Munarmedia.kz 26.06.2025 /Астана/-Қазақстан Республикасы 2025 жылғы 24 маусымда халықаралық қаржы нарығында 2,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде егеменді долларлық еурооблигациялар шығарды. Бұл жөнінде еліміздің Қаржы министрлігі ресми мәлімдеме таратты.
Атап айтқанда, шығарылым мынадай құрылыммен жүзеге асырылды: жеті жылдық облигация – 1,35 миллиард доллар, купондық мөлшерлемесі – 5%; он екі жылдық облигация – 1,15 миллиард доллар, купондық мөлшерлемесі – 5,5%.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, осы халықаралық борыштық құралды орналастыру алдында Лондонда инвесторлармен физикалық роудшоу өткізілген. Іс-шараға әлемдік қаржы саласындағы 180-ге жуық негізгі инвестор қатысқан.
«Еурооблигацияларға сұраныс ұсыныстан екі есе жоғары болды. Бұл – Еуропа, АҚШ, Азия және Таяу Шығыстан келген әртараптандырылған және сенімді инвесторлар тарапынан Қазақстанның борыштық қағаздарына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Әлемдік қаржы нарығындағы тұрақсыздыққа – мұнай бағасының күрт төмендеуі, геосаяси белгісіздік пен базалық мөлшерлемелердің құбылмалылығына – қарамастан, Қазақстан Қаржы министрлігі еурооблигацияны тиімді шарттармен орналастыруға қол жеткізді», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан ұсынған табыстылық деңгейі A/AA рейтингіндегі Польша, Сауд Арабиясы және Чили секілді елдердің шарттарымен пара-пар, ал BBB рейтингіндегі Мексика, Венгрия және Перу сияқты елдерге қарағанда анағұрлым қолайлы болып шықты.
Сонымен қатар, Қаржы министрлігі Қазақстан ағымдағы жылы A/BBB рейтингіндегі елдер арасында облигацияны ең төменгі мөлшерлемемен орналастырған ел ретінде рекорд орнатқанын мәлімдеді.
Аталған келісім – Қазақстанның халықаралық қаржы нарығындағы беделінің жоғары екендігін және инвесторлар сенімінің сақталғанын дәлелдейді. Бұл ретте, алынған қаражаттың қандай мақсатта жұмсалатынына қатысты әзірге қосымша ақпарат жарияланған жоқ.