Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

«Мен — жартылай адаммын»: Алматыда бүйрек саудасына қатысты басты күдікті сотта сөз сөйледі

orda.kz
111


Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында адам ағзаларын — нақтырақ айтқанда, бүйректерді — сатып алу және сату ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті.

Сотта тергеу органдары ұйымдасқан қылмыстық топтың (ОҚТ) жетекшісі деп таныған Бауыржан (аты-жөні өзгертілген) жауапқа тартылды. Ол өз сөзінде айыптаулармен келіспейтінін және өзге бес күдіктінің ешқайсысын танымайтынын айтты. Алайда сотта бұрын жауап берген күдіктілердің бірі дәл осы Бауыржан үш донорды Түркияға бүйрек сатуға өзі алып кеткенін мәлімдеген болатын.

Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабы («Адамның ағзалары мен тіндерін алу немесе заңсыз алу үшін мәжбүрлеу») бойынша қаралып жатыр. Тағы бір айыпталушы Ербол сотта 37 адамның тізімін тергеу органдарына бергенін, бірақ соның ішінде үш куәгердің әлі күнге дейін іске тартылмағанын жеткізді.

Бұған дейінгі сот отырысында судья екі куәгерді мәжбүрлеп жеткізу туралы шешім шығарған еді. Алайда олар көрсетілген мекенжайда тұрмайтын болып шыққан, сондықтан бұл шешімді орындау мүмкін болмады.

Сотта сөз алған Бауыржан өзін ақтауға тырысты:

«Маған тағылған айыппен келіспеймін. Машинам мен үйімді түгел тінтті, ештеңе тапқан жоқ. Тергеу бір жарым жылдан бері жүріп жатыр. Егер кінәлі болсам, баяғыда дәлелденер еді. Мені үйқамаққа отырғызған кезде ауруханада жатқам. Сол кезде тергеушілер келіп: „Кінәңді мойында — жазаң жеңіл болады“, — деп айтты. Әуелі мені бүйрек сатты деп айыптады, кейін сатып алды деді. Мен жарты адам сияқтымын — біреулер мені тірідей көміп жатыр».