Әлеуметтік желіде жұмақты 700 мың теңгеге сатып алған, тіпті соған барып келген тырнақшаның ішіндегі «ұстаздар» әбден күлкі болып бітсе, Наурыз бен домбыраны харам дейтін радикалдар қазақ халқының ашуын туғызып, оның барлығы дінге деген көзқарастың өзгере бастауына алып келді.
«Исламды мың тармаққа жіктеп тастаған, Құран мен хадистерді өздеріне ыңғайлап, бұрмалап алған уағызшылар қазақ ұлтын мүлде адастырып жіберді.
Себебі бұл біздің ата дәстүрден келе жатқан мұсылманшылықтан мүлде бөлек. Мұның барлығы халықтың адасып, жалпы Исламнан іргесін ажыратуына алып келеді», - дейді Әшкереге теология саласына жақын дереккөз.
Қазірдің өзінде қазақ жастарының арасында Исламға күмәнмен қарау, яғни агностикаға жақын болу үрдісі байқалады. Радикалдардың әр нәрсені харам деуі, өркениеттің өнімдеріне тиым салуы және әйелдерге деген сексисттік көзқарасы көзі ашық жастардың заңды қарсылығын туғызды.
Тіпті «өзіміздің ата жолымыз Тәңір ілімін жаңғыртсақ» деген идеялар да кең тарай бастады.
Биыл осы дін мәселесі қызу талқыланатын сияқты.
Себебі, түрлі уағызшыларға деген қоғам тарапынан сұрақтар көбейіп барады. Олар қайдан шықты, Исламның атынан сөйлеуге кім рұқсат берді?
Бұл мәселеге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тез арада араласуы аса қажет.
Уақыт өткізіп алса, арада 5 жыл өткеннен кейін қазақ қоғамы тарапынан «мұндай басқарманың не қажеті бар?» деген сұрақтар пайда болатынын болжаймыз. Мысалы, қазір Қазақстан халықтары ассамблеясы тура осындай жағдайда отыр.