Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Моңғолияда қазақтарды діндеріне бола жұмысқа алмай ма?

94




Улаанбаатар қаласының әкімінің шешімімен жаяу жүргіншілер жолын бөгеп тұрған және рұқсатсыз орнатылған дүңгіршектерді көшіру жұмыстары жүріп жатыр.

Осы шара аясында Сүхбаатар ауданының 8-ші хороосында да жаяу жүргіншілерге кедергі келтірген ТҮЦ-тер (дүңгіршектер) алынып, олардың орны тазартылып, залалсыздандырылды.

Атап айтқанда, барлығы 52 дүңгіршек көшіріліп, қоғамдық кеңістіктер босатылған. Алайда бұл кезде бір қазақ әйелі дүңгіршек ұстауға мәжбүр болғанын, себебі діни сеніміне байланысты еш жерге жұмысқа алмайтынын айтып, жұртшылық назарын аударған.

Ол өзі жоғары білімді, үш түрлі мамандық иесі екенін айтқанымен, дініне байланысты жұмысқа қабылданбай жүргенін мәлімдеген. Бұл пікір қоғамда наразылық тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.

Мысалы, Самат Сак есімді қазақ азаматы Facebook парақшасында былай деп жазды:

«Бұл әйел ашықтан-ашық жалған айтып отыр. Моңғолияда дініне қарап ешкімді алаламайды. Бірақ бұл кісі арабша діни киіммен келіп, мемлекеттік қызметке тұра алмайтынын түсінбей отыр. Күніне бес рет намаз оқимын десе, ол қалайша жұмыс істейді? Дін мен мемлекет – екеуі бөлек нәрсе. Ғылымға негізделген кәсіби бақылау діни уағызбен қалай үйлеспек? Сондықтан арабша киінуді тоқтату керек.

Қазақ болса, арабтың лаңкесіндей киініп, адамдарды қорқытуды қойсын. Жалпы, арабша киінгендер "Аллаху акбар" деп не болса да айта салады, не істесе де тайсалмайды. Арабша бірнеше сөз жаттап алып, өліммен қорқытып, құрбандық сұрап, жалған өмір сүріп жүргендер. Қазақ екенін де ұмытқандар. Бұлар – мейлі қазақ, мейлі моңғол болсын, Алланың атын жамылып қорқытып үйреніп алған. Бұларға сенуге болмайды.

Баян-Өлгий аймағының білім беру көрсеткіші үнемі 21-орында соңғы орында жүретіні де – мұғалімдердің көбі дінге беріліп кеткенінен. Facebook желісінде діни үгіт жүргізіп, мектептерде де балаларға өмірдің жақсы-жаманы Алланың қолында, дұға етіп, құрбандық шалсаң күнәң кешіріледі, өлімге дайындал деген сияқты ой сіңіреді. Соның салдарынан балалардың оқуға деген ынтасы жойылып жатыр».

Ендеше, Моңғолияда қазақ азаматтары дініне бола шеттетіліп жатыр ма? Бұл сұраққа нақты әрі бейтарап жауап беру үшін жан-жақты зерттеу қажет. Заң жүзінде Моңғолияда діни сенімге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Алайда қоғамдық көзқарас пен тәжірибеде жеке адамдардың түсінігі мен діни киім үлгісіне байланысты кикілжіңдер туындауы мүмкін. Бұл – діни сенім бостандығы мен зайырлы қоғам арасындағы шекараны айқындайтын күрделі мәселе.