Қазақстанда жаңа банк пайда болды — BNK Commercial Bank 2010 жылдан бері алғаш рет лицензия алған қаржы ұйымы атанды

75

Munarmedia.kz 26.06.2025 /Астана/-Қазақстанда соңғы он бес жылда алғаш рет жаңа банк ресми лицензия алды. Бұл жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) хабарлады. Агенттік банк лицензиясын бұрын микрокаржылық ұйым ретінде тіркелген BNK Finance Kazakhstan компаниясына берді. Ендігі кезекте бұл ұйым BNK Commercial Bank атауымен толыққанды банк ретінде жұмыс істейтін болады.

Жаңа банк Оңтүстік Кореяның BNK Capital Co. қаржы компаниясының еншілес құрылымы саналады. Қаржы ұйымының негізгі стратегиялық басымдығы ретінде шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау, сондай-ақ ТМД елдерінің нарығына шығу бағыты белгіленген.

BNK Finance лицензия алғанға дейін Қазақстандағы микрокаржылық ұйымдар арасында актив көлемі бойынша 13-орында тұрған. Оның жалпы активі – 25,8 млрд теңге, ал несие портфелі – 21,8 млрд теңге болған. Салыстыру үшін: еліміздегі банктер тізімінің соңында тұрған «Заман Банктың» активтері – 38,1 млрд теңге, ал ссудалық портфелі – 19,9 млрд теңге.

BNK Commercial Bank-тің лицензия алуы Қазақстанның банк секторына сыртқы капиталдың қайта қызығушылық танытып отырғанын және қаржы нарығының жанданғанын көрсететін маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр. Сарапшылардың пікірінше, жаңа ойыншының келуі банк секторындағы бәсекелестікті арттырып, шағын және орта кәсіп иелеріне жаңа қаржыландыру мүмкіндіктерін ұсына алады.