Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Ниқанбай Омарханов. «Іс тетігін кадрлар шешеді»

204


 

 

Құрметті оқырман! Бүгін біз Қарағанды облыстық әкімдігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі, мемлекеттік қызметтің ардагері,  Қарағанды облысының Ақтоғай, Нұра аудандарын басқарған Омарханов Ниқанбай Иманғалиұлымен сұқбаттасқан едік.

Ниқанбай Иманғалиұлы, сіз қазіргі тілмен айтқанда "Ескі Қазақстанның" құрамында  30 жылдан астам қызмет еттіңіз. Қазіргі кезеңмен салыстырғанда өзгеріс бар ма?

 

“Ескі Қазақстан” мен қазіргі Жаңа Қазақстанның айырмашылығы аса білінбейді. Орын алып жатқан өзгерістердің Жаңа Қазақстан орнатуға аса ықпалы да шамалы.  Әлеуметтік әділетсіздік, өндірісте болсын, ауылда болсын шешімін таппай жатқан түйткілді мәселелер, жоспарлы жұмыстардың жоқтығы, белең алып кеткен қымбатшылық, коммуналдық тарифтердің өсуі, инфляцияның  төмендемеуі, теңгенің құнсыздану , әділетсіз сайлаула , кадр саясатындағы әділетсіздік сияқты кемшіліктер көбеймесе азаймай тұр.

Президент Қ.Тоқаевтың - «Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ» деген басып айтқан сөзі неге орындалмайды ?. Үмітсіз шайтан дегендей , мемлекет басшысының 5 жыл бойы қолға алып жатқан ауқымды саяси реформаларынан үмітіміз үлкен , енді қалған 5 жыл мерзімінде айтқандары орындалып, іске асады дегенге сеніміміз ба , сенгеннен басқа лаж жоқ…

 

Сіз Қарағанды облысының Ақтоғай, Нұра аудандарын басқардыңыз. Сіздің түсінігіңізде  әкім деген кім? Оның жауапкершілігі қандай?

Әкім деген белгілі бір әкімшілік аумаққа жауапты және Президент пен Үкіметтің сол жердегі өкілетті өкілі.  Алайда соңғы  6-7 жылдың ішінде әкімдердің өкілеті де құзыреті де төмендеп кеткені қынжылтады. Бүгінгі әкімдерде өкілеттік пен құқықтан гөрі, жауапкершілік жүгі басым болып, Президент талмай айтып жүрген билікті орталықсыздандыру,  әкімдерге бюджеттік дербестік беру, билік салмағын төменге түсіру қағидатының орындалуы мардымсыз болып тұрғаны алаңдатады. Жауапкершілікпен бірге әрине басшыда құзырет те болу керек !

«Сонымен қатар аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын берген жөн деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет» деген тапсырмасын жедел іске асырмаса болмайды. Әйтпесе бүгінгі жағдайда  аудан әкімдеріне бағынатын ауданда бөлім-мекемелерде  қалмауға айналды.

 Әсіресе осыдан 3 жыл бұрын ойланбастан , бәлкім әдейі істелген шараның бірі аудандардың білім саласын облысқа бағындырып жібергені қателік деп есептеймін. Аудандағы қазіргі бар бөлімдермен қоса  төмендегідей дербес бөлімдер аудан құзыретіне қайтарылу керек :

Білім бөлімі ( МТБ мен білім саласының еңбек ақы төлеу мен кадр жүйесі);  

Аудандық салық басқармасы; 

Жергілікті полиция қызметі ( кадрлық және МТБ-ын қаржыландыру;  учаскелік полиция, жол полициясы, ювенальді полиция );

Еңбек және әлеуметтік қорғау бөлімі;

Коммуналдық ДЭУ, ПМК, Райкомхоз кәсіпорындарын ашу; 

Бұқаралық спорт бөлімі;

 Ветеринария бөлімі; 

Архитектура бөлімі. 

 

         Әкімдерді қандай принциппен таңдаған жөн?  Жас әкімдерге қандай ақыл кеңес берер едіңіз?

