"Мұрагерлік миссия. Бердімұхамедов неге ұлын бақылау үшін қызын саясат сахнасына шығарды?"

55



Munarmedia.kz. 25.06.2025 /Астана/-Түрікменстанда соңғы жылдары билікті Сердар мен Гурбангулы Бердімұхамедовтердің отбасылық дуэті басқарды. Әкесі президенттік креслоны 2022 жылы ұлына тапсырып, өзі елдегі ең жоғары билік органы – Халк Маслахатының (Халық кеңесінің) төрағасы атанды. Алайда бұл дуэт жуырда триоға айналды: билік сахнасына тағы бір Бердімұхамедов шықты – қазіргі президенттің қарындасы, бұрынғы президенттің қызы Оғулджаһан Атабаева.

Бұған дейін мемлекеттік басқарудан алыс жүрген Атабаеваның кенеттен белсенділігі артып, мемлекеттік медианың басты кейіпкеріне айналуы Түрікменстанда жаңа сұрақтар туындатты. Ел ішінде Сердардың президенттік қабілетіне күмән келтіретін Гурбангулы Бердімұхамедов ендігі таңда оны тежеп отырудың тетіктерін іздеп жатыр деген болжамдар тарады. Ал Атабаеваның саяси аренадан табылуы – осы жоспардың бір бөлшегі болуы мүмкін.


Қарапайым қыз емес, саяси фигура

Орталық Азияда, оның ішінде Түрікменстанда жоғары лауазымды шенеуніктер мен президенттер өз отбасы туралы ақпаратты құпия ұстайды. Бірақ уақыт өте келе жақын туыстарының билікке араласып кеткені бәрібір анықталады – мемлекеттік құрылымдардағы жоғары қызметтер мен ірі бизнес арқылы.

Себебі жүйе ішіндегі сенім тек отбасына ғана артылады. Біліктілігі жоғары, бірақ дербес ойлы шенеуніктерден гөрі, қан жағынан жақындар әлдеқайда сенімдірек. Сондықтан Орталық Азияда президенттің ұлдары мен күйеу балалары ғана емес, қыздары да биліктің шынайы тірегіне айналып жатады.

Мәселен, Дариға Назарбаева мен Гүлнара Каримова – өз уақытында әкелерінің орнын басуы мүмкін деп есептелген. Қазір де Өзбекстан президентінің қызы Саида Мирзиёева мемлекеттің бірінші көмекшісі болса, Тәжікстан басшысының қызы Озода Рахмон – президент аппаратының жетекшісі әрі ең ықпалды тұлғалардың бірі.

Енді бұл қатарға Түрікменстан қосылды. 2024 жылдың соңында Гурбангулы Бердімұхамедовтің қызы әрі президент Сердардың қарындасы Оғулджаһан Атабаева балаларға көмек көрсетуге арналған қайырымдылық қорының емдеу ісі жөніндегі вице-президенті болып тағайындалды. Бұл қызмет сырт көзге елеусіз көрінуі мүмкін. Бірақ аймақтық ақпарат құралдары бұл лауазымды Атабаева үшін "жоғары саяси старт" деп бағалады.

Бұған дейін шетелде тұрып, жұрт көзіне мүлде түспеген Оғулджаһан 2024 жылдың соңында мемлекеттік жүйенің бел ортасына шықты. Қазір ол мәдениет саласын қадағалап, конференциялар ашады, қайырымдылық жобаларымен айналысады. Мұндай қоғамдық белсенділік елдегі барынша қатаң цензура жағдайында ең жоғары деңгейдің рұқсатынсыз мүмкін емес.


Жүйенің отбасылық негізі

Атабаеваның белсенділігі арта түскен тұста ел ішінде Сердардың басқару стиліне көңілі толмай жүрген Гурбангулы Бердімұхамедов туралы сөз көбейді. Түрікменстанда билік транзиті 2022 жылы ғана өтті. Алайда биліктен кеткеннен кейін Бердімұхамедов-әке ел ішіндегі шешуші рөлін сақтап қалды.

Мәселен, ол 2023 жылы Берлиндегі «Орталық Азия – Германия» саммитіне қатысты. Яғни президенттер деңгейіндегі халықаралық алаңдарда Сердар емес, оның әкесі жиі бой көрсетіп жүр. Ал Сердар көбіне символикалық сипаттағы шараларға қатысады – мысалы, БҰҰ Бас ассамблеясы немесе Жеңіс парады.

