Mumarmedia.kz 03.04.2026/Astana/ – Аймақтағы күрделі климаттық және табиғи жағдайлар көрші мемлекеттерді үнемі келісімге келуге мәжбүрлейді. Алайда биыл суармалы су мәселесі вегетациялық кезең қарсаңында ерекше ушығып отыр.
Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының мәліметінше, өңір 2026 жылғы вегетациялық маусымға өткен жылмен салыстырғанда едәуір аз су қорымен кіріп отыр. Сарапшылар жағдайды сын көтермейтін деңгейде деп бағалайды.
Тәжікстандағы Нүрек су қоймасы – Әмудария бассейніндегі негізгі реттеуші нысан. Қазіргі таңда су көлемі шамамен 11,4 текше шақырымды құрайды. Алайда су келімінің азаюы салдарынан суару маусымына қарай тапшылық қаупі сақталып отыр.
Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасы – өңірдің энергетикалық жүйесінің өзегі. 2026 жылғы наурыз басындағы көрсеткіш шамамен 12 млрд текше метр болып, орташа көпжылдық деңгейден 15 пайызға төмен. Бұған қардың аз түсуі мен электр энергиясын өндіруге судың көп жұмсалуы себеп.
Қазақстандағы Шардара су қоймасы Түркістан және Қызылорда облыстарындағы егістік алқаптарын суаруда шешуші рөл атқарады. Қоймадағы су деңгейі жобалық көлемнің шамамен 60 пайызын ғана құрап, қалыпты деңгейден 20 пайызға төмен болып отыр.
Қазақстан 2026 жылдың көктемінен бастап суармалы егіншілікке қажетті шамамен 1 млрд текше метр су тапшылығы болатынын алдын ала мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде су тапшылығы ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі қатерге айналғанын атап өткен болатын.
Сонымен қатар елде көктемгі су тасқыны қаупі сақталып отыр. Кейбір өңірлерде су басу фактілері тіркелгенімен, бұл уақытша құбылыс. Су тасқыны аяқталған соң тапшылық мәселесі қайта өзекті болмақ.
Қырғызстанда Ауыл шаруашылығы министрлігі қаңтар айының ортасында-ақ фермерлерді вегетациялық кезеңде су жетіспеушілігі болуы мүмкін екені жөнінде ескерткен. Өзбекстан мен Түрікменстанда да жағдай күрделі – кеңестік кезеңнен қалған ирригациялық жүйелер шекті деңгейде жұмыс істеуде.
Сарапшылар Орталық Азиядағы созылмалы су тапшылығының негізгі себептерін атап өтеді:
🔻 климаттың өзгеруі, жауын-шашынның азаюы және мұздықтардың еруі;
🔻 халық санының өсуі және суды тиімсіз пайдалану;
🔻 су және ирригациялық инфрақұрылымның тозуы. Еуразиялық даму банкінің дерегінше, суару кезінде су шығыны 40 пайызға дейін жетсе, ауыз су жеткізу барысында оның жартысынан астамы жоғалады.
Мамандардың айтуынша, егер су саясаты жедел түрде қайта қаралмаса, өңір астаналары Тегеран қаласындағы жағдайға ұқсас дағдарыс қаупіне тап болуы мүмкін. Онда тіпті халықты эвакуациялау мәселесі де көтерілген.
Сарапшылар мәселені шешудің нақты жолдарын ұсынады. Ең алдымен, су инфрақұрылымын жаңғырту қажет. Бұл ескі каналдарды жабық құбыр жүйелеріне ауыстыруды, шлюздер мен сорғы станцияларын автоматтандыруды қамтиды. Алдағы 10 жылда су секторына 10-12 млрд доллар көлемінде инвестиция қажет екені айтылып отыр.
Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу де маңызды. Тамшылатып суару, дәлме-дәл егіншілік және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды пайдалану – басты бағыттардың бірі. Қазіргі таңда өңірдегі судың 80-90 пайызы егін суаруға жұмсалады, алайда оның басым бөлігі тиімсіз пайдаланылады.
Сондай-ақ аймақтық су нарығын қалыптастыру ұсынылуда. Су ресурсына экономикалық құн беру оны тиімді бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы, қалалар және гидроэнергетика арасында суды қайта бөлуді жеңілдетуі мүмкін.
Сарапшылар өңірлік диалогты жандандырудың маңыздылығын да атап өтеді. Ортақ су стратегиясын әзірлеп, нақты квоталар мен өтемақы тетіктерін енгізу қажет. Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған Мемлекетаралық комиссияның рөлі жеткіліксіз деп бағалануда.
Климаттық өзгерістерге бейімделу шаралары да өзекті. Кіші су қоймаларын салу, тау жайылымдарын қалпына келтіру және еріген суды жинақтау – жергілікті деңгейде оң нәтиже беруі мүмкін.
Жалпы, сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия үшін су – тек ресурс емес, өмір сүру мәселесі. Егер бүгін нақты шаралар қабылданбаса, алдағы жылдары өңір елдері су қоймаларындағы деңгей емес, ауыз судың қайдан алынатынын талқылауға мәжбүр болуы мүмкін.
#ОрталықАзия #СуТапшылығы #Экология #КлиматӨзгерісі #АуылШаруашылығы #СуРесурстары #ЭкспертизаЦА