 

Әкім деген шаруашылыққа ыңғайлы, экономиканың ең болмаса бір саласын жетік білетін, белгілі бір тәжрибе жинақтаған, төменнен өскен  маман болғаны дұрыс. Қандайда басшы болмасын өз жұмысында ең бірінші идеологиямен, яғни ауыл- аудандағы моральді психологиялық хал ахуал, халықтың көңіл күйі, өтініш- шағымдарды талдауы, мекеме, бөлімдер мен тұрғындар арасындағы жанды байланыс, қоғамдық ұйымдар, күштік құрылымдар, депутаттармен қарым-қатынас сияқты мәселелермен үнемі, үздіксіз шұғылданып, аймақты жиі аралап, ауданның тыныс тіршілігін үнемі бақылауда ұстап отыру керек.  Әкімнің негізгі идеологиясы осы! Осы орайда өзімнің әріптестеріме, яғни мемлекеттік қызметте маңдай терін төгіп жүрген азаматтарға  айтқым келетіні:

Ешкімнің де жалшысы немесе анау айтқандай “слугасы” емессіңдер. Әрқайсымыздың мойнымызға жүктелген өз міндеттеріміз бар. Соны абыроймен орындау, халықтың сенімін ақтау парызымыз. Ешкімге ешкім міндетті емес. Бәріміз болашақ үшін, «Жаңа Қазақстанның» болашағы үшін жұмыс істеп жатырмыз.  Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл - туған халқының алдында жауапкершілік арқалау деген сөз. Әкім өз қызметінде жеке бақылауында ұстайтын екі басты мәселе бар - кадр таңдауы мен бюджет. Осы екі мәселені тікелей өзі қадағалап , өзіне жауапкершілік алса , көп мәселе оңынан шешілетін болады . Президент айтқандай - «Жаңа Қазақстанды құруда мемлекеттік қызметшілердің алатын орны ерекше,  мемлекеттік қызметші мемлекеттің айнасы, мемлекеттің табысты жұмыс істеуінің кепілі» болуына жағдай жасалуы керек.

Д. Қонаев атамыз айтқан,  өмірдің екі тірегі бар  «Үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау керек»

 

Әкімдердің қызметін қандай критерийлермен бағалау қажет? Қазіргі әкімдерге өз жұмысын толыққанды атқару үшін не жетіспейді?

 

Президентіміз айтқандай, аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру керек деп санаймын. Бұл, ең алдымен, сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Бұдан бөлек, жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керек.

Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелетінін,  аймақтардың табысты дамуына айрықша ықпал ететеді, ол өз кезегінде біртұтас мемлекетімізге тигізетін пайдасы мен  тиімділігін арттырады .

Әкімнің жұмысы бюджеттен бөлінген қаржыларды тиімді пайдалану мен бірге бірінші кезекте ауданға сырттан инвестиция тарту жұмысымен бағалану керек .

Естіп жүрміз , еліміздің оңтүстүк аймақтарында бұл мәселе жақсы дамып келе жатыр, мысалы Түркістан облысы Ордабасы ауданы әкімдігі сырттан инвестиция тарту арқылы Бадам ауылында 17 үлкенді кішілі заводтар салып , халықты 100%  толық жұмыспен қамтуды шешіп отыр . Дербестік басқарудың пайдасы осы .

Егер жергілікті бюджетті басқару құқығы ауданның өз еркіне қалса, сол аймақтағы  көптеген өзекті мәселені дер кезінде шешуге, қажетті жобаға қаржы тарту мүмкіндігін кеңейтуге жол ашылады.

Демек, аудан  шұғыл мәселені шешуге облыс,республикалық бюжеттен қаржы бөлінгенін күтпей, аудан еншісіндегі қазынадан қаржы ала алады деген сөз. Ауданның өз бюджеті құзырында болса, осындай маңызды мәселені уақытында шешуге, шұғыл әрекет жасауға мүмкіндік туар еді. Бұл ветеринария, абаттандыру, санитарлық тазалық, аудандық маңызды жолдарды жыл он екі ай баптап күту, қар тазалау, су тасқыны , ағымдағы жөндеу жұмыстары  секілді салаларға да қатысты ұсыныс. 

