Картоп қурап жатыр: Түркістан облысының диқандары шөлмен жалғыз қалды

47

Munarmedia.kz. 25.06.2025 /Астана/-Сайрам ауданының шаруалары су тапшылығынан дабыл қағуда — билікке деген сенім күйреп, өнім алқапта шіріп жатыр.

Түркістан облысындағы Сайрам ауданының диқандары күрделі экологиялық және әлеуметтік дағдарыс алдында тұр. Жылдар бойы тау өзенінен келетін суға арқа сүйеген шаруалар биыл бір тамшы суға зар. Нәтижесінде, картоп, пияз, алма мен люцерна еккен шаруалар тақырға отырды.

«Бұл су тапшылығы емес — әдейі жасалған құрғақшылық»

Сайрамдық дихан Тахиржан Нартаев он жылдан бері картоп өсірумен айналысып келеді. Ол үшін бұл кәсіп — тек күнкөріс көзі ғана емес, бүкіл отбасының нәпақасы. Алайда биыл Нартаев толық күйреуге ұшырауы мүмкін.

«Картоптың дәнін 400 теңгеден сатып алдық. Тек тұқымға 1,5 миллион теңге кетті. Бұдан бөлек, жер жырту, тыңайтқыш, жұмысшылардың еңбекақысы бар. Енді соның бәрі далаға кетті. Кеше клиент алып келіп көрсеттік, қарап шығып үндеместен кетті. Біз енді не істейміз? Осының бәрін қоқысқа лақтыра салайық па?», — дейді ол ашынып.

Бұлай күйзеліп отырған жалғыз Нартаев емес. Аудандағы кемі 10 ауылдың халқы қуаңшылықтың зардабын шегуде. Биыл жауын-шашын сирек түскен, ал тау өзені Ақсудан келетін су басқа жаққа бұрылған. Шаруалар бұл жағдайды әкімдіктің өз қолымен жасаған құрғақшылық деп санайды.

Суды кім қайда бұрды?

Фермер Сабыржан Хасантаев жағдайды былайша сипаттайды:

«Ақсудан келетін су бізге жетпейді. Оның орнына су карьерлерге немесе Түркістан бағытына бағытталып жатыр. Екі-үш рет жиналып, әкімдікке су сұрап бардық. «Су ашылды» дейді, бірақ ол таңға дейін ғана немесе мүлде келмейді. Ешкім жауап бермейді».

Аудан әкімдігі болса, фермерлерге әр төрт күн сайын су беріп отырғандарын алға тартады. Аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаевтың айтуынша, биыл таудан келетін су көлемі былтырғымен салыстырғанда 2,5 есе қысқарған. Сондықтан судың негізгі бөлігі 1 шілдеге дейін Арыс өзеніне бұрылып отыр екен.

«Отырар мен Ордабасы аудандары да судан қатты тарығып отыр. Сол себепті біз Сайрам тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, суды уақытша Арысқа бағыттап жатырмыз», — дейді Убайдуллаев.

Саяси үнсіздік пен әлеуметтік қыспақ

Алайда шындық — далада. Фермерлер қураған егінге қарап тұрып, биліктің ресми түсіндірмесіне сенуден қалған. Сайрамдықтар үшін ауыл шаруашылығы — тек кәсіп емес, күнделікті нан. Ал биылғы өнім қурап, халық аш қалатын түрі бар.

Бұл жағдай су ресурстарын әділетсіз бөлу, мемлекеттік саясаттың өңірлік теңсіздігі және ауыл еңбеккерлерінің ескерусіз қалуы сынды терең жүйелік мәселелерді ашық көрсетіп отыр. Фермерлердің үні естілмесе, бұл қақтығыс тек егістікпен шектелмей, әлеуметтік толқуға айналуы мүмкін.

Редакция алдағы уақытта бұл мәселе бойынша облыс әкімдігінен ресми түсініктеме сұратпақ.