Munarmedia.kz 01.08.2026 | ASTANA Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды тарихи Отанына шақырып келді.
Сонау 1991 жылы алғашқы көш басында атажұртқа, қара шаңыраққа қайта оралған едік.
35 жыл өтті.
Елмен етене араласып, қыз берісіп, қыз алысып, туыстық қарым-қатынасымыз күшейіп,сіңісіп кеттік.
Көштің қарқыны күшейіп, миллионнан астам қандас елге оралды.
Олар халық санын көбейтті, қазақ тілінің аясын кеңейтті және шекаралық өңірлердің дамуына үлес қосты.
Елдің барлық саласында ел қатарлы білім алып, еңбек етіп, Қазақ елінің дамуына үлес қосып келеді.
Алайда соңғы жылдары көші-қон талаптарының қатаюына байланысты қоғамда алаңдаушылық күшейді.
Әсіресе Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран, Пәкістан және Түркия сияқты елдерден келетін қандастар үшін жаңа талаптар үлкен қиындық туғызуда.
Үш министрдің сүйкей салған бір беи қағазы қазақтың болашағына балта шапты десек артық болмас.
Ең көп айтылып жүрген мәселенің бірі – азаматтық алу кезінде қазақ тілінен тест тапсыру, азаматтық алудың ұзаққа созылып, бюрократиялық кедергілердің күшеюіне әкелді.
Бір қарағанда бұл дұрыс талап сияқты көрінеді. Мемлекеттік тілді білу – әрбір азамат үшін маңызды.
Бірақ шетелдік этникалық қазақтар ана тілін жергілікті қазақтан артық білмесе, кем білмейді.
Бірақ мәселенің екінші жағы да бар.
Қытайдағы немесе Ауғанстандағы қазақтардың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді.
Олар ана тілін жақсы біледі.
Бірақ кирилл әліпбиін қолданбайды.
Бірі араб жазуымен, бірі төте жазумен, енді бірі латын графикасымен білім алған.
Сондықтан олар қазақ тілін білмегендіктен емес, кирилл қарпін оқи алмағандықтан тесттен өте алмай жатады.
Бұл – тіл мәселесінен гөрі әліпби мәселесі.
Осындай жағдайда көптеген қандас айлап, тіпті жылдап құжат рәсімдей алмай жүреді.
Кейбірі уақытын, қаржысын жоғалтып, келген еліне қайта кетуге мәжбүр болады.
Мемлекет неге талапты күшейтті?
Мемлекеттің де өз уәжі бар.
Қазіргі әлемде заңсыз көші-қон, жалған құжат, экстремизм, халықаралық қылмыс және геосаяси қауіптер күшейіп келеді.
Сондықтан кез келген мемлекет азаматтық беру тәртібін реттеуге тырысады.
Бұл тұрғыдан алғанда, көші-қонды бақылау – кез келген егемен мемлекеттің заңды құқығы.
Бірақ ұлттық мүдде қайда?
Мәселе қауіпсіздік шараларының өзінде емес.
Мәселе – олардың этникалық қазақтарға қалай қолданылып отырғанында.
Сөз жоқ елге келгісі келетін өзге ұлттарға қатысты шектеулер қойғанын қолдаймын.
Алайда Қазақстанға тек білімділер, сауаттылар ғана келу керек деген пікір мүлдем қайшы.
Әлемдік геосаясат өзгеріп, күнделікті мемлекетке қауіп төнуі мүмкін ескерсек, Қазақ халқының саны жылдам өсу қажеттігін де ескеру керек.
Өзгелерге ИИН сатып, "Казтестіні" ақшаға өткізіп беріп жүрген "сатқындар" туралы естіп жүрміз.
Ақпарат құралдарында айтылып, жазылып, ұсталып жатыр деген хабарлар тарауда.
Егер қазақ тілінде еркін сөйлейтін адам тек кирилл қарпін білмегені үшін азаматтық ала алмаса, онда бұл талап өзінің бастапқы мақсатына толық қызмет етіп тұр деп айту қиын.
