Соңғы кезде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның медиа алаңында "ядролық энергия арқылы Орта Азияны энергетикалық кризистен құтқарамыз" дейтін Кремль агитациясы күшейіп барады деп жазады Fragment.
Бұл бастаманың астарында Ресейдің саяси және экономикалық мүддесі жатқаны айдан анық. Fragment-ке жеткен мәлімет бойынша аймақ елдерінде ядролық энергияны балама шешім ретінде қарастыру үшін ауқымды ақпараттық кампания басталған.
Алдағы екі-үш айдың көлемінде компания өкілдері (барлаушылары) аймақтағы соның ішіндегі Қазақстандағы ресейшіл медиаға жаппай сұхбат беріп, "РосАтом" қауіпсіз әрі экологиялық таза технология ұсынады" дегенге ел-жұртты иландыруға тырысады.
"РосАтомның" Орта Азиядағы өкілі (кураторы) Дмитрий Кәнстантинов ресейлік алпауыттың имиджін жақсартуға білек сыбана кіріскен жайы бар. Ресейлік реакторлардың қауіпсіздігіне кепілдік берген Кәнстантинов олардың 8 баллдық жер сілкінісіне төтеп бере алатынын алға тартып отыр.
Fragment-ке пікір білдірген, алайда аты-жөнін атамауды өтінген физик-ядерщиктің айтуынша Орта Азия сейсмикалық белсенділікке жиі ұшырайтындықтан, жер сілкіністерінің ықтималдығы әрқашан жоғары. Бұл аймақта АЭС салу үлкен тәуекелге алып келеді.
"Росатом" ұсынып отырған РИТМ-200Н реакторлары бұған дейін тек теңізде, атап айтқанда, Арктикадағы мұзжарғыш кемелер мен "Академик Ломоносов" атты қалқымалы АЭС-те қолданылған. Бұл реакторлардың құрлықта қаншалықты қауіпсіз жұмыс істері белгісіз", - дейді маман.
Мәселен, 2023 жылы ядролық отынды тасымалдауда пайдаланылған кеме қауіпсіздік талаптарын бұзған.
"Чернобыль апаты мен "Курск" трагедиясы – бұл Ресейдің ядролық саладағы немқұрайдылығының нақты мысалдары. Арктика аймағындағы ядролық қалдықтарды тазалау жұмыстары тоқтатылып, бұл аймақ экологиялық қауіпті аймаққа айналуда. Ресейдің Украинадағы соғысы оның ядролық саладағы ресурстарын сарқып отыр, бұл атом энергетикасына байланысты қызметтердің дұрыс орындалмауына алып келеді", - деді бізге пікір білдірген спикер.
Референдум жақындаған сайын Қазақстанның медиа алаңында РосАтом-ның мақтауын асыратын жалдамалы блогерлер мен саясаттанушылардың "сараптамасы" көбейе бастайды. РосАтомнан аулақ болу – Қазақстанның өз егемендігін және қауіпсіздігін сақтаудың бірден-бір жолы.