Сыр сандығы жүректерінде сақталған өнер адамдарының
рухани болмысы нәзік, табиғатпен үндескен ерекше қаиеті болады. Ой елегінен
өткізіп, жүректе шерменде болған күйігіңде, қуанышыңда бірнеше шумақ жолмен
сыртқа атылып шығып, өзіңмен үндес жандардың жүрек түбін бойлап кететін ән
қасиетін сезіну екінің біріне бермеген.
Сондай өнерлінің бірі Ғалым Мұхамедин ағамыз. Біртуар
талант иесі өнердегі жетістіктерге жету үшін не көрмеді? Не естімеді? Қиындығы
мен жақсылығы, жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін өнер саласын таңдаған Ғалым
ағамыз бүгінде жетпістен асса да әлі де тың.
Қазақ мәдениетін, қазақ руханиятын дамытуға өзіндік үлесін
қосып жүрген тұлға. Жақында Ұлытау өңірінің Қаныш Сәтбаев ағамыздың атындағы қалада
белгілі ақын Тайжан Қалмағамбетовке арналған төртінші республикалық дәстүрлі
әншілер байқауында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин ағамызбен
кездесіп, сұқбат алудың реті келді.
Ғалым аға туралы
мәлімет айтар болсақ, Жаңаарқа ауданы Талдыбұлақ ауылында
1952 жылы туған.
Орта мектепті бітірген соң
республикалық эстрада өнері студиясында Ж.Елебеков класын 1975 жылы бітірген.1985
жылы жастардың республикалық Ә.Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері болды.
1975 жылдан бері Жезқазғандағы Тайжан Қалмағанбетов атындағы филармонияның
әншісі.
Репертуарында халық композиторлары Біржанның, Жаяу Мұсаның, Ақан серінің,
Ыбырайдың, Мәдидің әндері басым.
1995 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағын алған.
Ғалым аға, амансыз ба? Тайжан
ақынды зерттеп, зерделеп, ұрпаққа жеткізді мақсат еткен екенсіз. Осы жолда
атқарылып жатқан істеріңізге тоқтата кетсеңіз.
Расында осыдан төрт жыл бұрын Ұлытау мәдениет
басқармасының қолдауымен, менің Тайжан ақын Қалмағамбетовтың дәстүрлі ән кешін
республикалық деңгейде өткізу туралы ұсынысым
бірден қабыл алынды.
Өнерді қолдайтын басшылар тұрғанда Тайжандай аяулы
ақынынң есімін жастардың жалынды жүрегіне мәңгілікке жазып тастардай мүмкіндік
туып тұрғанда тәуекелге бел будым.
Өнер саласы
дегенің қызығы мен шыжығы мол бір дәурен ғой. Біздің кезіміздей емес, қазір техника
дамыған заманда хабарландыру беріп, алыстан ат арытып келетін конкурсанттарды
жинау аса қиынға соқпады.
Сол бір жүрек дүрсілі қатты соққан кезден де біршама
уақыт өтіп, бүгін Сәтпаев қаласында Тайжан ақын Қалмағамбетовтың республикалық
дәстүрлі ән кешінің төртінші кезеңіне куә болып отырмыз.
Өзімнің жобам ретінде еліміздің дәстүрлі ән саласының
дамуына қосқан үлесімнің бірі деп есептеймін. Алдағы уақытта да жалғасын
табатынына сенімім кәміл.
Рас айтасыз аға, біздің оқырманымызға әуелі Тайжан ақынның кім екендігі туралы мәлімет бере кетсеңіз.
Ұлытау облысының
Ұлытау ауданында туған. Ақынның әкесі Қалмағамбет елге сыйлы, Ұлытау төңірегіне
беделді болып, молдалық құрған тақуа адам болса, анасы Мейіз қазақтың ұлы
сазгері, сыршыл ақын, қайталанбас әнші Үкілі Ыбырайдың туған әпкесі еді.
Ол
балалық шағында Сарыарқа өңіріне танымал Ақан сері, Біржан сал, Шәрке бала,
Сегіз сері, Балуан Шолақ тәрізді әнші-ақындарының репертуарындағы әндерді айта
жүріп, өзі де ән шығарды. Ал жеке өз шығармашылығында суырып салма ақындық
таланты жарқырай көрінді.
