Қазақстанда кедейлік деңгейі соңғы он жылда екі есеге жуық өскен. 2015 жылы халықтың 2,7 пайызы кедей деп есептелсе, 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 5,1 пайызға жеткен. Бұл жайлы депутат Асхат Рақымжанов ашынып тұрып айтты деп жазады Ertenmedia.
Депутаттың мәлім еткеніндей, билік "өзін-өзі жұмыспен қамтығандар" деп есептейтін аудитория әлгі статистикаға енбеген.
Бұған дейін Ertenmedia-ға пікір білдірген экономист Расұл Рысмамбетов биліктің кедейлікпен күрес стратегиясы жұмыс істемейтінін айтқан.
"Халықта капитал жоқ. Тіпті үтік пен шәугімге дейінгі шағын дүниені де кредитке алатын болдық. Қымбат зәулім үйлер аңырап-қаңырап тұр. Оған көшіп барады-ау деген орта таптың табысы ортайып қалған. Тапқан табысыңның тең жартысын тамаққа жұмсау, шыны керек трагедия", - деген еді ол.
"Үйдің ремонты, көлік жаңарту, киім-кешек алу, балаларды үйірмеге тасу секілді әдепкі тұрмыстық қажеттіліктен бас тартып жатқан қазақтар қаншама. Қымбатшылық қысып барады өйткені. Жарайды, жыртық нәскиді жамап киерміз, ал тамақ алмай тұра алмайсыз", - деген болатын экономист.