«Теңізшевройл» мұнай жеткізілімдеріне форс-мажор жариялады

30

Munarmedia.kz 22.01.2026 /Астана/ Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі – Теңізде оператор болып саналатын «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясы мұнай жеткізілімдеріне қатысты форс-мажор жағдайын жариялады. Бұл туралы халықаралық Reuters агенттігі хабарлады.

Агенттік мәліметінше, шешім Теңіз кен орнында орын алған өрттен кейін қабылданған. 18 қаңтар күні GT-9.3 газтурбиналық қондырғысының трансформаторы өртеніп, соған байланысты компания сақтық мақсатында Теңіздегі және одан 20 шақырым жерде орналасқан Королевское кен орнындағы мұнай өндіруді 7–10 күнге уақытша тоқтатты.

Reuters бағалауынша, бұл жағдай Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты саналатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жеткізілімдердің уақытша қысқаруына алып келуі мүмкін. Айта кетейік, КҚК арқылы Қазақстаннан экспортталатын мұнайдың шамамен 80 пайызы тасымалданады.

Форс-мажор туралы хабардан кейін инвесторлар арасында ірі кен орындарының жұмысы ұзаққа тоқтап қалуы мүмкін деген қауіп күшейіп, әлемдік нарықта мұнай бағасы барреліне 65 АҚШ долларынан жоғары көтерілді.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің пікірінше, форс-мажордың себебі трансформатордағы өрттен гөрі, Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалындағы ұзаққа созылған техникалық проблемалармен байланысты болуы ықтимал.

«Кейін болды екен деп, соның салдары деу дұрыс емес. Газтурбиналық станциядағы трансформатор өртенгеннен кейін форс-мажор жарияланды. Бірақ бұл бір-бірімен тікелей байланысты оқиғалар емес. ТШО-да қосалқы станциялар да, резервтер де, мұндай жағдайларға арналған дайын сценарийлер де жеткілікті. Меніңше, 18 қаңтардан бергі өндірісті тоқтату КҚК-мен байланысты», – дейді сарапшы.

Оның болжамынша, егер Теңіздегі мұнай өндіру айдың соңына дейін тоқтатылса, бұл Қазақстан экономикасына елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені мұнай өндіру мен экспорттың қысқаруы – бюджетке түсетін салық түсімдерінің азаюы, елге келетін валюталық ағынның төмендеуі, тіпті теңге бағамының әлсіреуіне дейін алып келуі ықтимал. Сонымен қатар, Теңіздегі мәселелер мердігер компанияларға төлемдердің тоқтау қаупін де арттырады.

Бұған дейін КҚК теңіз терминалында украин дрондарының қараша айындағы шабуылынан кейін зақымданған алыс орналасқан айлақ құрылғысы жөндеуге келмейтіні белгілі болған еді. Қазір оны толықтай бөлшектеуге дайындық жүргізілуде.

Ал тағы бір айлақта жоспарлы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстар былтыр желтоқсанда аяқталуы тиіс болғанымен, әлі күнге дейін тәмамдалмаған. Қазіргі уақытта консорциум мұнайды үш айлақтың тек біреуі арқылы ғана тиеп жөнелтіп отыр.

Сарапшылардың айтуынша, осы факторлардың жиынтығы Қазақстанның мұнай экспортындағы тәуекелдерді күшейтіп, энергетикалық сектордағы ахуалды жіті бақылауды талап етеді.