Тәжікстанда жер заңнамасын бұзған 133 шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалды

74

Munarmedia.kz  01.08.2026 | ASTANА-Тәжікстанда жер заңнамасын бұзу және жер телімдерін заңсыз иемденуге байланысты 100-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы елдің Бас прокуроры Хабибулло Вохидзода мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында прокуратура органдары жер заңнамасын бұзуға байланысты 133 лауазымды тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тартқан.

– Олардың қатарында атқарушы билік органдарының 14 қызметкері, соның ішінде қала және аудан әкімдері орынбасарларының жетеуі бар, – деді Бас прокурор.

Сондай-ақ қылмыстық жауапкершілікке 7 сәулетші, жамағаттар, кенттер мен ауылдық әкімшіліктердің 29 қызметкері, жер ресурстарын басқару органдарының 52 маманы, диқан шаруашылықтарының 31 басшысы және архив қызметкерлері тартылған.

Бас прокурордың мәліметінше, аталған тұлғалардың барлығы жер телімдерін заңсыз иемдену процесіне тікелей қатысқан.

Хабибулло Вохидзода жер заңнамасын бұзу мәселесі елдегі ең өзекті құқықтық проблемалардың бірі болып қала беретінін атап өтті.

Бұған дейін Тәжікстанның Геодезия жөніндегі мемлекеттік комитеті де жер заңнамасының сақталуына жүргізілген бақылау қорытындыларын жариялаған болатын. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–маусым айлары аралығында республикада жер заңнамасын бұзудың 7,6 мыңнан астам дерегі тіркелген.