Қазақстанда инвесторларға қысым көрсеткен 225 лауазымды тұлға жазаға тартылды – Бас прокуратура

44

Munarmedia.kz 26.06.2025 /Астана/-Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, елде инвесторлардың құқықтарын бұзғаны үшін 225 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.

2024 жылдың сәуір айынан бері прокуратура органдары шетелдік және отандық 1350 инвесторға құқықтық көмек көрсеткен. Олардың қатарында Франция, Түркия, Қытай, Сингапур және басқа да елдерден келген ірі бизнес өкілдері бар. Осы кезеңде 800-ден астам проблемалық жағдай оң шешімін тапты. Бұл жобалар бойынша тартылған инвестиция көлемі 10 триллион теңгеден асып түседі. Қазіргі уақытта прокуратураның тұрақты бақылауында жалпы құны 64 триллион теңгеге жуық 1130 ірі инвестициялық жоба бар.

Инвесторлардың құқықтарын қорғауда айрықша рөл атқарып отырған құқықтық тетік — «прокурорлық сүзгі» деп аталатын механизм. Аталған жүйе мемлекеттік органдарға кез келген тексеруді, лицензияны кері қайтарып алу, шарттарды бұзу немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын Бас прокуратураның келісімінсіз жүзеге асыруға тыйым салады. Бұл тетік бүгінде заңмен бекітілген және құқық қорғау органдарының айтуынша, формалды талаптармен қатар, нақты жағдайды, іскерлік логиканы да ескеруге мүмкіндік береді.

Осы уақыт ішінде прокурорлар инвесторларға қатысты 880-нен астам негізсіз шешімді бұғаттап, 360 тексерудің, 330 әкімшілік іс қозғаудың және 200-ге жуық шектеу шарасының алдын алған. Бұл өз кезегінде, мемлекеттік органдардың инвесторларға қарсы арыз-шағымдарын 25%-дан астам қысқартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық істер саны екі есе азайған.

Бас прокуратураның хабарлауынша, бұл көрсеткіштер – құқықтық бизнесті қорғау, инвестициялық климатты жақсарту және Қазақстанды халықаралық капитал үшін сенімді алаңға айналдыру жолындағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.