Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Иранға шабуыл бола ма?

49



2024 жыл Иран үшін өте сәтсіз болды. Сирияда Иранның басты одақтасы болған Башар Асад режимі құлады. Ливанда Иранның негізгі проксиі саналатын «Хезболла» Израильмен тікелей қақтығысқа түсіп, ауыр соққы алды. Кейін Ливанда президент сайлауы өтіп, генерал Жозеф Аун 2025 жылдың 9-қаңтарында ел тізгінін өз қолына алды. Ол Иранмен тығыз әріптестікті қолдамайды, «Хезболланың» еркінсінуіне қарсы және Батыспен, антитегерандық көзқарастағы араб елдерімен тығыз байланыс орнатуды қалайтын тұлға. Иран мен Израиль 2024 жылы бір-біріне екі мәрте тікелей соққы жасап, зымыран және дронмен соққы алмасты. Соңғы шабуылда Иранның әуе қорғаныс жүйелері біршама істен шықты.

2025 жылдың 20-қаңтарында Трамп билікке келді. Ол билікке келген сәтте бірден антиирандық көзқарасын ашық көрсетті. Иранға салынған санкцияларды күшейту қажеттілігін айтты және «Байден әкімшілігі Иранға салынған санкцияларды айналып өтуге жол берді» деп айыптады. Ақпан айының 4-інде Трамп Иранның мұнай саласына салынған санкцияларды күшейтті және Иранның қаржылық секторына жаңа шектеулер қойды.

Трамп соңғы бір айда Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірнеше мәлімдеме жасады. 7-наурызда Трамп Иранның көсемі аятолла Хаменеиге хат жазғанын айтты. Батыстық БАҚ хаттың мәтінін жариялап, онда Трамптың Иранға ядролық бағдарлама бойынша ұсыныс айтқанын және келісімге шақырғанын жазды. Иран Трамптың хатына жауап бергенін айтты. Өз жауабында тікелей келіссөзден бас тарта отырып, үшінші елдер арқылы келісім өткізуге дайынбыз деді. Сонымен бірге АҚШ-ты «сес көрсету саясатынан бас тартуға шақырды». 30-наурыз күні Трамп былай деді: «Егер олар келісім жасаспаса, онда бомбалау болады. Ондай бомбалауды Иран бұрын-соңды көрмеген!»

АҚШ аймақтағы Иранның тағы бір проксиі саналатын Йемендегі Ансар-Алла (хуситтерге) соққы жасауды бастады. 16-наурыз күні басталған операция әлі жалғасуда. АҚШ ұшақтары күніне орта есеппен Йемен аумағына 40 соққы жасауда. Негізгі нысана ретінде хуситтердің әскери қоймалары, жанармай қоймалары, порттар, әскери штаб соққы астында қалуда.

АҚШ Таяу Шығыстағы әскери әлеуетін күшейтуде. Таяу Шығыста АҚШ-тың USS Harry Truman ұшақтасушысы тұр. Оған жақын күндері Carl Vinson ұшақ тасушысы қосылды. Бұл үлкен күш. АҚШ аймаққа A-10 Thunderbolt II шабуылдаушы ұшақтарының тобын жеткізді. Үнді мұхитындағы Диего-Гарсия аралына АҚШ-тың B-2A Spirit стратегиялық стелс бомбалаушы ұшақтары келіп қонды. Бұл Йемендегі операциядан бөлек, Иранға жасалған қысым екені анық.

Иран билігі АҚШ-тың болуы ықтимал шабуылын тойтаруға дайын екенін айтуда. Тегеран «аймақтағы АҚШ-тың әскери базаларын және Израильді жүздеген зымыранмен атқылауға мәжбүр боламыз» дегенді мәлімдеуде. Дей-тұра Иран мәселенің келісіммен шешілуін қалайтынын аңғартуда. Мысалы Тегеран Оман арқылы Трампқа жауап хат жіберді және Оман аумағында (немесе өзге жерде) келіссөзге әзірміз дегендей болды. Иранның президенті Пезешкиан сәуірде Әзербайжанға аттанады. Екі ел арасындағы келіссөзден бөлек, Тегеран Баку арқылы Израильдің позициясын жұмсартуға күш салуы ықтимал. Әзербайжан Израильдің серіктесі саналады.

Келісім жасалмай, дипломатияның есігі тарс жабылса не болмақ? Ондай сәтте Вашингтон Израильмен бірлесе отырып Иранның ядролық нысандарына шабуыл жасауы мүмкін. Израиль ұшақтары 1981 жылы, 7-маусымда Ирактың ядролық нысандарына соққы жасап, толық жойды. Ол тарихта «Опера» (Вавилон) операциясы деген атпен қалды. 2007 жылы, 6-қыркүйекте Израильдің F-16 және F-15 ұшақтары Сирияның Дейр-эз-Зор аумағына кіріп, салынып жатқан ядролық реакторға соққы жасады. Ол тарихта «Жемісті бақша» операциясы деп енді. Израиль билігі Иранның ядролық нысандарына соққы жасауды ұзақ жылдар бойы ойластыруда. Алайда АҚШ билігі ол шешімге қарсылық танытумен келеді. Дегенмен екінші мәрте президенттік тізгінді өз қолына ұстаған Трамп осы жолы Израильдің шешімін қолдауға ниетті (көрінеді). Иран үшін шешім қабылдау уақыты тарылып келеді.

Тараптар келісімге келе алмаса, екі-үш айдың ішінде Таяу Шығыстағы үлкен қақтығысқа куә болуымыз ғажап емес.