Саясат | 22 маусым 2025 | Munarmedia.kz | Астана-Молдованың сыртқы әріптестері көп, соның ішінде ең маңыздысы – Еуропалық Одақ. Дегенмен, Брюссель бұл елге едәуір қаржылай көмек беріп келе жатқанына қарамастан, АҚШ тарапынан түсетін көмектің орнын толтыруға дайын бола ма деген күмән бар.
Кишинёв алаңдаулы
Кишинёвте Дональд Трамптың риторикасына алаңдаушылық артып отыр. Ол Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресеймен мәміле жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ресейден төнетін қауіп сейілмейінше, Украинамен көршілес жатқан Молдова да қауіп аймағында қала береді: бір жағынан – көрші елдегі соғыс, екінші жағынан – Мәскеудің ішкі тұрақтылықты шайқалтқысы келетін әрекеттері.
Егер АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелсе, Вашингтон Украинаға, сонымен қатар аймаққа да деген қызығушылығын жоғалтуы мүмкін. Мұндай жағдайда Кишинёв америкалық қолдаусыз және Ресей ықпалының артуы жағдайында еуропалық бағытты жалғастыру жолдарын өз бетінше табуға мәжбүр болады.
Бейімделу қиындықтары
Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия елдерінен айырмашылығы – Молдова соғыс басталған сәттен бастап-ақ Мәскеумен қарым-қатынасты тоқтатып, Украинаны ашық қолдады. Бастапқыда бұл шешім моральдық және стратегиялық тұрғыда дұрыс көрінді. Бірақ қазір, Трамп Путинмен тікелей диалог орнатып, соғысты тоқтатқысы келген тұста, Молдова күрделі таңдау алдында қалды: егер Ресей АҚШ-тың серіктесіне айналса, Кишинёв өз саясатын қалай жалғастыра алады?
Бітім орнаса, Ресей бұрынғы ықпалын қалпына келтіруге күш салуы мүмкін. Бұл ретте соңғы үш жылда антиресейлік бағыт ұстанған Молдова Кремльдің басты нысанасына айналуы ғажап емес – тікелей басқыншылық емес, саяси және ақпараттық қысым тұрғысынан.
Батыс елдері де Молдованы алдыңғыдай белсенді түрде қолдай алмауы мүмкін. 2022 жылғы ақпан мен қазан аралығында АҚШ Кишинёвке $200 миллион көлемінде көмек көрсетсе, 2024 жылдың соңына қарай бұл сома $949 миллионға жеткен. Бұл қаржы Молдова Қарулы күштерін жаңартуға, гуманитарлық және экономикалық жобаларға жұмсалды.
Мәселен, USAID желісі бойынша Молдова мен Румыния арасындағы жоғары вольтты электр желісін салу жобасы қарастырылған еді. Бұл — елдің ресейлік энергияға және Приднестровьеде өндірілетін электрге тәуелділігін азайту үшін маңызды жоба болатын. Алайда Трамптың шешімімен USAID жұмысының тоқтауы осы жобалардың тағдырын күмәнді күйге түсіріп отыр.
АҚШ көмегінсіз қалған тәуелсіз БАҚ, құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық бастамалар да Ресейге тиімді жағдай қалыптастырады. Реформаларға зәру, ішкі саяси қайшылықтардан шаршаған ел үшін бұл өте ауыр соққы.
Иә, Молдованың Еуроодақ сияқты басқа серіктестері де бар. Бірақ Брюссельдің Молдоваға бөлетін қаржысы онсыз да қомақты, сондықтан ол америкалық көмекті де толықтай алмастыра алады деу күмәнді. Бұған қоса, егер Мәскеу мен Вашингтон арасында жылы қарым-қатынас орнаса, онда Ресей Батыс үшін тікелей қауіп көзі ретінде қарастырылмауы мүмкін. Бұл Молдова билігін еуроинтеграция бағытын сақтау үшін әлдеқайда икемді болуға мәжбүр етеді.
Молдовалық трампизм
Трамптың прагматикалық сыртқы саясатына бейімделу Молдова үшін оңай емес. Елде ішкі саяси поляризация күшейген. Өткен күздегі президент сайлауында Майя Санду жеңіске әрең жетті. Сонымен қатар, халықтың едәуір бөлігі Ресейді қауіп ретінде қарастырмайды. Оларға Трамптың «Мәскеумен қарым-қатынасты реттеу» туралы ұраны қазіргі биліктің Еуроодаққа мүше болу бағытынан әлдеқайда шынайы естіледі.