Ал бізде керісінше, Мемлекет басшысының биліктің ара салмағын орталықсыздандыру тапсырмасына қарсы , билікті орталыққа шоғырландыру саясатын үдете түсуде. Мысалға ауданның білім саласының облысқа бағынып кетуі , ауылдың білім саласын әлсіретті, материалдық техникалық базасын құлатты, сыбайлас жемқорлықты өршітті. Білім саласынан миллиардтап қаражаттар ұрланып жатыр. Бұл бұрын-соңды естімеген сұмдық.  Облыстан 300-500 шақырымдағы ауыл мектебінің қыстың күні қазандық  істен шықса, облысқа өтінім беріп, ақша бөлініп, тендер өткізіп әкелгенше не қалады ол мектептен? Былтырдан бері ондаған жыл қалыптасқан аудандық еңбекпен қамту, әлеуметтік қорғау бөлімі үшке бөлініп, аудан әкімі құзыретінен алынып, облыс, республикаға  бағынып кетіп, түсініксіз жағдайда қалып отыр. Еңбек инспекциясы республикаға кетті.

Бүгінде бейнелеп айтқанда, аудан әкімдері “статист” рөлінде қалып отыр, өйткені аудан бөлімдерінің 90 % облыс , республикаға бағынышты болып кетті, яғни әкімдердің құқықтары азайды, міндеттері мен жауапкершілгі бұрынғыдай қалды. Ауданның барлық жұмысын жоғары басшы да, халық та  әкімнен сұрайды. Әкімдер балға мен төстің ортасында «тауықтың сирағы сынса да” әкім жауапты. 
Атқарушы билік бұған дейін де жүктелген міндетті өз деңгейінде еңсеріп келді ғой, бюджетпен бұрыннан жұмыс істеп келе жатыр, тәжірибе бар
.

Бұл жерде тек басқару құқығын беру туралы сөз болып отыр. Облыс , республика бар билікті “ бауырына басып алғаннан ” жұмыстары жүріп кетпейді.  

Өз өкілеттіктермен төменгі жақпен де бөлісу керек.
Мәселен, аудан әкімдерін сайлау жүйесі енгізіліп жатыр. Мұның тиімді тұсы мен демократиялық ілгерілеуге бастар нәтижесі көп-ақ. Енді, міне, аудан бюджетін басқару да әкім еркінде болса, аудандардың жедел дамуына серпін беріп, автономды басқару жүйесіне бетбұрыс болар еді. Бұл – әлемдік тәжірибеде кең қолданылатын әдіс.

Жалпы әкім деген , Әлихан Бөкейхан атамыз айтқандай , “Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден ” деген үрдіспен жұмыс істеу керек . Егерде Әлекеңнің осы сөзіне тереңірек бойласақ , мінезді болу дегені ұрдажы , әумесерлік емес,  білімді де тәжрибелі болсаң, өз жұмысыңды білетін , толық игерген басшы болсаң әрине бетті,  ешкімнің алдында жалтақтамайтын мінезді де қайратты басшы боласың  деген сөз деп ұғынамын. Кезінде өзімнің басшылық қызметімдегі ең бірінші «атқарушы тәртіп» деген принципімнің дұрыстығына көзім жетті. Халықта қазір сол кездердегі тәртіп пен реттілікті аңсайды. Халық ісін орнына салуға көп ақыл, қажырлы еңбек, көп жылғы шебер істеген әдіс -тәжрибе  керек. 

 

 Әкімдерді жиі ауыстыра берудің салдары қандай?

 

Бұл да кейінгі жылдары  орын алып, үдеп бара жатқан  кадр саясатындағы тоқыраудың теріс салдары. Көріп жүрміз, тіпті кейінгі 2-3 жыл ішінде, кейбір азаматтардың сеніп берген ауданға ие бола алмай, “көкелерінің” ықпалымен облысқа көтеріліп, онда да жылға толмай жұмысын ақсатып , қайтадан басқа ауданға әкім болып жатуы бұл кадр саясатындағы өрескел трайбализм көрінісі !  Бұндай үрдісті кадрлық секіріс ойыны немесе ішінара келісім  ( кадровая чехарда или кадровый междсобойчик) деп атайды. Әрине бұл жерде жиі секіретін  “шегіртке басшысымақтардың” түгі де  қисаймайды, сорлайтын , қиыншылық салмағы түсетін қарапайым халық ! Әлеуметтік желілерде оқып отырмыз , кейбір облыстарда облыс әкімдерінің жанама тағайындаған әкімдеріне елдің  бірінен соң бірі, тіпті депутаттардың өзі қарсылық танытып жатқандары бұл кадр саясатындағы шиеленістің шырқау шыңына жақындап қалғанының белгісі . Бұл бірінші кезекте кадр таңдайтын басшының әлсіздігі немесе трайбализм жетегінде кетуі , егер басшы кадр саясатында өрескел қателіктерге жол берсе кейбіреулер оны кері  пайдаланып, ушықтырып, отқа май құя бастайды. Бұған әсте жол беруге болмайды ! Басшы, кадр таңдауда мина алаңында жүрген сапердай сақ болуы керек! 

