Munarmedia.kz 31.01.2026 /Астана/ Еуропалық одақ Ресейді ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру қаупі жоғары елдер қатарына қосты. Бұл тізімде Иран мен Солтүстік Корея да бар. Әңгіме тікелей санкциялар туралы емес, бірақ бұл – өте анық әрі салмақты саяси-қаржылық сигнал. Енді Ресеймен байланысты кез келген қаржылық операция банктер мен компаниялар үшін қауіпті деп саналады.
Практикалық тұрғыдан алғанда, ЕО аумағындағы ресейлік капиталға қатысты есепшоттар жиі бұғатталуы немесе қатаң тексерілуі мүмкін. Ал Ресейден келетін кірістер «улы» (toxic) активтер ретінде қабылданып, олардың заңдылығы мен шығу тегі ерекше күдікпен қаралады.
Осы ахуал аясында Bloomberg агенттігінің қызықты инсайдерлік ақпараты пайда болды. Онда Еуроодақтың Қырғызстанға қарсы санкциялар енгізу мүмкіндігін талқылай бастағаны айтылған. Нақтырақ айтқанда, Қырғызстанға станоктар мен радиоэлектрондық жабдықтарды жеткізуге тыйым салу мәселесі күн тәртібіне шыққан.
Мұндай үрдіс жалғаса берсе, ерте ме, кеш пе, ЕО Қазақстанға қатысты да қандай ұстаным қабылдау керектігін ойластыра бастауы әбден мүмкін. Бұған себеп те жоқ емес. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жария түрде айтқан мәлімдемесі бар: қазақстандық банктердің бірінің көрші елдердің бірінен (ең ықтималы – Ресейден) 7 трлн теңгеден астам қаржыны елден шығаруға көмектескені жөнінде.
Бұл ақпараттың кейіннен ақпараттық кеңістіктен жедел түрде «тазартылып», көптеген платформаларда өшірілуі жағдайды түбегейлі өзгертпейді. Себебі кімге қажет болса, солардың бәрі бұл сигналды естіп те, түсініп те үлгерді.
Қазіргі геосаяси жағдайда мұндай мәлімдемелер мен шешімдер жай ғана жаңалық емес. Олар – қаржы ағындарына, банктік жүйелерге және тұтас елдердің экономикалық беделіне тікелей әсер ететін факторлар. Ал «жоғары тәуекел» деген таңба бір қойылса, одан құтылу оңай болмайтыны белгілі.