Munarmedia.kz-25.11.2026ж/Астана/-Германияның Audi автоконцернінің Қытайдың Чанчунь қаласындағы зауыты айына небәрі 2–3 күн жұмыс істеп тұр. Құны 2,5 млрд еуроға салынған кәсіпорын жылына 150 мың автокөлік шығаруға есептелген. Алайда сұраныс күткен деңгейге жетпеген. Бұл туралы Handelsblatt басылымы хабарлады.
Зауытта Q6 e-tron және A6 e-tron электрмобильдерін өндіру 2024 жылдың соңында басталған. Бірақ 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында небәрі 7641 көлік сатылған. Жылдық өндіріс көлемі 10 мыңнан аспайды деп күтілуде. Осылайша кәсіпорын қуатының 10 пайызына да жете алмай отыр.
Басылым дерегінше, зауыттың 2026 жылғы шығыны шамамен 500 млн еуро болуы мүмкін. Шығындарды қысқартуға қарамастан, кәсіпорын ай сайын 30 млн еуро жоғалтып отыр. Кейбір жеткізушілер төлемдердің кешіктірілуіне тап болған.
Зауыт Audi мен Қытайдың мемлекеттік FAW концерні құрған бірлескен кәсіпорынға тиесілі. Қазір Volkswagen Group оның болашағына қатысты бірнеше нұсқаны қарастыруда. Олардың қатарында жаңа модельдер шығару, қытайлық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту және зауытты толық жабу да бар.
#Munarmedia #Audi #Volkswagen #Қытай #Автоөнеркәсіп #Экономика





