Munarmedia.kz 01.08.2026 | ASTANA Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданындағы Ақбұлақ ауылы маңында өнеркәсіптік көлемде заңсыз алтын өндірген топтың қызметі тоқтатылды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің және табиғат қорғау прокуратурасының бірлескен іс-шарасы барысында құрамында 30-дан астам адам болған қылмыстық топ ұсталды. Күдіктілердің арасында Қытай Халық Республикасының азаматтары да бар.
Тергеу мәліметінше, заңсыз кен өндірушілер бағалы металды ешқандай рұқсат құжаттарынсыз өндіріп келген. Олар жүргізген жұмыстар геологиялық барлау ретінде бүркемеленген.
Тінту барысында 6 карьерлік жүк көлігі, 4 шынжыр табанды экскаватор, бір фронтальды тиегіш, сондай-ақ алтын құрамды кенді өндіруге және жууға арналған екі өнеркәсіптік кешен тәркіленді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл заңсыз өндірістің кең ауқымда әрі өнеркәсіптік деңгейде жүргізілгенін көрсетеді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сәйкес, алтын құрамды кенді заңсыз өндіру және өңдеу жұмыстары жалпы аумағы 30 гектар жер телімінде жүргізілген. Соның салдарынан қоршаған ортаға елеулі залал келтірілген. Атап айтқанда, топырақтың құнарлы қабаты бүлініп, табиғи жер бедері бұзылған және өзен арнасы өзгеріске ұшыраған.
Ведомство қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл өңірдегі заңсыз алтын өндіруге қатысты алғашқы оқиға емес. Осыдан бір ай бұрын Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында полиция қызметкерлері алтынды заңсыз өндіру және заңсыз айналымға шығарумен айналысқан топтың қызметін әшкерелеген болатын. Сол кезде 63 адам ұсталып, олардың арасында қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен жетекшілері болған. Тінту кезінде арнайы техника, ірі көлемдегі ақша қаражаты, оның ішінде 40 мың АҚШ долларынан астам қаржы, алтын құрамды шикізат пен алтын тәркіленген.