Бүгінде екінің бірі айтып жүргендей елімізде кадрлық “аштық” емес кадрлық “ашаршылық” пайда болғаны жасырын емес. Қай саланы алсаңда ауданнан бастап облыс, республикаға дейін кадрлық вакансиялар көп болуы соның белгісі . Бұған кім , не кінәлі десек - ол атқарушы қатаң тәртіп пен реттіліктің жоқтығы, еңбек ақы төлеудегі қарама- қайшылық, мемлекеттік қызметтегі төменгі жалақы мен жоғары жалақы арасындағы еселеген алшақтық , әлеуметтік қолдау принципіндегі  әділетсіздік, кадр іріктеудегі трайбализм мен непотизм , облыс, аудан басшы кадрларын тағайындауға жоғарыдағы “көкелердің” “телефон құқығымен” араласуы, кадр саясатын реттеу үшін құрылған Мемлекеттік қызмет істер агенттігі мен оның департаментерінің құзыреттерінің төмендігі.

Президент бастаған тамаша үрдіс -Президенттік кадр резервінің логикалық жалғасы ретінде басталып жатқан өңірлік кадр резервін қалыптастырудағы шалағайлық, кадрларды іріктеу, орналастыру және тәрбиелеу принципінің жойылуы, соның салдарынан ұрпақтар сабақтастығының тоқырауға ұшырауы сияқты кері себептер көп ! Бүгінде кейбір сарапшылар айтып жүргендей кейінгі отыз жылда “жоғалған ұрпақ” ( потерянное поколение) пайда болды деп босқа айтып жүрген жоқ.

 

Әкім халықпен, қоғамның белсенді азаматтарымен көбіне байланыс жасағысы келмейді. Оларды "арызқой" т.б деп атап, белгілі бір топпен ғана жұмыс жасап жатады. Осы дұрыс па? 

 

Бұл басшының саяси қателігі!  Негізі ұлы бабаларымыз кезінде айтып кеткендей, «би болыста өкпе жоқ,  іші толы бауыр болып ,   тура биде туған жоқ, туған биде иман жоқ » дегендей, әкім деген сол халықтың әкесі де шешесі де болуы керек . Қисығы болсын, қыңыры болсын, “арызқой” болсын ол біздің адам, халықты бөле жаруға болмайды .

Әркіммен өз тілінде сөйлесіп,  шындықты жасырмай айтып, келген адам жыласа қоса жылап, күлсе бірге күліп, тіл табысып  жүрген басшының жұмысы да алға жүреді, халқы да тыныш болады . Жалпы әкім деген  қарамағындағыларға қатал , халқына жәйлі болса, халқы да алаңсыз өмір сүретін болады .

 

  Президент келесі жылдан бастап аудан, қала әкімдерін сайлауын өткіземіз деді. Алайда ауыл әкімдерін сайлау процессінде де шикіліктер өте көп шығады. Көбінесе обылстан немесе аудан әкімі нұсқаған адам ғана өтіп жатады. Осыған келісесіз бе? Жалпы әкімдерді сайлау туралы ойыңыз қандай ?

 

Әрине, бұл мәселеде жасырмайын күмәнымда, іштей қарсы болғанымда жасырын емес.  Бірақ Президенттің жасап жатқан ауқымды саяси реформалары аясында , оның ішінде кейінгі 2 жылдағы шикілікке толы  қолында ешқандай қаржылық, материалдық ресурсы жоқ, жартысынан астамы бір жыл істемей кетіп жатқан ауыл әкімдерін сайлау барысын зерттей  отырып байқағанымыз, "Ауыл әкімдерін сайлауға болады, бұл мұқият әрі жүйелі түрде қарастыруды талап ететін маңызды қадам. Бұл жүйенің қалай істейтінін нақты түсінуіміз керек” деген Президент тапсырмасы толық орындалмады.

