70 жыл бұрын Гималай асып, Пәкістан, Үндістанды артқа тастап, дарқан даланың асқар тауын, мұхит-теңіздерін кешіп өткен отандастарымыздың соңғы табан тіреген ұясы – Түркия Республикасы еді. Азапты сапардан кейін Анадолы жерінің жүрегіндегі Исмил ауданы – қазақтар көп шоғырланған қасиетті мекенге айналды.Бүгінде қазақ диаспорасы өкілдерінің күшімен Ыстанбұлдағы қазақ түріктері қоры, Қожа Ахмет Ясауи қоры, «Қазақкент Алтай» ұйымы, Маниса қаласындағы Салихли қазақ түріктерінің әлеуметтік ынтымақтастығы мен мәдениеті бірлестігі, Гүнешли қазақтары қауымдастығы, Нигдедегі Алтай ауылы қазақтары қауымдастығы құрылып, Түркия мемлекетімен экономикалық, мәдени-гуманитарлық, дипломатиялық қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді.Қазақстанның Түркия Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен түріктердің отанында ұлы Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлының ескерткіштері ашылып, көшелерге, саябақтарға және мектептерге өзге де қазақ ғұламаларының есімдері берілді. Бұл бір жағынан алыстағы ағайындар арасында кең ауқымды һәм көпқырлы байланыс жүргізіп келе жатқан Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер министрлігіне қарасты «Отaндaстaр қоры» КеАҚ-ның да үлесі.
Ұйым президенті Данияр Қадыров бастаған делегация жуырда ғана Түркияға ресми іссапармен барды. Олар алдымен Ыстанбұлда тұратын қандастармен кездесті. Жүздесуде Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл, Түркия Әділет және даму партиясы Орталық шешімдер және басқармасының мүшесі Решиде Юксел, «Қазақкент Алтай» қоғамының басқарушы мүшесі Жанымхан Жаңалтай, Қожа Ахмет Ясауи қорының мүшесі Рамазан Авджы, «Қазақстан мәдениет және сауда орталығы» басшысының орынбасары Ержан Уайыс, «Қазақ-түрік білім және зерттеу» қоғамы (KATEAD) басшысы Сүлейман Өзпарк, Түркияда басылатын «Қазақ елі» журналының бас редакторы Ертолқын Гайретуллах және тағы басқа ұйым басшылары мен белсенділері қатысты.
Іс-шара барысында Түркиядағы қазақ диаспорасының екі ел арасындағы экономикалық, адами, әлеуметтік және мәдени капиталды дамытуға қосқан үлесі мен рөлі талқыланды. «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Д.Қадыров Түркиядағы қазақ диаспорасына барынша қолдау көрсетуге мүдделі екендігін, шетелдегі әр қазақ диаспорасының еліміз үшін орны ерекше екендігін атап өтті. Жиында Түркиядағы этностық қазақ жастарының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ана тілін сақтап қалу мәселесі сөз болды.
Өз кезегінде диаспора өкілдері Түркия қазақтарының қазіргі жағдайы, жетістіктері, проблемалары мен оларды шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын тілге тиек етті. Сондай-ақ диаспора өкілдері үшін Қазақстанға танымдық сапарлар ұйымдастыру, ортақ қоғамдық, мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізу мүмкіндігі талқыланды.
Бас консул Н.Аманқұл диаспораның екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтағы рөлі туралы баяндады. Кездесуден кейін ол Ұйым президенті Д.Қадыровты Ыстанбұл қаласындағы қазақ мәдени орталықтарының офистерімен таныстырды. Бұған қоса меймандар Зейтүнбурну ауданындағы Абай атындағы мектептегі домбыра курсы қатысушыларының өнерін тамашалады.
Кейін қазақстандық делегация Исмил қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамының бастамасымен, Конья қаласы мен Исмиль ауданы мэриясының қолдауымен «Исмил қазақтарының мәдени үйі» және Абай үйінің ресми ашылу салтанатына қатысты.
– Қазақ мәдениетін сақтап келе жатқан Исмил ауданы бүгін экономикалық жағынан да, әлеуметтік-мәдени жағынан да үлкен жетістіктерге жеткені анық. Қазақ мәдени орталығы ғимаратының және оның ішінде «Абай үйінің» ашылуы Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдімін, – деді «Отaндaстaр қоры» КеАҚ президенті Д.Қадыров.
Іс-шараға еліміздің Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сапиев, Конья муниципалитеті мэрі Бейін Хитами, Конья қаласы мэрі Угур Ибрахим Алтай, Қаратай ауданы мэрі Хасан Кылыджа, Исмил қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамы басшысы Мухаммет Алим және Түркиядағы қазақ диаспорасынан 300-ден астам қандасымыз қатысты.
Сондай-ақ Қазақстаннан өнер майталмандары арнайы барып, іс-шараның көркін аша түсті. Атап айтсақ, Қарағанды филармониясының әншісі Меруеш Башай, әртіс Дастан Кабилов, күйші Нұрдәулет Шілдебаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал қобызшы Ғайни Болтаева қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ тілінде шырқалған әсем ән мен күмбірлеген күй – алыстағы ағайынның рухын бір көтеріп, Атажұртқа деген сағыныш мауқын басқандай болды.
Жалпы, этностық қазақтар мен отандастар тұратын елдердің ұлттық, мәдени және әлеуметтік-экономикалық жағдайларын ескере отырып, ауқымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Коньяның Исмил ауданындағы Абай үйі мәдени-іскерлік үйі «Отандастар қоры» тарапынан ашылған тоғызыншы орталық болып саналады. Бұдан бөлек, 2019–2023 жылдары мұндай үй Омбы, Ташкент, Бішкек, Киев, Берлин, Ыстанбұл, Аланья, Залах қалаларында ашылған болатын.