Munarmedia.kz 14.01.2026 /Астана/ – Қостанай қаласында Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты пікірталас барысында қазақ ұлтының өкілдерін қорлаған 44 жастағы әйел ұлттық араздықты қоздырғаны үшін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Tobolinfo.
Қостанай қалалық №2 сотында Қостанай тұрғыны Юлия Хонға қатысты үкім жарияланды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі — «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» бойынша айыпталған.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қараша айының басында (нақты күні анықталмаған), түнгі сағат 03:45 шамасында айыпталушы мас күйінде TikTok әлеуметтік желісіне кіріп, жеке аккаунтынан тікелей эфирге қатысқан. Кейінірек Юлия Хонның адвокаты Виталий Лидің түсіндіруінше, эфир барысында Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы талқыланған. Сол кезде айыпталушы балағат сөздер айтып, пікірталасқа қатысушыларды ұлттық белгісі бойынша, атап айтқанда қазақтарды қорлайтын мәлімдемелер жасаған. Сот мұны ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған әрекет деп таныды.
Істі қараған судья Ольга Кузнецова Юлия Хонның кінәсі тікелей эфир жазбасымен, сараптамалық қорытындылармен және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденгенін атап өтті.
Сот үкімімен Юлия Хон екі жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу колониясында өтейтін болды. Бұған дейін айыпталушы елден шықпау туралы қолхатпен жүргендіктен, үкім жарияланған соң ол сот залында қамауға алынды. Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған ұлының жол-көлік оқиғасынан кейін көру қабілетінен айырылғаны және әйелдің баласының емделуіне қаржы жұмсап отырғаны ескеріліп, жаза жеңілдетілген.
Сондай-ақ, Юлия Хонның тұрмыста екені, тұрақты жұмысы бар екені және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны айтылды.
Бұдан бөлек, ол 826 мың теңге көлеміндегі процессуалдық шығындарды өтеуге міндеттелді. Айыпталушының адвокаты Валерий Ли тікелей эфир барысында оның қорғауындағы азаматшаға да қорлау сөздер айтылғанын, ал оның барлық ұлтты емес, нақты бір адамды ғана қорлағанын алға тартты. Қорғау тарапы сот үкіміне шағымданатынын мәлімдеді.