Негізі қандайда болсын сайланатын лауазымның мүмкіндігіне  қызығушылық болу керек, яғни ол лауазымның белгілі бір қаржылық, экономикалық, материалдық, құқықтық әлеуеті болуы қажет. Сондықтан,  бүгінде өз басым аудан әкімдерін сайлаған дұрыс деп есептеймін. Әрине бірінші сайлауларда қайтсе де рушылдық, жершілдік орын алады , үміткердің қарым-қабылеті , білім- тәжрибесі емес қайтсе де кландық синдромы болады, кездейсоқ адамдардың өтіп кету де ықтималы жоғары. Бірақ “Сүттен аузы күйген суды үрлеп ішеді” дегендей , келешекте халық та дұрыс таңдау жасауға  еріксіз бетбұрыс жасайды .

 Бұндай жағдайдан әлемнің барлық елдері өткен , бізде осыдан өтуіміз керек, көш жүре түзеледі . Сайлау науқанының  әділ өтуі басты мәселе.  Сайлау науқанында билік тарапынан саяси адалдық пен әдептілік  қажет, яғни белден басқан жаттанды әкімшілік ресурсты тоқтатып, бір партияның үстемдігіне жол бермеу керек.

Егер қазіргі ауыл әкімдерін сайлаудағы қалыптасқан жағдайдағыдай қолында әкімшілік ресурсы бар «Аmanat партиясы» өктемдік жасап, облыс әкімдері партия мүшелеріне жоғарыдан бұйрық, пәрмен беріп, облыс ауданға, аудан ауылға тек «amanat»  мүшесі өту керек деген тапсырма жіберіп , өзін өзі ұсынғандар мен басқа партиядан түскендерді тіркетпеуден бастап , үгіт насихат кезінде жаппай бөгет жасап , дауысты ұрлау науқаны жалғаса берсе ондай сайлаудың еш мән- мағынасы болмайды.  Ел де “бәрібір түк шықпайды ” деген күдер үзушілік пиғылмен сайлауға да бармай қояды . Оған мысал , бұрындары сайлауға 30-40 % қана қатысқанда, сайлау науқанын 95 -98 % қатысумен ауыл халқы алып шығатын.  Қазір ауыл халқының  сайлауға қатысуы 40% тен аспай жүр. Бұл деген халықтың әділетсі , бір жақты сайлауға деген ішкі қарсылығы деп бағалау керек . Бұл билікті қатты алаңдату керек, үнемі өтірік мәлімет жасай берген жақсылыққа апармайды ! Халық пен биліктің арасындағы саяси алшақтық ұлғая берсе, қарапайым халық мүлдем  сайлауға  бармай қойса,  басыбайлы мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік сала қызметкерлерінің дауысы ештеңе шешпейді. Оны биылғы қанатқақты режимдегі  жекелеген аудан әкімдерін сайлау анық көрсетті. Сондықтан аудан әкімдерін сайлауда билік халықтықтың еркін таңдауына жол беру керек деп есептеймін, халық айтса қалт айтпайды,  қайтсе де дұрыс таңдауын жасайды. Өйткені аудан әкімдерін сайлау 500-1000 адамы бар бір ауылдың емес,  ол аудандағы ондаған мың тұрғындардың әлеуметтік -экономикалық  тағдырын шешетін жауапты саяси процесс екенін ел де түсінеді, саяси салғырттықтан арылады. Жалпы сайлаулардың әділ өтуіне бөгет болып тұрған әкімшілік ресурсты жою үшін,  біріншіден, 2020 жылы өзінің демократиялық тиімділігін көрсеткен, ойлағандары болмай бара жатқан соң Байбектің Нұротан жандайшаптары тоқтатып тастаған электронды “online” жүйесін қайта енгізген дұрыс болады деп есептеймін.  Өйткені дәстүрлі қағаз бюллетенмен дауыс беруде әділеттік жоқ және болмайды, себебі әкімшілік ресурсы бәрін бүлдіреді. Адам факторынсыз, электронды сайлау өткізу -Президентіміздің де 5 жыл бойы үнемі айтып келе жатқан, шынайы халықтық демократия негізінде сайлау өткізу тұжырымдасын мүлтіксіз орындау болып табылады ! Ал аудан, қала әкімдерінің сайлауы әкімшілік ресурспен, бір партияның  үстемдігімен  әділетсіз өтсе , ел тағдырына келешекте салдары ауыр болуы әбден мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

