Munarmedia.kz-25.11.2026ж/Астана/-Еуропалық одақ Қытайдан гибрид автокөліктер импорттауға уақытша шектеу енгізеді. Бұл шешім еуропалық автомобиль өндірушілерін қорғау және жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында қабылданған.
Bloomberg агенттігінің Еурокомиссия қаулысына сілтеме жасап хабарлауынша, 2026 жылғы 1 желтоқсаннан 2027 жылғы 18 маусымға дейін ЕО елдеріне Қытайдан 191 780-нен аспайтын гибрид автокөлік әкелуге рұқсат беріледі. Белгіленген квота таусылған жағдайда импорт тоқтатылады.
Бұған дейін ЕО мен Қытай жыл сайынғы жеткізілім көлемін 350 мың автокөлікпен шектеу жөнінде келісімге келген. Бұл тәртіп төрт жыл бойы қолданылып, импорт квотасын жыл сайын 6 пайызға арттыру көзделген.
Шектеу басқа елдерге де қатысты болады. 2027 жылғы 18 маусымға дейін Жапониядан – 171 мың, Түркиядан – 126 мың, Ұлыбританиядан – 105 мың, Оңтүстік Кореядан – 68 мың, АҚШ-тан 18,5 мың автокөлік әкелуге рұқсат етіледі.
Еурокомиссия Қытайдан келетін химиялық өнімдер мен өнеркәсіптік жабдықтарға да осындай шектеулер енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
#ЕО #Қытай #Автонарық #Экономика #Munarmedia





