Ресей азаматтарының Қазақстанға қоныс аударуы ұлттық қауіпсіздікке әсер етпей ме?

61

Munarmedia.kz 01.08.2026 | ASTANAСоңғы жылдары Қазақстанға Ресейден қоныс аударушылардың саны айтарлықтай өсті. 
Бір деректерде миллионға жетті деседі.
Бірі соғыс пен мобилизациядан қашып келсе, енді бірі бизнесті дамытуға немесе жайлы өмір сүруге мүмкіндік іздейді. Әлеуметтік желілерде Қазақстанның табиғатын, қауіпсіздігін, цифрлық қызметтерін, банктерінің ыңғайлылығын мақтап жүрген азаматтарды жиі көреміз.
Бұл – бір жағынан еліміздің инвестициялық тартымдылығының көрсеткіші. Алайда кез келген мемлекет сияқты Қазақстан да көші-қон мәселесіне тек гуманитарлық тұрғыдан емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарауға міндетті.
Ертең елімізге миллиондап орналасып алған көршілер референдум өткізіп, Солтүстікті қайтарып аламыз десе не істейміз?
Бұл соғысты желеу етіп, Қазақ жеріне орыстарды қаптатып отырған Кремльдің саясаты емес пе деген ой келеді.
Бұл әрине менің жеке пікірім.
Бұл жерде басты сұрақ жаппай өзге ұлттардың көші-қонына рұқсат беріп,өз қазағымызды шектеп жатқан азаматтар қай мемлекетке қызмет жасап жүр деген ой келеді.
Осы келіп жатқан көршілерді ертең Қазақстанның заңдарына сай қатаң бақылар ұстау қолынан келе ме?
Кеше ғана мақаламда жазғанымдай этникалық қазақтарды Қазақстанға қабылдаудың жедел әрі шағын талаптары болу керек.
Ал көрші елдерден келетін орыс, қытай азаматтарына талап күшейтілгені жөн деп едік.
Тыңдар құлақ болса...
Әйтпесе Тәуелсіздігіміз 35-40 жылмен бітіп қалып жүрмесін.
Құдай сақтасын!
Бірақ осылай өз қазағына өктемдік жасап, өзгенің алдында құрдай жорғалап жүргенде құрып кетуіміз оп-оңай...
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекет әлсіз болғандықтан емес, көші-қон саясаты әлсіз болғандықтан қиындықтарға тап болады.
Мәселен, Германия 2015 жылдан кейін миллионнан астам босқынды қабылдады.
Кейін интеграция, еңбек нарығы, қоғамдық қауіпсіздік және әлеуметтік шығындарға қатысты көптеген мәселе туындады.
Соның нәтижесінде Берлин көші-қон заңдарын қайта қатаңдатуға мәжбүр болды.
Франция, Швеция, Нидерланд сияқты мемлекеттер де заңсыз көші-қонның ұлттық қауіпсіздікке әсерін ашық талқылап келеді.
АҚШ-та шекара қауіпсіздігі бірнеше президенттің басты саяси тақырыбына айналды.
Польша мен Балтық елдері Ресеймен шекаралас мемлекет ретінде көші-қон мәселесін ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланыстырады.
Демек, көші-қонды бақылау – ұлтшылдық емес.
Бұл – тәуелсіз мемлекеттің қалыпты қызметі.
Қазақстандағы алаңдаушылықтың да өзіндік себептері бар.
Соңғы жылдары Ресейдің кейбір саясаткерлері мен идеологтары Қазақстан туралы түрлі арандатушылық мәлімдемелер жасады.
Мұндай сөздер қоғамда сенімсіздік тудырмай қоймайды.
Украинадағы соғыс та көптеген мемлекетке үлкен сабақ болды. Сондықтан бүгінгі күні әлемнің кез келген елі демографиялық өзгерістерге, ақпараттық ықпалға және көші-қон процестеріне бұрынғыдан әлдеқайда сақ қарайды.
Әрине, Қазақстанға келген барлық Ресей азаматтарын қауіп ретінде қарастыруға болмайды.
Керісінше, олардың басым бөлігі – қарапайым адамдар.
Олар бейбіт өмір сүргісі келеді, жұмыс істейді, кәсіп ашады, балаларын тәрбиелейді.
Мұндай адамдар Қазақстан заңдарын құрметтеп, қоғамға пайдасын тигізсе, ешқандай мәселе жоқ.
