Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Мұнай мен уран Қазақстанды асыраудан қалып барады

47




Көп жылдар бойы мұнай, кен және уран сатудан түскен табыс Қазақстан экспортының негізгі бөлігін құрап келді. Алайда қазір бұл шикізаттардан түсетін пайда азая бастағаны байқалып отыр.

Halyk Finance сарапшылары 2025 жылдың бірінші тоқсанына қатысты сыртқы сауда статистикасын талдап, бірқатар сұрақтарға тап болды. Бұл сұрақтарға әзірге мемлекеттік органдар тарапынан ресми жауап берілген жоқ.

Алдымен айта кетерлігі — Қазақстан экспорты төмендеді. 2024 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, экспорт көлемі 13,4 %-ға азайған. Ал керісінше, импорт 0,3 %-ға өскен. Қаңтар-наурыз айларында еліміз сыртқы саудадан 16,3 миллиард доллар табыс тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 миллиард долларға аз.

Ең көп төмендеген — шикізат экспорты. Бұл бағыттағы кіріс бір жыл ішінде 14,4 %-ға қысқарған. Аралық өнімдер экспорты да 6,7 %-ға азайған. Дегенмен, дайын өнім экспорты 4,2 %-ға өскен. Алайда бұл сегменттің сауда көлемі айтарлықтай аз — 1,8 миллиард доллар ғана (шикізат секторының 12,8 миллиардымен салыстырғанда).

Сарапшылардың пікірінше, мұнай экспортына қатысты түсініксіз жағдайлар туындап отыр.

«Мұнай жеткізу көлемі де, одан түскен табыс та төмендеді: құн жағынан — 21,2 %, ал физикалық көлем бойынша — 14 %. Бұл ретте еліміздегі мұнай өндірісі өскен. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұнай өндіруді 5,8 %-ға арттырған. Теңіз кен орнындағы қуаттылықты арттыру да әсер етті. Әдетте өндіріс өскен сайын экспорт та артуы керек, бірақ бұл жерде керісінше жағдай болып отыр. Мұндай алшақтыққа қатысты ресми түсініктеме табылмады», — дейді сарапшы Айдос Тайбекұлы.

Кен мен минерал экспорты да төмендеген. 2025 жылдың алғашқы айларында Қазақстан темір рудасын сатудан 30 %-ға аз табыс тапқан. Өйткені әлемдік нарықта оған деген сұраныс төмендеген.

Мыс рудасы экспорты бір пайызға ғана өскен. Еліміз бидай экспортын арттырғанымен, оның көлемі жалпы сауда статистикасына айтарлықтай әсер ете алмады.

Тағы бір стратегиялық шикізат — уран мен оның өнімдері де нарықта позициясын жоғалта бастаған.

«Ядролық отынға арналған жартылай фабрикат өнімдерінің экспорты 84 %-ға қысқарды. Физикалық көлем бойынша да 80 %-ға азайған. Бұл былтыр басталған технологиялық компоненттер тапшылығымен байланысты болуы мүмкін», — деп атап өтті сарапшылар.

Жағымды жаңалық та бар

2025 жылдың алғашқы үш айында Қазақстан келесі тауарлардың экспортын ұлғайтты:

  • металлопрокат — 9 %,

  • машина мен жабдықтар — 12,9 %,

  • зергерлік бұйымдар — 18,9 %,

  • өсімдік майлары мен май өнімдері — 80 %.

Алайда сарапшылар бұл өсімдерді «бір қасық бал» деп сипаттап отыр.

«Экспорттың қысқаруы салдарынан сыртқы саудадағы оң сальдо 39 %-ға азайды: 5,6 миллиардтан 3,4 миллиард долларға түсті. Алғашқы екі айда бұл көрсеткіш 36 % болған еді. Біздің классификация бойынша, шикізаттық емес сауда балансы бұрынғысынша теріс — минус 8,2 миллиард доллар. Бұл өткен жылғы минус 8,1 миллиардтан да нашар», — дейді Айдос Тайбекұлы.

Осы уақытта Қазақстан ОПЕК-тің мұнай өндіру жөніндегі талаптарын тағы да елемей отыр.