Құлагер – қазақ тарихында қасіретті оқиғаның құрбаны болған ерен жүйрік. Иесі – атақты Ақан сері Қорамсаұлы. Серінің: «Құлагер шешең сұңқар, әкең тұлпар, Соғып ем дөненіңде сегіз арқар» немесе «Құлагер топтан озған жүйрігім-ай, Жарасар келте жібек құйрығың-ай» дейтін зарлы толғауында жырланатын жануар осы. Бұл тұлпар хақында дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров «Құлагер» атты поэма жазды.Тақырыпты тарқатып айтар болсақ, 1886 жылдар шамасында Арқаның атақты байы Сағынайдың асы Ереймен өңірінде өткен екен. Осы асқа үш жүздің баласы, одан қалды қырғыз манаптары шақырылып, келген қонақтарға үйір-үйір жылқы, отар-отар қой сойылып, арнап тігілген 500 үйді жағалата көл-көсір табақ тартылыпты. Астың соңында ат бәйгесі өтіп, оған аузымен құс тістеген небір тесік өкпе, жез тірсек тұлпарлар қатысып, қара жердің апшысын қуырып, жарысады. Ішінде Ақанның Құлагері де бар.
Бірақ осы аста Құлагер тұлпарға қастандық жасалады. Бұл оқиға туралы Ілияс ақын: «Қыспақ жол, Жыландының жырасында, Қақтығып бір-біріне ат тығылды, Жанасып Құлагерге қалғанында, Сақ етіп айбалтасы құланы ұрды, шапшып қан шекесінен шыр айналды, Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды», деп жырлапты.
Міне, содан бері 140 жыл өтіпті. Көбіміз бұған дейін «Құлагерді құлатқан Батыраш» деп келдік. Кейде басқаша пайым да айтылып жүрді. Мысалы, өнертанушы һәм сазгер Ілия Жақанов 1986 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Құлагерді жазым еткен Барақбайдың жендеті Ізбасқан» деген пікір білдірсе, зерттеуші Ықылас Ожай Құлагерді мерт еткен Барақбайдың шабарманы Бөрібай деп кесіп айтыпты. Әрі бұған Ақан серінің «Құлагер» әнінде әр шумақ сайын «Әй, Бөрібай-әй-әй-әй» деп қайталанатын өксік дәлел депті.
* * *
Хош, сонымен, біздің пайым басқа. Өйткені Ақанның өмір-тарихы һәм серілік өнерін бір кісідей зерттеген адам – академик Әлкей Марғұлан. Оған әртүрлі себеп болғаны анық. Соның негізгісі – ғалым 1945 жылы Ленинградта «Қазақ эпикалық аңыздарының тарихи негіздері» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды да, әрі қарай халқымыздың фольклоры мен ауыз әдебиетін зерттеуге көңілі ауады. Нәтижесінде, Әлекең ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі әнші-ақын, жыршы-күйші тұлғалар: Тәттімбет, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса туралы толыққанды ғылыми зерттеу еңбек жазады.
Бұлардың арасында Ақан сері Қорамсаұлы хақында жазған зерттеуі назар аударарлық: «Ақан серінің өмірін жүйрік білген Шоқанның інілері Махмет, Қоқыш, Мақы және Үкілі Ыбырайлар болған. Қоқышты мен студент кезімде Көкшетауда кездестіріп, Ақан туралы зерттеуімде айтылған ойлардың көбін сол кісіден естідім. Кейінірек Құлыш Уәлиханов пен Жауардан естідім. Ақан серіні бүгінде жақсы білетін оның жерлестері Әшімғали, Абдулла Айдарбеков, Науар Буланбаев, Разия, Қапар Досмағамбетов, Қасым Жандосовтар бар. Бұлардың барлығы Ақан сері үлгісінде тәрбие алған, арабша жақсы білетін, көзі ашық, халық ақындары. Ақан серінің қандай аста, қандай жәрмеңкеде болғанын бұлар әлі ұмытпаған, оны көрген кісілерден қалғандар осылар. Ақан сері қайтыс (1913) болғанда Әшімғали – 27, Разия – 25, Абдулла – 24, Қасым 16-да болған. Осылардан естіп жазып алдым», дейді Әлкей Хақанұлы Ақан сері туралы естелігінде (Марғұлан Ә.Х. Шығармалары. -Алматы: «Алатау» баспасы, 2007. ІІ том. 84-б).