Молдовандар Еуроодақпен визасыз режим мен еркін сауда аймағы сияқты нақты пайдасын көптен бері көріп келеді. Бірақ олар үшін коррупциямен күрес, табыс деңгейін көтеру, бағаны тұрақтандыру сияқты ішкі мәселелер шешілмей тұрғанда, Еуроодақ жолындағы кезекті жетістіктер қызық емес.
2024 жылы елдің ЖІӨ-сі небәрі 0,1%-ға ғана өсті. Инфляция 7%-ға жетті. Газ бен электр бағасының күрт өсуі бұл көрсеткішке тікелей әсер етті. Ресей газынсыз өмір сүре бастағанына қарамастан, Кишинёв әлі де тұрақты энергетикалық жүйе қалыптастыра алмады. Мұның барлығы — халық пен билік арасындағы сенім алшақтығын ұлғайтып отыр.
Оппозицияның жаңа беталысы
Қыркүйекке жоспарланған парламент сайлауы қарсаңында бұл жағдай оппозицияға жаңа мүмкіндіктер сыйлауда. Бұрын ЕО бағытына ашық қарсы шыққан саяси күштер енді өздерін «ұлттық егемендікті қорғаушылар», «консервативтік құндылықтарды жақтаушылар» және «прагматикалық саясаткерлер» ретінде ұсынуда.
Мәселен, бұрынғы прокурор Александр Стояногло, Кишинёв мэрі Ион Чебан, экс-премьер Ион Кику және экс-коммунист Марк Ткачук біріккен «Альтернатива» коалициясы өзін ЕО бағытын ұстанатын «Іс пен ынтымақ» партиясына (PAS) да, дәстүрлі ресейшіл оппозицияға да балама ретінде көрсетіп отыр. Олар Еуроодақпен де, Ресеймен де тек ұлттық мүддеге сай қарым-қатынас орнатуды ұсынады.
Трамптың идеологиясына ұқсас бұл бағыт – ішкі мүддені басым қою және сыртқы ықпалды шектеу. Осы бағытта Чебан сәуір айында Румынияда өткен жабық шарада Дональд Трамптың ұлымен кездесіп, «MAKE MOLDOVA GREAT AGAIN» деген жазумен фото жариялады. Оның серіктестері АҚШ президентінің Украинадағы бейбіт бастамасын қолдауға шақырып, кейін үнсіз отырған билікті сынға алды.
PAS-тың уақытты ұтуы мүмкін бе?
Бірақ билік басындағы PAS партиясы елдегі өзгерістерге назар аудармаған сыңайлы. 2021 жылдан бері олардың ұраны – «PAS-қа дауыс бер. Бұл – Еуропа командасы». Басты аргумент: Молдованың тұрақты дамуы – тек Еуроодаққа қосылу арқылы мүмкін.
Иә, Молдова кандидат ел мәртебесін алды, ЕО-мен ресми келіссөздер басталды. PAS осы жетістікті өздерінің басты жеңісі деп есептейді. Брюссель де қаржылай көмекті аямай отыр: жолдар, білім беру, денсаулық сақтау, энергетика салаларына қыруар қаржы бөлінуде. 2024 жылы ЕО тарапынан бекітілген ең ірі көмек пакеті – 1,8 миллиард еуро.
2025 жылдың басында энергетикалық дағдарыс кезінде Еуроодақ Приднестровьеге де көмектесуге әзір екенін көрсетті. Бұл — Кишинёвке бағытталған маңызды сигнал: Приднестровье мәселесі ЕО-ға кіру жолында кедергі емес. Жақында Брюссель шілде айында Молдова – ЕО саммиті өтетінін хабарлады. Бірақ мұндай символдық әрекеттер PAS-қа сайлауда жеңіске жетуге кепіл бола алмайды.
Егер билік партиясы халықтың нақты сұраныстарына сай жаңа күн тәртібін ұсынбаса, парламенттегі көпшіліктен айырылып қалу қаупі жоғары. Бұл бағытты сақтап қалу үшін PAS түрлі идеологиялы, бірақ ЕО бағытын қолдайтын күштермен коалиция құруға мәжбүр болады. Алайда әзірге олар ешқандай ымыраға барғысы келмей отыр.
Партияның парламентте абсолютті басымдық алуға мүмкіндігі азаюда. Ал коалициялар әрдайым сауда мен келіссөзге әкеледі. Бұл реформа қарқынын баяулатып, ЕО-ның Молдоваға деген қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Қазірдің өзінде Еуроодақ Трамп билігі тұсында өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Сондықтан Молдованың ішкі саяси тартысына уақыт бөлу – Брюссельдің күн тәртібінде жоқ. Соның салдарынан Молдова тағы да «сұр аймаққа» айналуы мүмкін — әрі сыртқы, әрі ішкі саясат тұрғысынан.