Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

«Бәрі ештеңе болмағандай кейіп танытады» – сенатор мектеп оқушыларына жасалған зорлық пен олардың жүктілігі туралы

98


Сенатор Нұртөре Жүсіп жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің көбеюіне және бұл мәселеге қоғамның жеткілікті назар аудармауына алаңдаушылық білдірді.

Депутаттық сауалында ол соңғы бес жылда мұндай жағдайлар бір жарым есеге артқанын айтты.

«Пандемия кезінде басталған жасөспірімдер арасындағы туу көрсеткішінің күрт өсуі әлі де бір деңгейде қалып отыр. 2023 жылы 5 094 жасөспірім босанған – бұл жалпы туу көрсеткішінің 1,3%-ын құрайды. Ауылдық жерлерде жасөспірім қыздардың босануы қаламен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, жасөспірім қыздарға жасалатын зорлық-зомбылық фактілері де көбейіп келеді. Бірақ біздің қоғамда мұндай оқиғалар көбіне жабық күйінде қалып, ешкім назар аудармайды», – деді сенатор.

Депутат бұл мәселемен әсіресе Білім және Денсаулық сақтау министрліктерінің жүйелі түрде айналысуы қажет екенін атап өтті.

«Жасөспірімдер жүктілігі – бұл тек репродуктивті денсаулық мәселесі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік көрсеткіш. Фертильді жасқа енді толған жасөспірімдердің бүгінгі денсаулығы алдағы 10–15 жылдағы туу көрсеткішіне және демографияға тікелей әсер етеді», – деді ол.

Сенатор жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің көбею себептерін анықтау үшін түрлі министрліктер мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен ведомствоаралық талдау жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуын қатаң бақылауды талап етті.

«Жасөспірімдер мен олардың ата-аналары ерте жүктіліктің қаупі, құқықтары мен жауапкершілігі туралы ақпараттандырылуы тиіс», – деді сенатор.

Жақында Қызылорда тұрғыны 16 жасқа толмаған кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін 12 жылға сотталды. Қыз жүктілігі анықталғаннан кейін қылмыстық іс қозғалған.