Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Даудың басы -Дәлеткерей ме?!

83

 

Дәулеткерей Кәпұлымен біз бір заманның төліміз, өлеңде де, өмірде де көзқарастарымыз ұқсайтын, нағашылы-жиенге тән әзіл-қалжыңымыз жарасатын, отбасылық достар деңгейінде аралас-құраластығымыз бар адамдармыз. Сондықтан бұл жағдайда мен Дәукеңнің жағында болатыным айтпаса да түсінікті шығар. Дегенмен «енді досы ғой, нағашысы ғой, мұндай кезде Дәулеткерейді қолдамаса Ақберен қайтеді енді?!» деп ойлап қалмаңыздар. Егер Дәулеткерейдікі дұрыс болмаса, «нағашы, сен қиыс кетіп бара жатырсың» деп өзіне ескертіп я болмаса бейтарап қалуға ақылымыз да батылымыз да жетеді. Ондай мінезімізді Дәукең өте жақсы біледі. Оның жағында болатыным – Дәулеткерей жай ақын емес, қайраткер ақын. Ұйымдастыру қабілеті өте жоғары, әдебиетке шын жаны ашитын тұлға. Соңғы жылдардағы жасаған еңбегі елдің алдында ғой, сондықтан мен оған адвокат болмай-ақ қояйын. Мәселе басқада.

Оның үстіне мен Жазушылар одағынан кеткеніме 1,5 жылдан асып кетті. Жазатынымды жазып, тіршілігімді жасап, өзіммен өзім жүрген адаммын. Одақтың қазіргі басшылығының кейбір “қызық қылықтары” туралы оқта-текте естіп қалып жүргенім болмаса, жалпы ол жақта шаруам жоқ. Мені олар Одаққа маңайлатқысы келмейтіні бөлек әңгіме.

Алайда, сол Жазушылар одағының қабырғасында өсіп, әрі бірнеше жыл ол ұйымды басқарғандардың бірі болғаным бар, әрі, ең бастысы деңіз, мен сол қарашаңырақ – Жазушылар одағының 17 жыл бойы мүшесімін. Сондықтан үндемей қалуым ыңғайсыз боп тұр. 

Әлқисса, мен бұл жағдайға басқа ракурстан қарап отырмын. Соған назар аударайық.

Жазушылар одағының Мереке Құлкенов бастаған басшылығы дауды жоқ жерден өздері бастап беріп отыр. Мәселе қазіргі басшылықтың Одақтың филиалдарын жабу туралы біржақты, ойластырылмаған шешімінде. Неге десеңіздер, Астана сияқты басты, Шымкент сияқты ірі қала мен 17 облыстағы Одақтың филиалдары – бұл сол өңірдегі әдеби ортаның негізгі ұйытқысы, жергілікті билік пен қаламгерлердің ортасын жалғайтын алтын көпір, көптеген шараларды ұйымдастырып, жергілікті қаламгерлердің құқықтарын қорғайтын ұйым. Филиалды жабу және оның басшысына «өкілдік» статусын беру – бұл жергілікті әдеби ортаның дағдарысына қана алып келмейді, бұл ең алдымен Жазушылар Одағының Республикалық қоғамдық ұйым ретінде әлсіреуіне алып келеді. Де-юре олай емес шығар, бірақ де-факто ол солай.

Дәулеткерейдің бар кінәсі – өзі айрандай ұйытып отырған Астана қаласындағы Одақтың филиалын жабылуына қарсылық танытуында боп тұр. Оған қарымта ретінде Одақ басшылығы Дәулеткерейдің өзіне ашық айтпай, филиал басшысына қарсы астыртын хат (мәтіні дым түсініксіз) ұйымдастырып, астаналық қаламгерлерді арандата бастады. Көбісі бұл әрекеттің Дәулеткерейге қарсы емес, Одақтың «жарқын болашағы» үшін жасалған тарихи қадам деп алданып қалған. Өте ұят тірлік! Бұл – бір.

