Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде "Ресей – қуатты әскери держава, оның қаруы көп, тіпті Америка да мойындайды. Қазақстанның Ресейге қатысты саясаты дұрыс" деген пікірлер жиі айтыла бастады. Алайда Дональд Трамптың сөздеріне арқа сүйеп, Ресейдің қанатының астына кіруді аңсайтын азаматтарымыздың бұл арманы орындалмайтыны анық, деп жазады журналист Камшат Тасболат.
Қазақстанның дамуына кімдер кедергі?
Еуропа Украинаны Ресейге бермейді. Егер бүгін Украина тізе бүксе, ертең Польша кезекке тұрады, ал одан кейін бүкіл Батыс Еуропаның қауіпсіздігіне қауіп төнеді. Иә, бизнесмен-президенттің билікке келуімен АҚШ-тың сыртқы саясаты өзгерді – енді олар "әлемнің тәртіп сақшысы" болғысы келмейді және бұл мақсатқа қыруар қаражат жұмсаудан бас тартуда.
Алайда бұл біз күреспей жатып берілуіміз керек деген сөз емес. Егер Ресей расымен мықты болса, үш күнге жоспарланған соғыс үш жылға созылмас еді. Жалпы, бұл соғыс қалай басталды? Үнсіздіктен. Біз Шешенстандағы соғысты "Ресейдің ішкі ісі", Грузиядағы соғысты "грузиндердің мәселесі" деп санадық. Тек Украинадағы соғыс қоғамды оятты. Өйткені бұл күрес тек Украинаның ғана емес, Қазақстанның да тәуелсіздігі үшін жүріп жатыр. Ресейден қорқып, оның айтқанына бас шұлғып, "құп болады, мәртебелім" деп отыру – ұлттық мүддемізге қайшы. Қазір тарих жазылып жатыр. Біз "Алаш" қайраткерлерін қалай бағаласақ, ертең бізге де сондай баға беріледі.
"Ескі" мен "Жаңа" Қазақстан – бәрібір бір Қазақстан. Қоғам биліктің тым проресейлік бағытына алаңдаулы. Жақында президенттің сұхбатын оқыған халық көңілі қалғанын білдірді. Себебі оның сөздері халықтың көңіліндегі ұлттық мәселелерге тым үстірт қарағанын көрсетті. Бірақ Қазақстанда Ресейдегідей шектен шыққан ұлтшылдық бар ма? Өз елімізде банк, дүкен немесе мемлекеттік мекемелерден қазақ тілінде ақпарат алу қиынға соғатыны рас. Бұл – қазақ тілінің құлдырауының көрінісі. Бізбен шамалас халқы бар елдер тілді дамыту саясатын дұрыс жүргізіп, алға жылжып келеді.
Қазақстан қашан ұлттық мемлекетке айналады?
Ал біз ше? Кремльдің "Қазақстанның ірі қалалары орыстілді, енді оңтүстікті де солай ету керек" деген саясатына үнсіз келісіп, ресейлік мектептердің салынуына жол беріп отырмыз. 20 миллион халық сөйлейтін кейбір тілдер әлемдік рейтингте 50-60 орындарды иеленсе, қазақ тіліне 14-15 миллион адам ие бола тұра, оны 79-шы, кейде 89-шы орынға ығыстырады. Осындай саясат жалғаса берсе, қазақ тілі әлемдегі ең ірі 100 тілдің қатарынан шығып қалатын күн алыс емес.
Егер қазақ тілі жойылса, Тәуелсіздігіміздің мәні қандай? Егер билік дүниежүзінде 200 миллион адам сөйлейтін тілді қорғаштай берсе, ұлттық мемлекет болудың мәні неде? Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылдана ма? Ресейден қорқу керек деген ойды халықтың санасына сіңіретін ақпараттық манипуляция қашан тоқтайды?
Ежелгі Римде "Бейбітшілікті қаласаң – соғысқа дайындал" деген. Біздің қазіргі міндет – ұлттық рухты жаншып, басу емес, керісінше, оны көтеру. Бізге сыртқы жау іздеудің қажеті жоқ – егер ұлт ретінде әлсіресек, оның өзі үлкен қауіпке айналмақ, деп жазады журналист.
Ratel.kz