Жоғарыда аты аталған адамдардың Әлекеңе айтуынша, Көкшетау мен Атбасар төңірегінде Құлагердің алдына түсетін жылқы болмаған. Құлагер жүйріктің даңқымен Ақанның да абыройы артады. ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдары Қарақойын – Қашырлыда Сайдалының асы өтеді. Асқа орта жүз бен кіші жүздің небір жүйріктері қатысқан көрінеді. Бұлардың арасында адайдың текежаумыты, Арқада бәйге бермеген Саңырықтың құла бестісі, Батыраштың қоңыр төбелі бастатқан 300 жүйрік келіпті.
Кейін Әлкей Хақанұлы осы аста болған Батыраштың қызы, 90 жастағы кейуана Қалиман мен Батыраштың ағасы Жүніске 1967 жылы жолығып, олардың да көрген-білген дүниелерін хатқа түсіріпті. Жүністің айтуынша, бұл әулет Ақанды және оның Құлагерін жақсы білген. Жоғарыдағы Сайдалының асында Батыраш Ақанның Құлагерін көріп, оның қасынан кете алмай айналсоқтай беріпті. Ақан екеуі ат жаратып бәйгеге қосу туралы ұзақ әңгімелесіпті. Батыраш айтады: «Ақан, сенің қызың бар екен, менің ұлым бар, құда болайық» деп оның қарғыбауына Құлагерді сұрайды. Батыраштың бұл сөзі Ақанның намысына тиіп: «Әрі қызымды, әрі атымды беріп бүйтіп құда болғанша жай жүргенім артық емес пе?», депті.
Арада бірнеше жыл өткенде Ереймен тауының теріскей бөктерінен ағатын Сілеті өзенінің бойында қырдағы алпауыттың бірі Сағынайдың асы болады. Бұл асқа қырдың бес дуан елінен 325 ат келген екен. Осы аста аттың алдынан қарауылға шыққан болып тасаланып тұрған Батыраштың кісілері көп жүйріктің алдында келе жатқан Құлагерді көлденеңнен келіп соққанда, алыстан мойын созып танаулап келе жатқан жүйрік мұрттай ұшады.
Құлагерге келіп соқтыққан Қараөткел (Ақмола) қаласында алыпсатарлықпен айналысқан саудагер Нұрпейіс Жантас баласы екен. Қатты соққыдан Нұрпейістің өзі ат-матымен ұшып түсіпті. Оның аты біраз талып жатып есін жинайды. Құлагер сол жерде өледі. Ашуланған халық Нұрпейісті алқымдап, билердің тергеуіне беруді сұрайды. Батыраш сыр білдірмей тұрып қалады. Дүниесі көп саудагер қала ұлықтарын арқа тұтып, жазадан құтылып кетеді.
Бұған риза болмаған халық өздері кек қайтаруға бекініп, Нұрпейіс кешке жақын Қараөткелдегі ноғай моласының қасынан өте бергенде моланың ішінде жасырынып отырған мерген жігіт үні шықпайтын мылтықпен атып, қалпақтай түсіреді. Жұрт у-шу болып жатқанда қас қарайып түн болады. Бірер сағаттан кейін келген полиция кім атқанын таба алмайды. Қаланың кейбір саудагерлері Нұрпейісті атқызған қалада тұратын қанжығалы Айтпай қажы деп жала жабады. Халық болса Нұрпейістің өлгеніне риза болып, оны көрге саларда «іздегенің осы еді, енді көріңде өкір» деп лағынет айтады.
Ал Құлагерден айырылған Ақан жапан түзде өліп жатқан тұлпардың басына бір түнеп, оның басын құшақтап, көз жасы бұршақтап:
«Жануар, Құлагерім, қолдан кетті,
Дұшпанның қастығынан қаза жетті,
Қаржас боп, қанжығалы, керей, алтай,
Қуандық, сүйіндік боп намыс кетті,
Тамам жұрт көтермекке аттанғанда,
Алдыңнан қарсы бармай маған нетті?» – деп зарлайды. Ертеңінде Құлагер құлаған Аққусақ көлінің жағасына тұлпарын жерлейді. Бірнеше жыл өткен соң өнерді қадірлей білетін Жүсіп төре Құлагердің басына тас үйгізіп, шағын оба тұрғызады. 1931 жылы «Құлагер» поэмасын жазу үшін осы өлкеге келген ақын Ілияс Жансүгіров Құлагер жерленген обаны көріп, дәл қасына ұзын діңгек қақтырады. Кейін бұл обаны өлкетанушы Әшірбек Бектасов іздеп келіп, діңгектің орнына бітік қанаттас орнатып кетіпті.
https://egemen.kz/