына қағып, қоғамның қазақтар, этностар, қандастар болып бөлінуіне зор әсерін тигізді.
Осының әсерінен біздің еліміздегі өзге ұлттар әлі күнге дейін қазақ тілін меңгермей, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін,. рухани болмысын қабылдамай келеді.
Сарапшылар атап өткендей, Қазақстан халқының 70%-ын құрайтын қазақ қоғамының беделі азайып, 30%-ды құрайтын этностардың қоғамдық ықпалы артуда.
Ассамблеяның хатшылығы Президент әкімшілігінде орналасуы жоғарыда айтылған идеологиялық кемшіліктердің жүзеге асуына ықпал етті.
Президент әкімшілігінің хатымен кез-келген мекемені құрдай жорғалатып, өз дегенін істетуге мүмкіндік алды.
Шынтуайтына келгенде Ассамблея қоғамдық бірлестік.
Ал қоғамдық бірлестіктің жұрттың мазасын алып, жиналыс жасап, есебін тыңдау деген нонсенс.
Сағаттап жиналыста отыратындардың басқа мәселелерді шешуге уақыты болмайтыны түсінікті.
Ай сайын жиын жасайтындай Қазақстанда этносаралық мәселе ушығып тұрған жоқ.
Анда-санда болып жататын ұрыс-жанжал құқық қорғау органдары тарапынан тиісті шаралар қолданылып, тәртіпке келтірілуде.
Мысалы, кеше Құрылтай өтердің алдында Қызылордада «Достық үйі» үйі ашылды. 95%-қазақ тұратын өңірге "Достық үйі" не үшін қажет?
Бұл – ресурстық, бюджеттік тұрғыдан да, қоғамдық қажеттілік тұрғысынан да сұрақ туғызатын қажетсіз іс.
Қазіргі таңда Ассамблеяның қарамағында Мәдениет және ақпарат министрлігінде этносаралық қатынастарды дамыту комитеті, "Республикалық Қоғамдық келісім" мемлекеттік мекемесі мен барлық өңірлерде құрылған "Қоғамдық келісім" МҚКК мен "Достық үйлер" бар.
Оның үстіне өңірлердегі ішкі саясат басқармаларында этносаралық қатынастарды дамыту бөлімдерін қосып қойыңыз. Бұл не деген алып күш?
Сондықтан да жергілікті ішкі саясат басқармалары нақты идеологиялық жұмыспен айналысудың орнына Ассамблеяның тапсырмасын орындаумен күндері өтіп жатыр.
Түрлі форумдар, жиындар Президент азайтыңдар деген сайын көбеймесе азайған жоқ.
Жаңа жылдың алдында Ассамблея барлық қоғамдық келісім мекемелерінің, ішкі саясаттың өкілдерін жиып төрт сағаттық телемост өткізіп, есеп тыңдап, баяндама жасатты.
Президенттің өзі халықтың уақытын өйтіп зая кетірмейді.
Ассамблея әр өңірдегі мәдени және қоғамдық шараларға белсенді араласумен шектелмей, жергілікті билік пен мемлекеттік құрылымдарға ықпалын арттыруда.
Бұл әрекеттердің барлығы мемлекеттік басқару принциптеріне қайшы келетін, үй ішінен үй тігіп, ортақ шаңырақ, ортақ Отан, ортақ мемлекет деген ұғымды тас-талқан етіп отыр.
Сондықтан Президент кешегі өткен Құрылтайда Ассамблеяны "Халық кеңесіне" қосып, Парламенттегі квотасын алып тастау туралы ұсынысын толығымен қолдаймыз.
Осыған байланысты нақты ұсыныстарым:
1.Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздегі идеологиялық жұмыстардың орталығы болғандықтан "Этносаралық қатынастарды дамыту комитетін" қысқартып, "Қоғамдық-саяси жұмыстар департаменті" етіп қайта құруды;
2.. Ассамблея хатшылығын Президент әкімшілігінен шығарып, "Қоғамдық-саяси жұмыстар департаментінің" қарамағына беру ді;
3. "Қоғамдық-саяси жұмыстар департаменті"н"Халық кеңесінің" жұмыс орғаны етіп белгілеуді;
4. "Республикалық қоғамдық келісім" ММ және оған қарасты барлық қоғамдық келісім мекемелдерін жабуды;
5. Өңірлерде ашылған "Достық үйлерін" мәдениет басқармаларының қарамағына беруді және "Достық үйі" статусын сақтауды;
6. Ассамблеяның бақылауында тұрған мәдени және қоғамдық шараларды қайта қарау, бюджеттік және әлеуметтік тиімділік тұрғысынан тексеруді;
7.Этностаралық мәдени шараларды ұйымдастыруды жергілікті мәдениет басқармаларына беруді;
8. Өңірлердегі ішкі саясат пен иедологияға жауапты мекемелердің атауларын біріздендіріп "ішкі саясат басқармасы" деген атауды қалдыруды;
Себебі кейбір өңірлерде "Қоғамдық даму басқармалары" деп аталады.
9. Қазақстан халқының біртұтас ұлттық идеясын насихаттайтын "Бір мемлекет, біртұтас ұлт" мемлекеттік концепциясын қабылдауды және соны алдағы 5-жылдықта жүзеге асыруды;
10.Ұлттық саясат саласындағы бағдарламалық құжаттарды әзірлеу функцияларын уәкілетті мемлекеттік органның немесе Президент Әкімшілігі жанындағы Орталық ведомствоаралық платформаның Президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің (ОВП АП) құзыретіне беруді ұсынамын.
Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі институты сақталса қоғамдағы этносаралық теңгерімді бұзып, біртұтас ұлттық идеяны жалпы идеологияны әлісіретеді және ұлтқа бөлінушілікті күшейтеді.
Дегенмен, Президент ұсынысын толық қолдай отырып, "Халық кеңесі" құрамында Ассамблеяның ендігі жұмысын құрылымдық және заңнамалық реформалар арқылы осы институтты қоғам игілігіне бағыттау, ұлттық бірлікті нығайту және мемлекетшілдік идеясын күшейтуге бағыттау мүмкіндігі бар.
Елдің барлық этностары мен қазақ халқы бір шаңырақ астында "Біртұтас мемлекет құруға ұмтылса", бұл Қазақстанның тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді дамуы үшін шешуші фактор болмақ.
Мемлекет пен қоғам арасында үйлесімді байланыс орнатып, нақты реформаларды іске асыру – біртұтас, берекелі, тұрақты келешегі кемел Қазақстанның дамуына кепілдік беретініне кәміл сенемін.
Бәріміздің арманымыз дамыған, еркін Қазақстан.
Оған жету үшін бірлік, береке керек.
"Төртеу түгел болса төбедегі келеді"- деген.
Түгел болайық, ағайын!
Баяжума Асылбек,
Саясаттанушы, журналист