Тіпті заң жүзінде де Бердімұхамедов-әкенің өкілеті президенттен кем емес. 2023 жылы құрылған Халк Маслахаты – заң жүзінде мемлекеттегі ең жоғарғы билік органы. Оның төрағасы – яғни Гурбангулы Бердімұхамедов – шешім қабылдауда шешуші рөлге ие.

Сұрақ туындайды: егер бұлай болса, онда билік не үшін ауыстырылды? Әкесі биліктен кетсе де, жүйенің шын иесі сол күйінде қалды ғой?

Бір болжам – 2022 жылғы Қазақстандағы Қаңтар оқиғалары. Ол кезде халық қысымына шыдамай Нұрсұлтан Назарбаев биліктен шеттетілді, символикалық беделінен айырылды. Гурбангулы Бердімұхамедов дәл осы сценариді болдырмау үшін уақытынан бұрын кетіп, ұлына жол беріп, өзі билікті көлеңкеден басқаруды таңдады.


Сердардың тәуелсіздігі мен жүйенің жауабы

Сердар президент болысымен кадрлық ауыс-түйісті бастап кетті. Алдымен туыстарының бизнесін әлсіретті. Әкесінің туыстары Хажимурат пен Шамурат Реджеповтер – экономиканың негізгі салаларын бақылап отырған, көлеңкелі схемаларды меңгерген ықпалды тұлғалар еді. Сердар олардың адамдары мен өзге де шенеуніктерді қызметтен шеттетті.

Сосын өзінің туған тәтесі Гүлнабат Довлетованы Қызыл Жарты ай қоғамы басшылығынан алып тастады. Журналистік зерттеулерге сенсек, ол гуманитарлық көмекті сатып, бюджет қызметкерлерінен «ерікті» жарна жинаған. Бұл қызметтен кеткен соң, оған қатысы бар шенеуніктер тұтқындалды.

Бастапқыда Гурбангулы Бердімұхамедов ұлының бұл әрекетіне араласпады. Бірақ ұлының артық дербестігі оны алаңдата бастады. Нәтижесінде әке белсенді саясатқа қайта оралды – Халк Маслахатының төрағасы ретінде.

Оғулджаһан Атабаеваның саясат сахнасына шығуы да – осы бағыттағы бір қадам. Гурбангулы Сердарға «биліктің нақты иесі кім» екенін көрсетіп отыр. Қызын алға шығару арқылы ол жүйедегі шекараны сызды: отбасысыз, дербес саясат жүргізуге болмайды.

Сердар бұл ескертуді түсінген секілді. Сіңлісі тағайындалғаннан кейін оған «Аркадаг» медалін табыс етті – бұл марапат олардың әкесінің құрметіне арнайы тағайындалған. Бұған қоса, Хажимурат пен Шамурат Реджеповтер елге қайта оралды, бизнесін жандандырып жатыр.


Жаңа Түрікменстанның бет-бейнесі

Атабаеваны тек ішкі саяси мақсатпен емес, сыртқы имидж үшін де таңдаған тәрізді. Оның күйеуі – Довлет Атабаев – салыстырмалы түрде әлсіз қызметке ие: Аркадаг қаласын салу жөніндегі мемлекеттік комитеттің кеңесшісі. Демек, есеп қыздың өзін көрсетуге құрылған.

Украинадағы соғыс пен Ресей газының Еуропа нарығынан кетуі Орталық Азияға, оның ішінде Түрікменстанға деген Батыстың қызығушылығын арттырды. Ашхабад әлемге біртіндеп ашылуға мәжбүр. Еуроодақтың назарын аударған Транскаспий газ құбыры жобасы мен Еуропа–Қытай бағытын жалғайтын Орта дәліз идеясында Түрікменстанның рөлі маңызды.

Алайда елдің репутациясы бұл бастамаларға кедергі. Түрікменстан – әлемдегі ең жабық, репрессивті мемлекеттердің бірі. Инвесторлар үшін мұнда құқықтық тұрақтылық жоқ, саяси тәуекелдер жоғары.

Міне, дәл осыны өзгерту үшін Бердімұхамедовтің қызы саяси алаңға шықты. Еркін ағылшын тілі, қайырымдылық пен халықаралық байланыстар – Атабаеваның жаңа бейнесі Түрікменстанды «модернизацияланған», «ашық» ел ретінде танытуға бағытталған. Тіпті бұрын елде «бірінші ханым» мәртебесі болған емес. Енді бұл рөлді президенттің заманауи қарындасы иеленуі мүмкін.


Галия Ибрагимова