ҚР ҰҚК заңсыз импортқа қатысы бар шенеунікті ұстады

24

Munarmedia.kz 14.01.2026 /Астана/ – Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік шекара арқылы тауарларды заңсыз әкелу арнасының жолын кесті.

ҰҚК мәліметінше, Астана қаласының тұрғыны және Батыс Қазақстан облысы Мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының бірінің басшысы ұсталды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер ақшалай сыйақы үшін шетел азаматтарына халық тұтынатын тауарларды ел аумағына заңсыз енгізуге жәрдемдескен. «Олардың 100 млн теңгеден астам сомаға пара алғаны процессуалдық тәртіппен құжатталды», — деп хабарлады ҰҚК.

Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген залал 1,9 млрд теңгені құрайды.

Ұсталғандар қамауға алынды.