Екіншіден, Президенттің  ешқандай партия мүшесі болмай, партиялар төбесіндегі  төреші рөлінде болғаны сияқты, үкімет мүшелері де,   барлық деңгейдегі әкімдер де қызмет атқарған уақыттарында ешқандай партия мүшесі болмау принципін енгізген дұрыс болады.  Бұлай деуіме себеп , биылғы жылы өткен  45 аудан, қала әкімдерін сайлауы , оны халықтық сайлау деп ауыз толтырып айтуға келмейтіне тағы көзіміз жетті емес пе, бәрібір монополист партияның әкімшілік ресурсымен  қалыптасқан таптаурын “сценарий әдісі ” бойынша өтті . Әрине бұл мәселеде,  саясаттың жілігін шағып, майын ішкен Президентіміздің саяси ерік-жігері керек !

 

Президент 2025 жылы аудан, қала әкімдерінің сайлауын өткізуге пәрмен берді. Сайлау әділ өтеді деп сенесіз бе ?

 

Ия, өркениеті дамыған елдердегідей, жоғарыда айтқанымдай , келешекте жаппай сайлауға көшу керек, ол үшін, бүгінгі күнгі биліктің ең бірінші,ең жауапты міндеті- барлық деңгейдегі әкімдердің, басшылардың (ауыл, аудан, облыс) кадрлық резервін қалыптастыруы болып табылады,өйткені бүгінде ауыл,аудан әкімі т. б. басшылық лауазымына жан жақты әділ іріктелген, өз принципі бар, мінезді азаматтардан кадрлық резерв жоққа тән, сол себепті де жең ұшынан жалғасқан сыбайластықпен (әміршілдік-командалық) кездейсоқ адамдардың өтіп кетіп жататыны рас. Халық сыншы, оның бәрін көріп отыр. Ал негізі қоғамда аудан, қала әкімдері болуға лайықты, білімді де білікті дайын кадрлар баршылық , бірақ үлкен өкінішке орай олардың «көкелері» жоқ, ал қазырғы билік оларды көрмейді, көргілері де келмейді..

Кадр саясаты дегеніміз- мемлекеттік басқарудың командалық-басқарушылық әдістерінен бас тартқаннан кейін, кадрларды дамытудың интегралды жүйесін құру, бұл, қабілеттері жоғары және міндеттерді орындау үшін мотивациясы мығым кадрлардың тиімді әлеуетін құруға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда кадрларды Іріктеу, Орналастыру, Тәрбиелеу, Меритократия қағидасын өмірге дендеп енгізуді шұғыл қолға алу керек !! Тіпті, кадрлық саясаттағы тепе теңдікті сақтап,  трайбализмге жол бермейтін әділеттікті орнату мақсатында Президенттің “Ұлттық кадр саясаты туралы “ арнайы Жарлығын шығарса да артық болмайды .

Өйткені тәжірибелі, білімді, мемлекетшіл, ұлтжанды, моральдік ұстанымы  мықты кадр дайындау бір күннің ісі емес жылдар керек !

Егер мемлекеттің ең үлкен капиталы -білімді,білікті кадрлар резерві потенциалы толық  болса, келешекте кез келген  сайлауды өмірімізге батыл енгізуге болады ! 

Жалпы, Мемлекеттік қызметтегі кадрларды ІРІКТЕУ, ОРНАЛАСТЫРУ, ТӘРБИЕЛЕУ, РОТАЦИЯЛАУ ЖҰМЫСТАРЫН атқарушы биліктен алып, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне жүктеп, толық жауапкершілікті мойындарына артқан дұрыс деп ойлаймын. Олай жасалынса мемлекеттік қызметке экономиканың әр түрлі саласында,  қазіргі биліктің назарынан тыс жүрген , ынталы, жігерлі және білімді жастар келеді. Кадр саясатындағы аз ғана топтың трайбализмі мен непотизмі, рушылдық, жершілдік толық жойылмаса да, мейлінше азаяды деп ойлаймын.  Ең бастысы "крышасының" арқасында ілініп- салынып , мемлекеттік қызметтің қадыр- қасиетін кетіріп жүргендер азаяды .

 

 Көпті көрген азаматсыз , барлық деңгейдегі депутаттар сайлауы туралы айтарыңыз болса , бөліссеңіз ?

 

Үш биліктің бір тармағы Заң шығарушы орган -өкілетті биліктің де Астанадан ауылға дейінгі , атқарушы , сот билігімен тең терезелі жұмыс жасауы, жергілікті өзін өзі басқару органдары мәслихаттардың дәйекті жұмыстары қоғам үшін өте маңызды.

