Munarmedia.kz 31.01.2026 /Астана/ Нәтиженің 80 пайызы күш-жігердің 20 пайызы арқылы жүзеге асады дейтін Паретоның әйгілі принципі түрлі жағдайға қолдануға келеді. Бұл қағида Қазақстанның «жаңартылған» Конституциясы жобасын талдауға да әбден сай.
Неліктен «жаңартылған», бірақ «жаңа» емес? Себебі бірпалаталы парламент пен халық кеңесі сияқты жаңа саяси институттардың пайда болуы немесе вице-президент секілді жаңа лауазымдардың енгізілуі Негізгі заңның қазіргі жүйедегі негізгі функциясын өзгертпейді. Ал ол функция – қоғамның саяси өмірге қатысуын шектейтін ашық немесе жасырын тетіктерді қалыптастыру.
Билік жаңа конституциялық реформаны белсенді түрде насихаттай отырып, «жаңартылған» Конституцияда, керісінше, азаматтардың сайлау құқықтарын шектеуге арналған құралдарды тіпті кеңейтіп жібергені айқын байқалады.
Біріншіден, бірпалаталы парламентті тек партиялық тізімдер бойынша пропорционалды жүйемен қалыптастыру енгізілді. Бұл азаматтардың пассив сайлау құқығын (сайлану құқығын) шектейді, өйткені партияға мүше емес азаматтар мен өзін-өзі ұсынушылар енді дербес түрде сайлауға түсе алмайды. Сонымен қатар, бұл азаматтардың белсенді сайлау құқығына да соққы болып тиеді. Себебі егер сайлаушы ұсынылған партиялардың ешқайсысын қолдамаса, оның еркін білдіру мүмкіндігі саяси баламалардың жоқтығымен шектеледі.
Екіншіден, «жаңартылған» Конституцияның 43-бабында Назарбаев кезеңінен қалған, президент сайлауы кезінде дискриминациялық сипатқа ие болған норма сақталып қалды. Атап айтқанда, 2-тармаққа сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті болып кемінде бес жыл мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар азамат қана сайлана алады. Бұл талап автоматты түрде ел азаматтарының басым бөлігін президенттік сайлауға қатысу мүмкіндігінен айырып отыр.
Қызығы, бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты және оның көптеген бастамаларын мақтағанды ұнатады. Алайда Қазақстанның «жаңартылған» Конституциясы аясында Дональд Трамптың, «ескі» Конституция кезіндегідей, Қазақстанда президент болуға мүлде ешқандай мүмкіндігі болмас еді.
Демек, Парето принципіне қайта оралсақ, Конституциядағы (ескі де, жаңартылған да) баптардың шамамен 20 пайызы ғана билік үшін аса маңызды болды. Ал олардың негізгі бөлігі саяси өмірде де, биліктің сабақтастығын айқындау тетіктері тұрғысынан да саяси монополияны сақтауға бағытталған.
Айтпақшы, осы 20 пайыздың қатарына әртүрліше түсіндіруге жол ашатын, анық емес жаңа тұжырымдар да кірді. Бұл өз кезегінде сөз бостандығын, сондай-ақ азаматтардың митингілер мен жиналыстарға қатысу құқықтарын шектеу саласында саяси теріс пайдалануға кең мүмкіндік береді.
Жалпы, билік өкілдері «адамгершілік» туралы жиі айта бастағанда, бұл алаңдауға негіз болуы тиіс. Себебі биліктің өзі де, оның жақтастары да руханият пен моральдың үлгісі бола алмайды, адасқан жандарға ақыл айтатын рухани көшбасшы рөлін атқаруға хақысы жоқ. Кімнің әрекеті адамгершілікке жатады, ал қайсысы жатпайды – оны шешу олардың еншісінде болмауы тиіс.
Саяси монополия жағдайында уақыт өте келе билікті сынаудың өзі «адамгершілікке жат қылық» деп танылуы әбден мүмкін. Өйткені адамгершілік ұғымының нақты құқықтық анықтамасы болмаған кезде, оны түсіндіру құқығы мемлекеттік органдардың айрықша артықшылығына айналады.
Авторитарлық жүйелерге тән тағы бір созылмалы дерт – заңдар мен заңға тәуелді актілердің Конституцияға қайшы келуі. Әрине, формалды түрде Негізгі заңның үстемдігі бар құқықтық иерархия сақталғандай көрінеді. Алайда іс жүзінде мемлекет басшысының еркі немесе атқарушы билік қабылдаған актілер (заңдар, жарлықтар, қаулылар) мемлекеттік мүдде немесе ұлттық қауіпсіздік деген желеумен азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзып жатады.
Мұндай жүйелерде «ұлттық қауіпсіздік» ұғымы көбіне «билік басындағы топтардың қауіпсіздігі» деген мағынада түсіндіріледі. Соның салдарынан бұл топтарда Конституцияны, заңдар мен заңға тәуелді актілерді «икемді түрде түсіндіруге» деген ұмтылыс күшейе түседі. Ал бұл, шын мәнінде, жарияланған құқықтар мен бостандықтарға қайшы келетін шектеуші заңдарды ақтаудың құралына айналады.
Мұның бір себебі – Конституцияға сәйкестікті тексеруге тиіс мемлекеттік органдар тарапынан конституциялық бақылаудың әлсіздігі. Ал мұндай бақылаудың жоқтығы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің болмауынан туындайды. Соның нәтижесінде сот және заң шығарушы билік тармақтары атқарушы билікке тәуелді күйде қалып отыр.
Ал шын мәніндегі, көзбояушылық емес тежемелік пен тепе-теңдік жүйесін құру – кез келген салмақты конституциялық реформаның әліппесі мен түп қазығы. Өйткені мұндай жүйе болмаған жағдайда, Конституцияда қанша жерден құқықтар мен бостандықтар жазылса да, оларды нақты қорғай алатын тетіктер мен қорғаушылардың саны іс жүзінде тым аз болып қала береді.