Мұғалжар ауданының әкімдігіндегі бес бөлімнің қызметкерлері ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген ғимараттан бір күнде шығуға мәжбүр болды. Әкімдік кеңселері орналасқан ғимарат бұған дейін мұнай компаниясына тиесілі еді, алайда ол жаңа меншік иесіне сатылған. Жаңа қожайын мемлекеттік қызметкерлерге мекемені босатуды талап еткен.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, Мұғалжар ауданы әкімдігі бұл ғимаратта шамамен 20 жыл бойы жұмыс істеген. Бұған дейін ол «CNPC-Актобемунайгаз» компаниясының меншігінде болған. Алайда жақында оның иесі ауысқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаңа меншік иесі – аудандық мәслихаттың бұрынғы төрағасы Бақытжан Қадралин болуы мүмкін.
Осы жағдайға байланысты Orda.kz тілшілері Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовтен пікір алды. Оның айтуынша, әкімдік ғимараттың сатылатыны туралы ешқандай ресми хабарлама алмаған.
– Бұл ғимарат бізге ешқашан тиесілі болған емес. Ол бұрыннан CNPC-Актобемунайгаз компаниясының меншігінде еді. Біз олармен келісімшартқа отырып, бес бөліміміздің қызметкерлерін сол жерге орналастырғанбыз. Алайда бұл компания бізді не сату туралы, не жалдау шартын тоқтату жайлы алдын ала ескертпеген. Барлық ақпаратты алғаш рет жаңа иеден білдік. Содан кейін кеңсені босатуға мәжбүр болдық. Қазіргі уақытта бөлімдердің бір бөлігін әкімдік ғимаратының ішіне көшірдік, қалғандары үшін басқа мекемелерден жалға алынған орындар қарастырылды. Бұл ғимараттың қашан, қаншаға және кімге сатылғанын біз білмейміз, – деді Ермағанбетов.
Айта кетейік, аталмыш оқиға атышулы тұлғалардың бірінің атымен байланысты болуы мүмкін. Аудандық мәслихаттың бұрынғы төрағасы Бақытжан Қадралин қазіргі уақытта қамауда отыр. Ол ірі көлемдегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу материалдарына сүйенсек, Қадралин бұрынғы жатақхананы тұрғын үй ретінде заңдастырып, оны мемлекетке сатқан. Салдарынан аудан әкімдігі 672 миллион теңге шығынға ұшыраған. Осыған байланысты аудан әкіміне сөгіс жарияланған.
Мұндай жағдайлар Мұғалжар ауданында алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Ресми деректерге сүйенсек, 1990-жылдары Қандыағаш қаласында 14 мемлекеттік балабақша жұмыс істеген. Қазіргі таңда тек үшеуі ғана қалған, қалған 11 балабақшаның ғимараты жекешелендіріліп, тұрғын үйге айналған.