Екіншіден, қазіргі Жазушылар одағының басшылығы Одақ филиалдарын жауып, өкілдіктер ашу шешімі арқылы үлкен өрескел құқықтық қателік жасап отыр. Себебі, филиалдарды құру немесе жабу, өкілдік ашу немесе тарату сияқты ұйым өміріндегі аса маңызды шешімді Жазушылар одағының төрағасының жеке әмірімен шешілмейді. Оны шешетін ұйымның ең жоғарғы басқару органы – Съезд!

Жазушылар Одағының басты құжаты – оның Жарғысында Жазушылар Одағы  Съезінің (Конференцияның) ЕРЕКШЕ ҚҰЗІРЕТІНЕ кіретін нормалар тарауында: «заңнамалық  актілермен  белгіленген  шектерде  басқа заңды тұлғаларды, сондай-ақ өз филиалдары мен өкілдіктерін  құруға және қызметіне  қатысу туралы  шешім  қабылдау» деген бұлжымайтын норма бар. Яғни бұл шешімді қабылдауға Съезге ғана айырықша құқық берілген! Ал бұл Жарғы Қазақстан Республикасының 2 бірдей Заңының аясында жасақталған және Жазушылар Одағы да осы 2 заңның шегінде жұмыс істеуге міндетті. Олар –  «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заң және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң.

Яғни Жазушылар одағының төрағасы да, оның аппараты да, одақтың хатшылығы да, Басқарма да филиалдар бойынша шешімді қабылдай алмайды!!! Филиалдар мен өкілдіктер туралы шешімді, қайталап айтамын, тек Одақтың барлық мүшелері дауыс беру арқылы 5 жылда бір шақырылатын немесе төтенше жағдайда шақырылатын Съезде ғана қабылдай алады.

Жалпы, ұйымды басқаратын адам қашанда өзі басқарып отырған мекеменің Жарғысынан бір қадам оңға я солға аттамауға тиіс. Өйткені ол Съезд сайлаған менеджер ғана, ол Одақтың иесі емес! Одақтың иесі – сол Одақтың мүшелері яғни жазушылар.

Одан кейінгі алгоритм бойынша Хатшылық (11 адам толық дауыс беру арқылы! Дәулеткерей ол хатшылықтың құрамында бар) филиалдарды тарату бойынша бұйрық шығарып, жаңадан құрылған өкілдіктер туралы бөлек Ереже жасақтап, барлық филиалдардың басшыларына жазбаша ескерту жіберіп, өкілдіктерді құрып, оларды жергілікті Әділет органдарына қайтадан тіркейді. Басқаша болған жағдайда, «мен осы Одақтың басшысымын, өзім білем!» дегенге ғана саятын менмендікке толы сауатсыз әрекет болып шығады.  Ондай шешімді Съезд қабылдамаған, кейінгі алгоритм туралы сөз айтпаса да болады. Ал осындай «жеке пәрменмен» қабылданған бұл шешімге одақтың барлық облыстардағы қаламгерлер үндемесе де, іштей келіспей отыр деп ойлаймын. Келіссе де, ол заңсыз келісім болар еді. Бұл – екі.

Енді бұл мәселенің моральдік жағы бар. Одақ басшысы ұйымның ішін алатайдай бүлдіріп, елді жүзге, жерге, тіпті таланттардың деңгейлеріне бөлмей, ұйымның әр мүшесіне бірдей, тең қарау керек. Және үнемі жарғақ құлағы жастыққа тимей, сол Одақтың мүшелерінің құқығын қорғауға (өйткені кез келген кәсіби ұйым сол үшін құрылады ғой!), олардың мүдделеріне сай әрекет етуге, қаламгерлерге шығармашылық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жағдай жасап, көмектесуге тиіс. Қазір өкінішке қарай, біз ағымдағы басшылықтың жұмысынан ондай тиісті, оң әрекеттің орнына алалау, кеудеден итеру, менмендікті қана көріп отырмыз. Бұл – үш.

Сондықтан ұйымның ары қарай дұрыс жұмыс істеуіне барлық Одақ мүшелері мүдделі болып, қазіргі басшылықтан соны талап етуі тиіс.

Менің ойым – осы. Сіздер тек қорытынды шығарыңыздар. Тәмам.