Бір үкімнің салмағы – бір адамның тағдыры ғана емес

31

Munarmedia.kz 01.08.2026 | ASTANAАқтөбе облысында болған оқиға қоғамда сот пен тергеу жүйесінің жауапкершілігі туралы маңызды сұрақтарды қайта көтерді.

33 жыл бойы бір адамның жылқысын бағып келген 60 жастағы азаматқа алғашында 100 жылқы ұрлады деген айып тағылып, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған шамамен 30 миллион теңге көлемінде материалдық шығынды өтеу міндеттелді.

Алайда кейін апелляциялық сот істі қайта қарап, бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, азаматты сот залынан босатты. Сот талқылауы барысында жоғалған мал саны 100 емес, бір ғана жылқы болғаны анықталғаны айтылды.

Бұл жағдай бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас құқық қорғау жүйесінің жұмысына қатысты маңызды сауалдарды туындатады.

Егер апелляциялық саты істің мән-жайын өзгеше бағалап, үкімнің күшін жойса, онда қоғам заңды түрде: тергеу барысында дәлелдемелер қалай жиналды, прокурор қандай дәлелдерге сүйенді және бірінші сатыдағы сот қандай негізде осындай шешім қабылдады деген сұрақтарды қоюға құқылы.

Әрине, апелляциялық соттың шешімі бірінші сатыдағы судьяның немесе прокурордың міндетті түрде заң бұзғанын білдірмейді. Дегенмен мұндай жағдайда қызметтік тексеру жүргізіліп, қабылданған процестік шешімдердің заңдылығы мен негізділігіне құқықтық баға берілуі қоғамдық сенімді нығайту үшін маңызды.

Өйткені сот төрелігінің басты өлшемі – азаматтардың оған деген сенімі. Бір қате немесе жеткілікті негізделмеген үкім бір адамның ғана өміріне емес, бүкіл құқықтық жүйенің беделіне әсер етеді.

Қазақстан өзін "Әділетті Қазақстан" қағидатына негізделген құқықтық мемлекет ретінде дамытуға ұмтылып отыр. Бұл ұстаным ең алдымен құқық қорғау органдарының, прокуратураның және соттардың қызметінен көрінуі тиіс. Заң үстемдігі тек жаңа заңдар қабылдаумен өлшенбейді. Ол – әділ тергеу, тәуелсіз сот және қабылданған шешімдер үшін нақты жауапкершілік қағидаттарының сақталуы.

Соңғы уақытта құқық қолдану тәжірибесіне қатысты қоғамда түрлі сұрақтар туындап келеді. Мәселен, 65 жастан асқан жүргізушілердің медициналық тексеруден өту тәртібіне байланысты мемлекеттік органдардың әртүрлі түсіндірмелері азаматтардың арасында түсінбеушілік тудырды. Мұндай жағдайлар мемлекеттік институттардың ашық, нақты әрі бірізді ақпарат беруінің маңызын көрсетеді.

Заңға құрмет тек азаматтан ғана талап етілмеуі керек. Мемлекеттің өзі де заңды дәл, ашық және әділ қолдануға міндетті. Өйткені әділетсіздікке уақытында құқықтық баға берілмесе, оған деген қоғамдық төзімділік қалыптасып, құқықтық мемлекет қағидаттарына нұқсан келеді.

Сондықтан қоғамды алаңдатқан мұндай істер бойынша тек сот шешімінің өзгеруімен шектелмей, процестік әрекеттердің заңдылығына жан-жақты талдау жасалуы қажет. Бұл кінәліні іздеу үшін емес, азаматтардың құқықтарының қорғалуына деген сенімді күшейту үшін маңызды.

Қазақстандағы сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Құқықтық мемлекеттің басты қағидаты – әрбір мемлекеттік органның өз шешімі үшін жауап беруі және әрбір азаматтың әділ сотқа қол жеткізуіне кепілдік берілуі.

Баяжума Асылбек
Саясаттанушы