> «Біреу біздің деректерімізді отыз күміс теңгеге сатып жіберді. Иудалар!»
Қазақстанда соңғы бес жыл бойы жеке деректердің интернетке таралуы қалыпты жағдайға айналып кеткендей. Алайда бұл жолы жағдай мүлде басқаша — еліміздегі 16,3 миллион адамның (бүкіл ересек тұрғындардың) жеке деректері ашық қолжетімділікке шығып кетті.
Мұны жай кибершабуыл деп қарауға болмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке қарсы бағытталған диверсия.
Жай қарапайым халықтың ғана емес, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері – бәрінің деректері қолжетімді. Мұндай мәліметтер қазірдің өзінде түрлі мемлекеттерде адамды жою, бақылау, қорқыту мақсатында қолданылып жүр.
> «Чечен көшбасшысы Жохар Дудаев бір қоңырау арқылы анықталып, зымыранмен жойылған. Бұл – ХХ ғасыр. Ал XXI ғасырда цифрлық із арқылы кімнің қайда жүргенін білу – күнделікті практика.»
Егер еліміз соғыс жағдайына тап болса, алғашқы минуттарда-ақ біздің арнайы қызмет өкілдеріміздің көзін жою оңай болмақ. Себебі бәрі интернетте дайын тұр.
Ал біздің Цифрлық даму министрлігі (МЦРИАП) болса, жай ғана мәлімдеме жасайды. Сол баяғы сөздер:
«Бұл – ескі деректер»
«Бақылауда ұстап отырмыз»
«Қауіп төндірмейді»
Бұл – жауапсыздықтың көрінісі. Мұндай жағдайда басқа елдер не істер еді?
– Қылмыстық іс қозғайды
– Коммерциялық ұйымдарға мұндай деректерді пайдалануға тыйым салады
– Ақпарат таралған сайттарды бұғаттайды
– Премьер-министр мәлімдеме жасап, Қауіпсіздік кеңесін шұғыл жинайды
Ал бізде ше?
> «Мен көптен бері айтып келем: жеке деректерді қаржы ұйымдарына беру – қауіпті. Бұл – өліммен тең. Біреу оларды ақша үшін сатып жіберді. Иудалар!»
Банктерден бұрын бұл деректер оларға мемлекеттік жүйеден шықты. Сонда оны кім берді? Қай шенеунік? Бұл сұрақтың жауабы жоқ. Ал банктерге жол ашып отырған лоббистер кім?
Айтпақшы, бұл мәселеден тыс дүние емес:
«Қазпоштадағы» соңғы кадрлық өзгерістер – болашақ жекешелендірудің алғашқы қадамы болуы мүмкін. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке жауап беретін соңғы мемлекеттік қаржы институты. Оны да сату ма?
Микроқаржылық ұйымдар – халықты қарызға батырып қана қоймай, жеке деректердің де басты тасымалдаушысы. Мен бұл туралы бірнеше депутатқа жаздым. Келіскенімен, еш әрекет жоқ. Себебі лоббизм тамыр жайған.
Бұл – жай қауіпсіздікке емес, ел болашағына төнген қатер. Мемлекет шұғыл түрде:
Тергеу жүргізіп
Коммерциялық ұйымдарға деректерді қолдануға тыйым салып
Қауіпсіздік кеңесін жинап
Жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.
Өйткені бұл – жай техникалық ақау емес. Бұл – сатқындық.
Аударған: Баяжума Асылбек
Ғалым Байтук. Ұлттық қауіпсіздікке соққы: 16,3 миллион қазақстандықтың деректері ашық интернетте
