Дамир Булумбаевтың анасы төрт рет жедел жәрдем шақырған. Фельдшер екі рет баланы ауруханаға жатқызудан бас тартып, оның сырқатын симуляция деп бағалаған. Үшінші қоңырауға ешкім жауап бермеген. Тек төртінші рет шақыртудан кейін ғана баланы ауруханаға алып кеткенімен, тым кеш болды, деп хабарлайды Orda.kz ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Дамир жақында қарапайым суық тиюмен ауырған. Поликлиника дәрігерлері ем-дом жазып берген, бала дәріні дәл нұсқаулық бойынша қабылдаған.
«Апта соңына қарай жағдайы жақсарып, дене қызуы түсті. Сенбі күні анасы онымен бірге поликлиникаға барып, дәрігерден мектепке баруға рұқсат беретін анықтама алғысы келді. Дәрігер қарап, оның жағдайы жақсы екенін айтып, дүйсенбіде сабаққа бара алатынын жеткізді», – деді марқұмның ағасы Борис Вахрушев.
Алайда 26 қаңтар, жексенбі күні кешке қарай Дамир аяқтарының сіңірі қатты тартылып, ауырсынатынын айтып шағымданады. Анасы жедел жәрдем шақырады. Келген фельдшер тек сырттай қарап, бұл ауырсынуды психосоматикалық құбылыс деп бағалап, ісінген жерге жылы басуды ұсынады.
Бірінші бригада кетіп қалғаннан кейін баланың жағдайы одан әрі нашарлайды: ауырсыну күшейіп, шап аймағына дейін тарайды. Анасы түнгі сағат үште қайта қоңырау шалады, бірақ жедел жәрдемнің сол бригадасы қайта келеді.
«Фельдшер Дамирдің анасына баланың сырқаты жоқ екенін айтып сендіруге тырысты. Ол 24 жылдық тәжірибесі бар екенін айтып, баланың ауруды өтірік көрсетіп отырғанын алға тартты. Тіпті егер өзін дұрыс ұстамаса, психиатриялық жедел жәрдем шақыртамын деп қорқытқан», – деп еске алады ағасы.
Фельдшердің кеңесі бойынша жылы басқан жерлерде қан тамырларының көкшіл іздері пайда болады. Дәрігер мұны қан тамырларының түйілуімен түсіндіреді. Дамир ауруды басатын дәрі егуді сұрағанда, фельдшер инъекция жасап, кетіп қалады.
Ағасының айтуынша, Дамирдің тыныс алуы жиілеп, аяқ-қолын сезуден қалады. Ол анасына «Мама, мен өлгім келмейді» деп айтқан. Анасы фельдшерге хабарласқанда, ол егілген дәрінің мұндай әсері болмайтынын айтып жауап берген.
Үшінші рет жедел жәрдем шақырғанда, қоңырау қабылданбаған. Анасы оны өзі ауруханаға апаруға тырысқанымен, баласын көтере алмаған. Амалы таусылып, төртінші рет жедел жәрдем шақырады. Бұл жолы бригада 30 минуттан кейін келеді. Баланың ауыр халін көріп, преднизолон егеді.
«Преднизолон салған бойда Дамирдің көзі қарауытып, есінен танып, денесі босап қалды. Оны зембілге салып, жедел жәрдемге көтерді. Анасы дәрігерлерден баланың тамыры соғып тұрған-тұрмағанын сұраумен болды. Фельдшерлер соғып тұр деп сендірген. Бірақ ауруханаға жеткізгенде реаниматолог: "Неге әкелдіңдер? Оның тамыры соғып тұрған жоқ" деді. Соған қарамастан оны аман алып қалуға тырысты», – деді ағасы.
Дәрігерлер бір сағат бойы реанимация жасағанымен, Дамирді құтқару мүмкін болмады. Баланың жедел жәрдемде ме, әлде ауруханада ма көз жұмғаны әлі белгісіз.
Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Тәуелсіз сарапшылардан құралған комиссия құрылды. Медициналық қызметкерлер тарапынан тәртіп бұзушылықтар анықталды. Кінәлілер жауапқа тартылады. Марқұмның жақындарына көңіл айтамыз», – делінген ресми мәлімдемеде.
Марқұмның туыстары оның ешқандай созылмалы ауруы болмағанын және уақытылы медициналық көмек көрсетілгенде, оны құтқаруға болатынын айтады.