Munarmedia.kz 22.01.2026 /Астана/-АҚШ Президенті Дональд Трамп 16 қаңтарда жаңа халықаралық құрылым – Бейбітшілік кеңесін (Peace Council) құру туралы жариялап, оған 60-тан астам мемлекеттің басшыларын қатысуға шақырды. Олардың қатарында Қазақстан мен Өзбекстан президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев те бар.
Алайда шақырылған мемлекет басшыларының бұл құрылымдағы нақты рөлі әзірге беймәлім. Белгілі болғаны – мүшелік мерзімі үш жылмен шектеледі. Осы уақыт өткен соң қатысуды жалғастыру үшін 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде жарна төлеу талап етіледі.
Батыс басылымдары жаңа бастаманы жиі «Газадағы бейбітшілік кеңесі» деп атап жүр (Board of Peace for Gaza). Алайда бұл атау шартты ғана. Кеңестің жарғысында Газа секторы тікелей аталмайды.
Құжатқа сәйкес, Бейбітшілік кеңесі қақтығыстардан зардап шеккен аймақтарда:
өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге,
заңды басқару институттарын қалпына келтіруге,
«бейбітшілік орнатудың озық тәжірибелерін» таратуға жәрдемдесуді мақсат етеді.
Кеңес жарғысына қол қою 22 қаңтарда Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форум алаңында жоспарланған.
Сонымен қатар, Бейбітшілік кеңесімен қатар Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитет (NCAG) те жұмыс істейді. Оны Палестина ұлттық әкімшілігінің өкілі, Палестинаның жоспарлау жөніндегі бұрынғы вице-министрі Али Шаат басқарады. Комитеттің атқарушы комиссиясына АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, арнайы өкіл Стив Уиткофф, Трамптың кеңесшісі әрі күйеу баласы Джаред Кушнер, Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга және өзге де тұлғалар енген.
Бұдан бөлек, Газаның атқарушы комитеті (Gaza Executive Board) бар. Оның кейбір мүшелері Бейбітшілік кеңесінің құрылымдарында да қатар қызмет атқаратындықтан, ақпараттық шатасу туындап отыр.
Бұл бағыттағы негізгі тұлғалардың бірі – БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесі жөніндегі бұрынғы арнайы үйлестірушісі Николай Младенов. Сондай-ақ комитет құрамында Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан, Мысыр барлау қызметінің басшысы Хасан Рашад және басқа да ықпалды өкілдер бар.
Шығыстанушы Руслан Сүлейманов " Дональд Трамптың бұл бастамасына күмәнмен қарайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл – Трамптың «өзін әлем билеушісі ретінде сезінуі үшін құрылған қалта құрылымына» ұқсайды.
Сарапшы Газа мәселесін шешу үшін жердегі нақты жағдайды бақылап отырған күштермен – ХАМАС, «Палестиналық ислам жиһады» және басқа да қарулы топтармен келіссөз жүргізу қажет екенін атап өтті.
«Палестиналық радикалдармен келіссөзсіз, олардың ұстанымын ескермей – ұнай ма, ұнамай ма – кез келген басқару органы фикция болып қала береді. Ал ондаған елдің лидерлерін Кеңеске шақыру Трампқа тек өзінің беделін көтеру және жасанды қолдау көрсету үшін ғана қажет», – деді ол.
Мысал ретінде ол 2025 жылдың қазанында Шарм-эш-Шейхте өткен бейбітшілік саммитін келтірді. Оған шамамен 30 мемлекеттің өкілдері қатысқанымен, Газа мәселесін шешуге нақты серпін бермеген.
Таяу Шығыс бойынша тағы бір сарапшы Марианна Беленькая мемлекет басшыларының мұндай форматтарға қатысуы көбіне символдық сипатта болатынын айтады.
«Мемлекет басшылары жедел шешім қабылдай алмайды, себебі олар жиі жинала алмайды. Бұл – жылына бір рет бас қосып, кейбір идеяларды формалды түрде мақұлдайтын, мүмкін, қаржы бөлетін әдемі безендіру ғана. Ал нақты жұмысты Атқарушы комитет атқарады. Болашақта ол тек Газа емес, Украина сияқты басқа да қақтығыстармен айналысуы мүмкін», – дейді ол.
Халықаралық қатынастар саласының маманы Юрий Саруханян Бейбітшілік кеңесін БҰҰ-ның баламасы ретінде қарастыруға әлі ерте екенін атап өтті. Оның айтуынша, бастаманың форматы да, түпкі мақсаты да, тіпті толық іске қосылатыны да әзірге түсініксіз.
«Трамп – АҚШ саясатындағы уақытша фигура. Сондықтан оның американдық саяси құндылықтар жүйесіне кірмейтін идеялары, жоғары ықтималдықпен, өзі кеткен соң ұмыт қалады», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, егер ешбір ел тұрақты мүшелік үшін миллиард доллар төлеуге келіспесе, бұл бастама Трамптың өзіне де тез жалықтыруы мүмкін.
Қазақстан мен Өзбекстанның шақырылуына келсек, Саруханян мұны заңды құбылыс деп санайды. Ол бұл елдердің өңірлік көшбасшылығымен және Астана мен Ташкенттің өткен жылы Трамппен байланыс орнатуға ұмтылуымен байланыстырады.
Сонымен қатар, Еуропалық одақтастарымен қарым-қатынасы шиеленіскен жағдайда Трампқа өз бастамасына қатысуға дайын елдерді тарту маңызды.
«Жалпы алғанда, бұл Кеңес Қазақстан мен Өзбекстан үшін айтарлықтай пайда да, зиян да әкелмейді. Протоколдық кездесулерге формалды қатысу ешқандай ұзақмерзімді салдарға соқпайды», – дейді ол.
Сарапшы Астана мен Ташкентке артық лоялдылық танытпауға, ықпал ету ресурстары жоқ тақырыптарға терең араласпауға және тұрақты мүшелік үшін жарна төлеуді жоспарламауға кеңес береді.
«Бейбітшілік кеңесі – біздің елдер үшін үйреншікті тактиканы ұстанатын жағдай: асығыс қимыл жасамай, байқау және бақылау», – деп түйіндеді Юрий Саруханян.