Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Дара жолы "Дендердің"

63


Өзіндік тарихы, өзгеге ұқсамас дара жолы, тағылымы бар Индер аудандық «Дендер» газеті тоқсаныншы белесіне келіп жетті. Аудан өмірінің үні болған басылым журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеп, өңір тұрғындарының рухани, мәдени, әдеби досы, серігі бола білді.

Жақында облыс орталығындағы Ғабдол Сланов атындағы әмбебап кітапханасында "Дендер" газетінің 90 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті. мызды өткіздік. Атыраудың ардақтылары Қатимолла Ризуанов, Рәшила Мүрсәлиева, Төлеген Жаңабаев, Бақтыбек Таубаев сынды басқа да игі жақсылар, әріптестер, журналистика факультетінің студенттері де қатысып, өнегелі әңгіменің тиегі ағытылды.

Әсіресе, мерейтойға орайластырылған көрмеге жиналғандар ерекше қызығушылық танытты. Конференцияны "Атырау-Ақпарат" медиа холдингінің бас директоры Нұрболат Елеусінов, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облысы филиалының басшысы, ақын Әлия Дәулетбаева құттықтау сөз сөйлеп ашып,  тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетов, қазақ журналистикасының қайраткері Сүйеу Халықов, "Дендер" газетінің тілшісі Жадыра Наримановалар әртүрлі тақырыпта газеттің өткені мен бүгінін байланыстырып, мазмұнды баяндама жасады.

Аз-кем анықтама: «ДЕНДЕР» газеті – аудандық қоғамдық-саяси басылым. 1934 ж. «Социалистік мал шаруашылығы» деген атаумен аудан орталығы Кулагино селосында жарық көрген. Алғашқы таралымы 1600 дана. Газет 1958 – 1962 жж. «Коммунизм туы», 1965 – 1993 жж. «Индер», 1993 жылдан бері «Дендер» атауымен шығып келеді. Тұңғыш редакторы, баспахана қызметін ұйымдастырушы, журналист Ғ.Аманғалиев. Газетке Ш.Молдабеков (1935), Қыстауов (1936), С.Ерғалиев (1940), Қ.Қарабалин (1946), І.Нұрқасымов 2-дүниежүзілік соғыс жылдарында редактордың орынбасары, кейін жауапты редактор ретінде қол қойған. Газетке Д.Шененов (1950 – 1960), Ғ.Сайханов (1960 – 1962), Ұ.Машанов (1965 – 1967), Т.Ысқақов (1967 – 1975), М.Шәріпов (1975 – 1976), І.Көпбаев (1976 – 1985), Е.Көшек (1985 – 1998), С.Базарбаев (1998 – 2004), С.Халықов (2004 – 2010), Н.Қошиев (2010, қараша – 2011, тамыз) бас редактор болған.



 Шынында да аудандық газет тек осы өңірдің ғана қамын жеген жоқ. Ондағы Абай, Шоқан, Исатай мен Махамбет туралы, өзге де тарихи-танымдық мақалалар тұтас қазақ қоғамын қамтыды. Ендеше ол газет неге аудандық деңгейде қала беру керек? Сондықтан облыс орталығындағы іс-шара көпшілік көңілінен шықты. 

 


 

Конференцияның көркем өтуіне атсалысқан әрі арнайы құттықтаған осы кітапхана директоры Сара Салахадинқызына, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры Саламат Нұрмұханұлы өңірлік медианың қоғамдағы орны, руханияттағы маңызы туралы ордалы ойларын ортаға салды. Газеттің келбеті, дизайны туралы жақсы ойларымен бөлісіп қана қоймай, оны келешекте одан да әдемі, мазмұнды етіп шығару туралы пікір-ойларымен бөлісті.






Расында қазіргідей қағаз бен бояудың, басқа да газет басылуына қажеттің бәрінің қымбаттаған шағында аудандық газеттің өз уақытында шығып тұруының өзі бір ерлік. Берекелі басылымның басшысы, Бас редакторлар клубының белсенді мүшесі, Атырау облыстық бас редакторлар клубының төрағасы, талантты журналист Жанай Амантурлин мырзаға және редакция ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Жүз жылдықтарыңызға талмай жетіп, қалың оқырмандарыңызды ақжолтай хабарлармен қуанта беріңіздер, әріптестер!


 

Мұратбек Тоқтағазин,

Қазақстанның Бас редакторлар клубының бірінші

вице-президенті, республикалық «Әділет.Рухани жаңғыру»

 газетінің бас редакторы