Өзбекстан Қорғаныс министрлігі армиядағы орысша терминдерден кезең-кезеңімен бас тартуды ұсынды

51


Munarmedia.kz 14.01.2026 /Астана/ – Өзбекстанда әскери салада қолданылатын орыс тіліндегі терминологиядан біртіндеп бас тартып, өзбек тіліндегі армиялық атауларға көшу үдерісі басталды.

Ұсынылған бастамалар аясында түркі тектес сөздерге басымдық беріліп отыр. Әскери терминдердің өзбекше баламаларын Өзбекстан Қорғаныс министрлігі, сондай-ақ Ғылым академиясының Өзбек тілі, әдебиеті және фольклоры институтының ғалымдары кіретін Терминология комиссиясының жұмыс кеңесі ұсынды.

Бастама 2026–2030 жылдарға арналған ұлттық даму стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылып, ұлттық өзіндік сананы нығайтуға бағытталған.

Атап айтқанда, армиялық лексикада мынадай баламалар ұсынылды:
«аксельбант» — «зарҳал боғ(ич)»,
«амбразура» — «шинак»,
«атака» — «ҳамла»,
«барабан» — «ноғора»,
«блиндаж» — «панажой»,
«блокада» — «қамал»,
«блокпост» — «тўсиқпост»,
«бронежилет» — «зирҳнимча»,
«вещмешок» — «юкхалта»,
«гауптвахта» — «тутуқхона»,
«горн» — «бурғу»,
«диверсант» — «қўпорувчи»,
«дозор» — «эровул»,
«лагерь» — «жамлок»,
«полигон» — «дала ўқув майдони (полевой учебный участок)».

Бұған дейін орыс тілінің қолданысын шектеу жөнінде Өзбекстан Олий Мәжілісінің депутаты, «Миллий тикланиш» партиясының төрағасы Алишер Қадыров бірнеше мәрте ұсыныс жасаған болатын. Ол балабақшаларда орыс тілін алып тастау, орыс тіліндегі телеарналардың хабар таратуын шектеу, маңдайшаларда, хабарландырулар мен нұсқаулықтарда орыс тілін қолдануға тыйым салу, кеңестік идеология символикасы мен насихатын жою, сондай-ақ Ресеймен визалық режим енгізу қажеттігін айтқан.

2026 жылғы 13 қаңтарда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев елдің қорғаныс доктринасын қайта қарауды тапсырды. Мемлекет басшысы қазіргі соғыстың сипаты түбегейлі өзгергенін атап өтіп, барлық сала мен секторды «проактивті жұмыс режиміне» көшуге шақырды. Оның айтуынша, алдағы уақытта әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге басымдық беріледі. Бұл әскери-ғылыми базаны нығайтуды, жауынгерлік және дене даярлығын, сондай-ақ идеологиялық жұмысты қамтиды.

Сонымен қатар президент әскери қызметшілердің «рухани дүниесін байыту» қажет екенін мәлімдеді. Осы мақсатта барлық әскери бөлімдер мен мекемелер 1 млн дана көркем әдебиетпен қамтамасыз етіледі. Курсанттар, мерзімді қызметтегі сарбаздар мен офицерлер арасында көркем мәтін оқу байқауы өткізіледі.

Бұған дейін Ресей Мемлекеттік думасының Қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының бірінші орынбасары Андрей Луговой Өзбекстанда және Орталық Азияның бірқатар елінде тарих оқулықтары Ресей әрекеттерін сын тұрғысынан қайта жазылып жатқанын мәлімдеген еді.

«Азиатский экспресс» басылымының мәліметінше, Өзбекстандағы тарихи жадты өзгерту үдерісі Түркия тарапынан қаржыландырылуда. Анкара бұл бағытқа жүйелі түрде инвестиция салып, «жұмсақ күш» тетіктеріне басымдық беріп отыр.