Ол 1926 және 1930-1936 жылдары аралығында
Арқаның белгілі ақындары Шеген, Болман, Иманжанмен айтысқа түсті. 1934-1936
жылдары халық өнерпаздарының республикалық слеттеріне, 1936 жылы Мәскеуде өткен
қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысты.
Мәскеуде
өткен осы онкүндікте «Үлкен театрда» кеңес үкіметінің сол кездегі көсемдерінің
алдында алғашқы ақындар мен әншілер концертін бастау Тайжан Қалмағанбетұлына
тиді. Бұл сапардан оралғаннан кейін ол Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен
марапатталды.
Осы
кезеңде ақынның бірнеше шығармасы К.Алтайскийдің аудармасымен «Правда»,
«Известия» газеттерінде жарияланды. Жастайынан ән-жырға, шешендік сөзге әуес
болып өскен ақынның алғашқы өлеңдерінде ауыл адамдары арасындағы қайшылықтар,
оқиғалар жырланады.
Оның
көптеген жырлары бізге жетпеген. Жезқазған, Қарағанды, Қарсақбай сияқты өндіріс
ошақтарына және «Октябрь құдіреті», «Дем алдым салқындап», «Мен қайттым Мәскеу
барып» сияқты кеңестік өмірге арналған жырлары бар. Сондай-ақ ақынның бірқатар
әндерін белгілі этнограф, Қазақстанның халық әртісі А.Затаевич жазып алған.
Кейбір шығармалары ақындардың жалпы жинақтарында жарияланған.
Ал
«Тайжан әні», «Ыбырайға», «Сүйікті Серго» сияқты ән-термелері күйтабаққа
жазылған. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен ақынның
шығармалары 1970 жылдардан бастап қана жинақтала бастады. 1984 жылы «Ой ағысы»
деген атпен өлеңдер мен айтыстарының жинағын С.Бүкіров жарыққа шығарды. 2004
жылы Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан К.Салықовтың құрастыруымен Тайжан ақынның
«Сақ-сақ күлсін сырнайым» атты жинағы жарық көрді.
Тайжан ақын әлі де тереңірек зерттеуді талап ететін тұлға. Сондықтан да оны келешектің еншісіне қалдырған дұрыс деп есептеймін.
Ғалым
аға, бүгіңгі дәстүрлі ән өнерінің деңгейі туралы айта кетсеңіз?
Бүгіңгі
күні қазақтың дәстүрлі ән саласы дамып келеді. Осы руханияттың алтын ғасыры
аталған сонау жетпісінші жылдар мен сексенінші жылдардан соң қайта жаңғыру
кезеңі болып жатыр десем артық айтқандық болмас.
Еліміздің
орта және жоғарғы өнер оқу орындарынан түлеп ұшқан жас әншілеріміз қазақтың саф
алтындай сақталған дәстүрлі ән өнерін одан да биіктерге жеткізіп жүр деп
ризашылықпен айта алам. Оның дәлелі, қазір Сәтпаев қаласында өтіп жатқан Тайжан
ақынның дәстүрлі әндеріне арналған кешіне еліміздің түкпір-түкпірінен 18 жас
өнерпаздың қатысуы дәлел. Жалпы Тайжан ақын мен Үкілі Ыбырай, Нартай ақындар
туыс болып келеді.
Сондықтан
байқаудың ережесінде өнерпаздарға үш ақынның өлеңдерін айту талабы енгізілді.
Әрине байқау болған соң біреу жеңілер, біреу жеңер.
Оны
енді кәсби құрамдағы әділ қазылар алқасы анықтай жатар. Дегенмен жалпы алғанда
өтіп жатқан байқауға көңілім толады. Келесі Тайжан ақынға арналған байқауларымызды
Ұлытау облысының жаңа басшыларды толық қолдайды деп сенеміз.
Рахмет,
аға! Аман болыңыз. Шәкірттеріңіз көп болып, қазақ өнері дами берсін.
Сұқбаттасқан:
Асылбек Байжұмаұлы. Сәтпаев қаласы.