Парламент қазақстандықтардың дипломдарын Қытайда, Оңтүстік Кореяда және Түркияда тануға мүмкіндік беретін конвенцияны ратификациялады

133

Munarmedia.kz 15.01.2026 /Астана/ – Бейсенбі күні өткен Сенаттың пленарлық отырысында «Жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану туралы Азия–Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Құжат Қазақстанның ұлттық ақпараттық орталықтар желісіне қосылуын көздейді, бұл өз кезегінде отандық жоғары білім беру жүйесіне деген сенімді арттырады.

Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, 2011 жылғы 26 қарашада Токио қаласында қол қойылған бұл конвенция Азия–Тынық мұхиты өңірінде жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. ЮНЕСКО аясында әзірленген құжат дипломдарды, академиялық дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тану рәсімдерін жеңілдетуді, оларды бағалаудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңір елдері арасындағы академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтуді көздейді.

Сенатордың мәлімдеуінше, Токио конвенциясына қазіргі таңда 12 мемлекет қатысушы болып табылады. Олардың қатарында Ауғанстан, Армения, Австралия, Қытай, Фиджи, Қасиетті Тақ, Жапония, Моңғолия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Ресей және Түркия бар.

Конвенция қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру қызметтерін экспорттау үшін жаңа нарықтарға жол ашуға, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне деген сенімді арттыруға, Азия–Тынық мұхиты өңірінде Қазақстанда алынған біліктіліктерді тану кезіндегі кедергілерді жоюға, сондай-ақ білім беру саласында жаңа тәжірибелер мен оқыту технологияларын енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Депутаттың айтуынша, ратификация елдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтып, студенттер мен мамандардың ұтқырлығын арттырады, сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің білім беру жүйелерінің интеграциясын күшейтеді.

Бұған дейін Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек Еуропа елдерімен Лиссабон және Болон конвенциялары аясында ынтымақтастық орнатылғанын, енді осыған ұқсас әріптестік Азия елдерімен де жолға қойылатынын айтқан болатын.

Конвенция талаптарына сәйкес, қатысушы мемлекеттер өзге елдер берген біліктіліктерді, егер білім беру бағдарламаларында елеулі айырмашылықтар болмаса, тануға міндеттенеді. Сонымен қатар Қазақстан ратификациялау барысында дәстүрлі емес оқыту үлгілері немесе толық емес оқу курстары бойынша алынған біліктіліктерді тануға қатысты бірқатар баптар мен ережелерге ескертпе енгізді.

Сондай-ақ конвенция аясында оған қосылған әрбір мемлекетте ұлттық ақпараттық орталықтар құру көзделген. Бұл орталықтар жоғары білім беру туралы ақпарат ұсынып, білім беру жүйелері мен аккредиттелген жоғары оқу орындары жөнінде сенімді деректер алмасуды қамтамасыз етеді.