Бұл жерде заңның мақсаты мен нақты нәтижесі арасында алшақтық пайда болуы мүмкін.
Көптеген елдер тарихи отанына оралған этникалық азаматтарға жеңілдетілген тәртіп қолданады.
Мысалы, Германия этникалық немістерге, Израиль еврей халқына, Польша шетелдегі поляктарға арнайы бағдарламалар ұсынады.
Өйткені олар мұны тек көші-қон емес, ұлттық саясат және демографиялық даму мәселесі ретінде қарастырады.
Қазақстан үшін де қандастар – жай ғана көшіп келушілер емес. Олар – қазақ ұлтының ажырамас бөлігі.
Бауырынан бас тартқан безбүйрек Өкіметтің мақсаты мемлекеттің табысына артық ешкімді ортақ қылмау.
Әлеуметтік саясатты дұрыс жүргізе алмағандықтан қандастардың мүгедектік, зейнетақы, жәрдемақы сұраушылар көбейеді деген қорқыныш, қызғаншақтық салдарынан осындай қадамға барып отыр деп топшылаймын.
Мемлекеттің басты капиталы халық. Адам ресурсы.
Ешқандай табиғи байлығы жоқ Оңтүстік Корея, Жапон, Сингапур елдерінің Өкіметі тиімді экономикалық-әлеуметтік саясат жүргізу арқылы адам капиталын пайдалана отырып дамыды.
Біздің елде адамның құны көк тиын.
Қаншама білімді азаматтар шетелге кетіп, есімдері әйгілі болып, жемісті еңбек етуде.
Егер мемлекет қауіпсіздікті күшейткісі келсе, оны ешкім жоққа шығармайды.
Бірақ этникалық қазақтарға арналған рәсімдер олардың нақты жағдайына бейімделуі тиіс.
Мысалы:
- қазақ тілін тек кириллмен емес, латын немесе төте жазумен де тапсыру мүмкіндігін қарастыру;
- этникалық қазақтарға бейімделген тіл және құқықтық бейімдеу бағдарламаларын енгізу;
- азаматтық алу рәсімін ұзақ бюрократиялық кедергілерден арылту;
- ұлттық қауіпсіздік тексерулерін сақтай отырып, артық әкімшілік тосқауылдарды азайту.
Тіпті қоғамда қандастарға қойылған шектеулерді қастандық деп атап жүргендер де бар.
Қоғамда мұндай пікірлер бар.
Бірақ дәлелсіз "қазақ көшіне жасалған қастандық" деп айту дұрыс болмайды.
Сонымен бірге, егер қабылданған талаптардың салдарынан тарихи Отанына келгісі келген қазақтар елге келе алмай, кері қайтып жатса, онда бұл саясаттың нәтижесін жан-жақты талдап, қажет болса түзету мемлекеттің де, қоғамның да ортақ міндеті.
Осыған жол берген Өкімет мүшелері лауазымдарын босату керек!
Қазақстанның басты байлығы мен табиғи ресурсы мен жері ғана емес, әлемге тарыдай шашылған қазақ халқы.
Егер қауіпсіздік пен ұлттық мүдде бір-біріне қарсы қойылса, екеуі де ұтылады.
Ал егер мемлекет қауіпсіздікті сақтай отырып, қандастарға қолайлы әрі әділ құқықтық жағдай жасай алса, онда елдің демографиясы да, экономикасы да, ұлттық бірлігі де нығая түседі.
Қандастар мәселесі – көші-қон мәселесі ғана емес.
Бұл – Қазақстанның болашақтағы ұлттық даму стратегиясының маңызды бөлігі.
Сондықтан мен Құрылтайға "Байтақ" партиясының құрамында саяси додаға түстім.
Құрылтайда бұл мәселені Өкіметке нақты ұсыныстармен жолдап, аянбай күресіп нәтижеге жеткізетін жолдарын елдегі көші-қон саласының мамандарымен бірлесіп отырып шешетін боламын.
"Байтаққа" дауыс беріңіздер!
Баяжума Асылбек
Саясаттанушы, публицист, журналист