Киевтің Қазақстан мұнай экспортына жасаған соққылары экономика мен қоғамдық көңіл күйге әсер етуде

26


Munarmedia.kz 14.01.2026 /Астана/ – Украина тарапынан Қазақстанда өндірілген мұнайды тасымалдауға арналған танкерлерге жасалған дрондық шабуылдар республиканың экономикасына, электоралдық үдерістеріне және әлеуметтік ахуалына ықпал етуі мүмкін.

Украина Қара теңізде Қазақстан мұнайын жөнелтуге жалға алынған танкерлерге дрондармен соққы жасаған. Қазақстан Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Украина шабуылдаған «Matilda» және «Delta Harmony» танкерлері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тарапынан фрахтталған. Кемелер Мальта мен Либерия туларымен жүзген.

Министрлік мәліметінше, танкерлер Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай тиеуді күтіп тұрғандықтан, Қазақстанның экспорттық ресурстарына нақты залал келмеген.

Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, Новороссийск маңындағы ҚҚК теңіз терминалына жақын жерде төрт танкерге дрондық шабуыл жасалғанын хабарлаған. «Delta Harmony» танкері ірі қазақстандық Теңіз кен орнынан өндірілген мұнайды, ал «Matilda» кемесі Қарашығанақ кен орнынан жеткізілетін мұнайды тиеуі тиіс болған. Сонымен қатар, украин дрондарының тағы екі шабуылы осы жобалармен жұмыс істейтін халықаралық консорциумдар фрахттаған «Freud» және «Delta Supreme» танкерлеріне бағытталған.

Сарапшылардың айтуынша, шабуылдар жүк тасымалының қалыпты үдерісін уақытша бұзды. Алдын ала деректерге сәйкес, танкерлер АҚШ-та сақтандырылған, сондықтан Украина келтірген залалды америкалық сақтандыру компаниялары өтеуі ықтимал.

Шабуылдар Қара теңіздегі ресейлік терминалдар арқылы өтетін танкерлерді тасымалдау мен сақтандыру құнын арттыруы мүмкін. Бұл бағыттар арқылы әлемдік мұнайдың 2 пайыздан астамы тасымалданады. Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, экспорттық шектеулерге байланысты 1–12 қаңтар аралығында Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 35 пайызға төмендеген.

Қазақстан тарапы Киевке қатысты қатаң немесе ультимативті мәлімдемелерден әдейі бас тартып отыр. Дегенмен Украина ҚҚК-ға алғаш рет соққы жасап отырған жоқ. Бұл құбыр Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар нысан саналады және мұнай экспортының тұрақтылығына, ел кірістеріне тікелей қауіп төндіреді. Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылдан бері ҚҚК инфрақұрылымы мен логистикасына жасалған шабуылдардан келген жалпы шығын шамамен 2 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Оның үштен бірі, яғни 300 млрд теңгеге жуығы, өткен жылғы республикалық бюджет үшін елеулі сома. Соған қарамастан, Астана Украинаға гуманитарлық көмек жіберуді жалғастырып келеді. Бұл қазақстандық блогосферада наразылық толқынын туғызды.

Сарапшы Олжас Байділдиновтің пікірінше, украин дрондарының ҚҚК инфрақұрылымы мен логистикалық тізбектеріне жасаған соққылары Қазақстандағы электоралдық үдерістерге де әсер етуі мүмкін.

«ҚҚК, Орынбор газ өңдеу зауыты және Орта Азия – Орталық газ құбырына (Ресейден Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ транзиті жүзеге асады, сондай-ақ еліміз Ресейден газ импорттайды) ықтимал шабуылдар экономикалық жағдайға және жалпы экономикалық фонға айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Егер референдумға бірден әсер етпесе (себебі бюджет бұл төмендеуді бірден сезбейді — салықтар мен басқа төлемдер белгілі бір уақыттан кейін түседі), жазғы сайлауларға әсері анық», — деп жазды сарапшы.

Бұған дейін саясаттанушы Ғазиз Әбішев 2026 жылдың жазында Қазақстан Мәжілісіне кезектен тыс сайлау өтуі мүмкін екенін айтқан еді.

Сонымен қатар, бірқатар саяси Telegram-арналарда Украина Қарулы күштерінің Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына, соның ішінде ҚҚК-ға жасаған шабуылдары мұнай транзиттік бағыттарын жаһандық қайта бөлудің бір бөлігі деген нұсқа тарады. Бұл жағдайда басты бенефициар ретінде Лондон, нақтырақ айтқанда, қазақстандық мұнайды ҚҚК-дан Әзербайжан порттарына, одан әрі Баку – Джейхан құбыры арқылы тасымалдауды қолдайтын British Petroleum компаниясы аталады. Алайда сарапшылардың айтуынша, мұндай бағыт экономикалық тиімділік тұрғысынан ҚҚК-ға қарағанда әлдеқайда тиімсіз.