Сондықтан  Мемлекет басшысының «Мықты Президент (Әкім) , Ықпалды Парламент (Мәслихат), есеп беруші Үкімет (Басқармалар) » формуласын түбегейлі орындау мақсатында , Сайлау туралы Заңға өзгеріс енгізу арқылы  «Мәжіліс 50%» , «Облыстық мәслихат депутаттары 100 %» мажоритарлы жүйемен, бір мандатты округтардан халықпен тікелей сайланса.

Олай болса, бір партияның мәжіліс пен мәслихаттардағы үстемдігі жойылады. Бүгінде Мәжілістегі 63%, облыстық мәслихаттардың жартысынан астамы, аудандық мәслихаттардың 70-80% «Amanat партиясынан» болуы Президенттің көппартиялық жүйе туралы реформаларына қайшы құбылыс.

Кландық трайбализм қағидатымен  сайланған бұрынғы шенеунік-зейнеткерлерді, Мәжіліс және облыстық мәслихат депутаттары мандатынан айырып, олардың орнына білімді һәм мінезді, ескі жүйе жүгінен ада,  мемлекетшіл тұлғалар сайлану қажет.  Ондай тұлғалар облыста да, республикада да жетерлік. 

Депутаттыққа жеке мүдделерін қорғайтын, кәсібіне  қолайлы жағдай туғызу мәртебесі (статус ) үшін өткен ірі кәсіпкерлер (50% ) мандатын тапсырып, орнына билікке тікелей бағынышты  емес  тәуелсіз тұлғалар, сайлаушылардың мүддесін қорғай алатын экономист-қаржыгер , заңгер, ауыл, ауданнан азаматтық қызмет саласы мамандары сайланғаны жөн. Әрбір аудан, қаладан бұрынғыдай бір облыстық депутат сайлану принципін қайтару қажет.

 

Егер депутаттар корпусы  Президент айтқандай заман талабына сай жаңарса, сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі шын мәніндегі жергілікті өзін өзі басқару институты ретіндегі жергілікті өкілетті билікке айналып, қазіргі мәслихаттардың «көшірмесі» ретіндегі , заңды өкілеттігі жоқ қаптаған аудан, қала ,облыстық деңгейдегі  «қоғамдық кеңестерде» қажет болмайды.

 

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының да қадырін кетірмей ,кейінгі кезде белең алып кеткен,  әкімдер мен мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына бөгет жасайтын невроздар, псевдоблогерлер мен әсіре белсенділерге жығып беріп, мемлекеттік қызметтің абыройын түсіре бермеуге де заңды тосқауыл қою тетігін шешу керек .Әкім жергілікті жердегі Президенттің өкілі, мемлекеттік қызметкер мемлекеттің ақыл-ойы ,ар -ождан келбеті, әрине оларда өз қызметтеріне сай болуға міндетті.

 

Президент бастамасымен жүргізіліп жатқан Әділетті Қазақстан құру жолындағы ауқымды стратегиялық саяси реформалары аясында демократиялық әділетті сайлаулар өткізу реформасы тек Астанада сөз болып,  іс жүзінде , жаппай жергілікті жерде де бөгетсі , белсенді іске асса, саясаттың да, экономиканың да, әлеуметтіңде, кадр саясатының да мультпликативті дамуына  әсері  үлкен болары сөзсіз .

Ал аудан ,қала әкімдерінің сайлауы әдеттегідей  әкімшілік ресурспен, бір партияның  үстемдігімен  әділетсіз өтсе, ел тағдырына келешекте салдары ауыр болуы әбден мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды  !

Жергілікті мемлекеттік басқарудың маңызды мәселелеріне келгенде "жеті өлшеп, бір кескен" дұрыс болар деп ойлаймын. Жоғары билікте ақылды адамдар баршылық қой. Кез келген Сайлау Әділетті өтпей  - Мемлекетте , Қоғамда түзелмейді. «Маған кадрлық саясатты беріңіз, мен сонда барлық саясатты бақылауға аламын деген Джордж Кеннанның сөзі бұлжымас қағидат болып қала береді.

Ниқанбай Иманғали ұлы! Сұрақтарыма ашық әрі әділ жауап бергеніңізге рахмет.

 

Асылбек Байжұмаұлы.