Нұрлан Мұқатов Ерейментау ауданының мәселесін емес, Степногор қаласына
қарасты Изобильное, Бестөбе ауыл тұрғындарының өтінішін орындауымыз керек
дегені депутаттардың шамына тиіп кетті. Әкім мырза өз сөзінде "Мен
Степногор қаласы әкімінің орынбасары болған кезде халықпен кездескенде маған
осы ауылдардың халқы Ерейментаудан жерімізді қайтарып беру туралы өтініш білдірген
еді. Біз Степногор қаласының тарихи жерлерін қайтарып беруіміз керек"
дейді мұқалмайтын Мұқатов.
Аудандық мәслихат депутаттары аудан әкіміне "Сіз қай ауданның
әкімісіз?" деген сұраққа жауап бере алмады. Депутаттар Слеті ауылының 150
адам тұрғындары қарсылық білдірген хатын да көрсетті. Алайда, Степногордың
қамын жеп, қала әкімі Алпысбай Қайыржановпен ауыз жаласқан Мұқатов 200 мың
гектар жерді қалайда қайтару керек екенін дәлелдеп бағуда.
Қазіргі таңда Изобильное және Бестөбе ауылының халқында ауылшаруашылық
жерге деген мұқтаждық жоқ. Тіпті бұл мәселені Степногорлықтар көтеріп отырып
жоқ. Ал халық қалаулыларымен салғыласып отырған Нұрлан Мұқатов "халықтың
шешіміне" бағынамын дегенімен ерейментаулықтардың қарсылығына қарамастан
200 мың гектар жерді беруді жоспарлап отырғанын ашық айтуда.
Жер халықтікі. Халықтың және оның біртұтас мемлекетінің меншігі.
Мемлекеттік қызметті асыра пайдаланып отырған мұндай Мұқатовтардың аудан жерін
талан-таражға салуына не түрткі болды? Шекара бөліп, тарихи жерлерді қайтаратындай
қандай қажеттілік туды? Сұрақ көп жауап жоқ. Елдің амандығы, бүтіндігі,
тыныштығы керек.
Сондықтан да Мұқатов, Қайыржанов сынды "уақытша" әкімсымақтар
халықтың рұқсатынсыз жер сату немесе бөлу деген әңгімені мүлдем доғарсын дейді
Слеті ауылының тұрғындары.
Мәслихат сессиясы тікелей эфирде өткізілгендіктен бұл мәселе Ерейментау
ауданы мәслихатының фейсбук парақшасында қол жетімді.