Белгілі кәсіпкер, инвестор әрі «Бай әке, кедей әке» атты бестселлердің авторы Роберт Кийосаки АҚШ экономикасының құлдырайтынын болжады. Оның айтуынша, жақын арада елді гиперинфляция жайлап, миллиондаған америкалық кедейлікке тап болады.
Кийосаки инвесторлардың АҚШ-тың мемлекеттік қарыз облигацияларына қызығушылық танытпағанын алға тартты. Оның айтуынша, АҚШ Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) жариялаған соңғы аукционға бірде-бір инвестор қатыспаған.
«Кеш ұйымдастырып, оған ешкім келмесе не болады? Кеше тура сондай жағдай орын алды. ФРЖ АҚШ мемлекеттік облигацияларын аукционға шығарды, бірақ бірде-бір инвестор қызығушылық танытпады. Ақырында ФРЖ 50 миллиард доллардың жалған ақшасына өзі облигацияларды сатып алды. Болды, кеш аяқталды. Гиперинфляция табалдырықта тұр. Миллиондаған жас пен егде адамдар қаржылық күйреуге ұшырайды», — деп жазды Кийосаки өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында.
Инвестор бұл жағдай алтын, күміс пен криптовалюталардың бағасын күрт өсіреді деп есептейді. Ол жақын болашақта биткойнның бағасы 1 миллион доллар, ал алтынның бір унциясы 25 мың доллар болады деп болжады.
Алайда Financial Express басылымы бұл мәлімдемелерге күмәнмен қарайды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, АҚШ Қаржы министрлігінің 42 күндік қазына вексельдеріне жалпы сомасы 212,5 миллиард доллар болатын өтінімдер түскен. Соның ішінде 74,3 миллиард доллар көлемінде облигациялар сатылған, ал олардың тек 4,3 миллиард доллары ғана ФРЖ-ның ішкі шотына аударылған.
Басылым Кийосакидің бұл мәлімдемесі оның өзге болжамдарына қайшы келетінін де атап өтті.
«Тек бір күн бұрын ғана Кийосаки жаһандық нарықтардың құлдырауы — байып кетуге таптырмас мүмкіндік екенін айтқан. Ол АҚШ үкіметінің несиелік рейтингі төмендегенін сирек кездесетін инвестициялық сәт деп бағалаған. Сондай-ақ, ол нарықтар құлдыраған кезде тұрақты табыс көзі ретінде жылжымайтын мүлікке, алтын мен күміске, биткойнға инвестиция жасауды ұсынған», — деп жазады Financial Express.
Айта кетейік, Кийосаки — инвестиция тақырыбындағы бестселлер кітаптардың авторы. Оның ең танымал еңбегі — «Бай әке, кедей әке». Қазіргі уақытта оның байлығы 100 миллион долларға бағаланады. Алайда ол бұрын да бірнеше рет негізсіз болжамдары мен даулы қаржылық ұсыныстары үшін сынға ұшыраған.
Соған қарамастан, Кийосакидің апокалиптикалық болжамдарына қарама-қайшы бір дерек бар: АҚШ экономикасы әзірге тұрақты күйде. Мәселен, жуырда Америка Алматы қаласында консулдық салуға ресми жер телімін алған.