Дегенмен Вьетнам, Тайланд, Түгэркияла көшеде араққа тойып алып, айғай сап күш көрсетіп тұрған көршілерді көргенде мәдениетсіз халық екенін көресің.
Көресің де қорқасың...
Ертең біздің ұрпаққа қандай үлгі көрсетеді деп шошисың.
Алайда мемлекет кез келген тәуекелді алдын ала есептеуге міндетті.
Себебі қазіргі заманғы геосаясатта ықпал ету тек әскери күшпен жүзеге аспайды.
Америкалық саясаттанушы Джозеф Най енгізген «жұмсақ күш» (Soft Power) тұжырымдамасы бойынша мемлекеттер мәдениет, ақпарат, тіл, білім және қоғамдық пікір арқылы да өз ықпалын жүргізе алады.
Сондықтан демографиялық өзгерістер, ақпараттық кеңістік, қоғамдық көңіл күй – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды элементтеріне айналды.
Қазақстан дәл қазір өзінің ұлттық бірегейлігін қалпына келтіру кезеңінде тұр.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тарихи сананы жаңғырту, ұлттық мәдениетті дамыту – тәуелсіздікті нығайтудың маңызды бағыттары.
Бұл үдеріс ешбір ұлтқа қарсы емес. Бұл – кез келген тәуелсіз мемлекеттің табиғи дамуы.
Сондықтан Қазақстанға тұрақты тұруға келген әрбір азамат еліміздің заңдарын сақтап, мемлекеттік тілді үйренуге ұмтылып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуі қажет.
Бұл талапты шетелдіктер үшін күшейту керек.
Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыпты талап.
Адамдар Ұлыбританияға барса – ағылшын тілін, Германияға көшсе – неміс тілін, Францияға барса – француз тілін үйренуге тырысады.
Қазақстанда да дәл сондай қағида болуы керек.
Ол үшін сервис яғни қызмет көрсету саласы қазақ, ағылшын тіліне көшу керек.
Мысалы, неліктен Ресейге жұмыс істеуге барған адамдарды көбіне «гастарбайтер» деп атайды, ал Қазақстанға келгендерді «релокант» немесе «экспат» деу сәнге айналды?
Шын мәнінде, олардың құқықтық мәртебесі бірдей – олар шетел азаматтары.
Сондықтан заң бәріне бірдей қолданылуы тиіс.
Олар да гастарбайтерлер.
Менің ойымша, Қазақстан көші-қон саясатын қайта қарап, көші-қон полициясының мүмкіндіктерін күшейткені жөн.
Шетел азаматтарының (Ресей, Қытай) елге келуі, тіркелуі, еңбек қызметі және заң талаптарын сақтау мәселесі тұрақты бақылауда болуы қажет.
Ал шетелдегі этникалық қазақтарға басқа ереже қолданылуы керек.
Бұл – ешкімнің құқығын шектеу емес. Бұл – мемлекеттің өзінің конституциялық міндеті.
Бүгінде көптеген дамыған ел дәл осындай саясат ұстанады.
Сонымен қатар Қазақстан қандастардың тарихи Отанына оралуына басымдық беруі тиіс.
Өйткені әлемнің әр түкпірінде миллиондаған этникалық қазақ өмір сүреді.
Олар қазақ тілін, салт-дәстүрін сақтап қалған. Сондықтан көші-қон саясатында ұлттық мүдде бірінші орында тұрғаны дұрыс.
Қазақстан ешқашан жабық мемлекет болмауы керек.
Қазақ халқы қонақжайлығымен танылған халық.
Бірақ қонақжайлық пен мемлекеттік жауапкершілікті шатастыруға болмайды.
Кез келген тәуелсіз мемлекет ең алдымен өзінің ұлттық қауіпсіздігін, қоғамдық тұрақтылығын және азаматтарының мүддесін қорғайды.
Бұл – халықаралық құқықта мойындалған қағида.
Қазақстан мен Ресей тату көрші, стратегиялық серіктес болып қала бергені екі елдің де мүддесіне сай.
Ал мұндай достықтың басты шарты – бір-бірінің егемендігін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де құрметтеу.
Қазақтың: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген даналығы бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Әр халық өз мемлекетінің дамуына үлес қосып, өз елінің гүлденуіне қызмет еткенде ғана әлемде тұрақтылық пен бейбітшілік нығаяды.
Сондықтан да "Байтақ" партиясына дауыс беріңдер.
Құрылтайда біз бұл мәселені көтеретін боламыз және нәтижеге қол жеткенше күресеміз.
Баяжума Асылбек
Саясаттанушы