Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Ғылыми сенсация: Моңғолияда мұз дәуіріндегі адамның қалдықтары табылды

76


Моңғолия Ұлттық ғылым академиясы мен Вроцлав университетінің археология институты (Польша) кеш плиоцен кезеңіне жататын адамның қазба қалдықтарын тапқанын хабарлады. Бұл зерттеу екі елдің ғалымдары он жыл бойы бірлесіп жүргізген жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асты.

Ғылыми жаңалық  Өмнөговь аймағының Булган сомонында орналасқан Хөтөл су үңгірінде жасалды. Онда 25 мың жыл бұрын өмір сүрген немесе одан да ерте кезеңге жататын адам сүйектері мен тістері табылды. Мұндай тарихи жәдігерлер өте сирек кездеседі. Бұрынғы археологиялық жұмыстар кезінде табылған олжалар көбінесе кездейсоқтықтың нәтижесінде анықталған еді. Ғалымдар бұл табыс моңғол халқының ежелгі ата-бабалары туралы жаңа деректер береді деп отыр.

Зерттеушілердің айтуынша, «табылған қазбалар бұл аймақта адамдардың шамамен 150 мың жыл бұрын өмір сүргенін дәлелдейді». Келесі кезеңде осы қалдықтардың ДНҚ-сын талдау жоспарланған.

Моңғол және поляк археологтары жүргізген зерттеулер барысында Арц-Богд тау жотасының маңындағы Цахиуртын Хөндий (Кремний алқабы) аумағында бірқатар маңызды жаңалықтар жасалды. Алқаптан палеолит кезеңіне тиесілі 50-ден астам ашық тұрақ анықталды. Бұл жерлерде тек кремний емес, жасыл кварцит, қызыл яшма, қара кремний сияқты басқа да материалдар кездескен. Сонымен қатар, бұрын белгісіз үш үңгір табылып, олар борлы лава жыныстарында орналасқаны анықталды.

Зерттеу жобасының мақсаты – кеш плиоцен мен ерте голоцен кезеңінде осы аймақты мекендеген аңшылар мен терімшілердің өмір сүру ерекшеліктерін зерттеп, тарихи реконструкция жасау. Зерттеу аумағы Гоби Алтайының бөлігі саналатын Арц-Богд жотасының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Бұл аймақ Шерегин-Гашуна мен Улан-Нұр ойпаттарын бөліп тұрған шекара іспетті. Цахиуртын Хөндий плиоцен кезеңіндегі кремний қазбалары мен ежелгі шеберханаларының шоғырланған жері ретінде белгілі.

Кремний алқабының оңтүстігінде палеоөзен бассейндері орналасқан, олар аймақтың бедерінде айқын көрінеді. Зерттеушілер палеоөзен жағалауларынан 120-дан астам археологиялық ескерткішті анықтады. Сондай-ақ, алқаптан бірнеше шақырым жердегі тауларда жаңа үңгірлер табылды.

Плейстоцен дәуірі (көбінесе «мұз дәуірі» деп аталады) – 2,5 миллион жыл бұрын басталып, шамамен 11,7 мың жыл бұрын аяқталған кезең. Ол адамдар мен жануарлардың өмір сүру ортасының елеулі өзгерістерімен ерекшеленеді.

Моңғолияда жасалған бұл ерекше ашылым ежелгі адамдардың өмір салты, олардың қоршаған ортаға бейімделуі және даму кезеңдері туралы тың деректер береді деп күтілуде.