Munarmedia.kz 21.01.2026 /Астана/-Халықаралық саясатта қысқа мәлімдемемен немесе Сыртқы істер министрлігінің құрғақ пресс-релизімен түсіндіру мүмкін емес шешімдер болады. Мұндай қадамдар терең контексті, өзара байланыстарды жан-жақты түсінуді және ең бастысы — ірі геосаяси үдерістердің ішкі логикасын ұғынуды талап етеді.
Қазақстан Президентінің Авраам (Ыбырайым) келісімдеріне қосылу туралы шешімі дәл осындай санатқа жатады.
Бұл қадам Қазақстанды ТМД кеңістігінде ғана емес, Еуропа, Латын Америкасы мен Африкада да мұндай шешімге барған жалғыз мемлекетке айналдырды. Бұл — халықаралық тәжірибеде бұрын-соңды болмаған, прецедентсіз жағдай.
Жеке шешім және саяси тәуекел
Президенттің өзі Ұлттық құрылтай отырысында бұл шешімнің жеке бастамасы болғанын ашық айтты. Мұндай қадам салалық ведомстволардың, тіпті ел ішіндегі ықпалды кеңесшілердің ұсынысына қайшы қабылдануы да мүмкін деген болжам жасауға толық негіз бар.
Сонымен қатар, сыртқы саясаттағы қалыптасқан дәстүрді ескерсек, мұндай маңызды шешімдер әдетте одақтастармен және стратегиялық серіктестермен кеңесуден кейін қабылданады. Ал бұл жағдайда Қазақстан басшысы кейбір ықпалды мемлекеттер көшбасшыларының да позициясымен келіспей, дербес жол таңдаған болуы ықтимал.
Саяси психология тұрғысынан бұл — өте сирек кездесетін құбылыс. Дональд Трамп бастамашы болған Израильді қолдау жобасына әлемдік деңгейде күмән мен қарсы пікір басым кезеңде қосылу — үстем трендке қарсы шығу деген сөз.
Қысқа мерзімді танымалдық емес, ұзақ мерзімді ұтыс
Алайда дәл осындай шешімдер саясатта көбіне ұзақ мерзімді инвестиция болып шығады. Бұл инвестиция рейтингке, қошеметке немесе уақытша қолдауға емес, экономикаға, қауіпсіздікке және мемлекеттің халықаралық салмағына бағытталады.
Әрбір саясаткердің өмірінде қоғамдық пікірмен де, әлем елдерінің көпшілігінің ұстанымымен де сәйкес келмейтін жеке-дара шешім қабылдауға мәжбүр болатын сәті туады. Мұндай мезетте тәуекел ең жоғары деңгейге жетеді: саясаткерді авантюрист, дилетант, тіпті «есі дұрыс емес» деп атау оңай.
Сондықтан көптеген көшбасшылар күту тактикасын таңдайды — сырттай бақылап, оқиғаның қалай өрбитінін күтіп, кейін жеңімпаздың қатарына қосылып, оны өз данышпандығының нәтижесі ретінде көрсетуге тырысады.
Орталық Азияда бұл модель жақсы меңгерілген және, өкінішке қарай, кейде жеке тұлға культін қалыптастыру құралына айналып жатады.
Авраам келісімдері — «модалы жоба» емес
Авраам келісімдері — ерекше құбылыс. Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде бастама ретінде ұсынылған бұл жоба ұзақ уақыт бойы тіпті кәсіби дипломатиялық ортада да кеңінен танымал бола қойған жоқ.
Бұл — «сәнге айналған» немесе бәріне бірден түсінікті бастама емес еді. Дәл осы тұста кең дүниетанымы бар, үздіксіз білімін кеңейтіп отыратын мемлекет басшысы мен кеңесшілердің пікіріне толық тәуелді, мадақ пен жағымпаздыққа үйренген шенеуніктің айырмашылығы айқын көрінеді.
Бұл айырмашылық халықаралық қатынастардың терең негіздерін — өркениеттік одақтар, сәйкестік (идентичность) және болашақ әлемдік тәртіп туралы іргелі түсініктерді білу деңгейінде жатыр.
Тарихқа сүйенген түсініктеме
Сондықтан Президент өзінің соңғы сөзінде ежелгі тарихқа қысқаша тоқталып, сырттай қарағанда тым батыл әрі тосын көрінетін шешімінің логикасын түсіндіруді қажет деп санады. Оның мақсаты — Қазақстанды әзірге жұмбақ көрінгенімен, объективті түрде болашағы зор халықаралық қатынастар жүйесіне, яғни Авраам (Ыбырайым) келісімдеріне алып келу.
Қорытынды орнына
Әлемдік саясат тарихы бір шындықты дәлелдейді: стратегиялық серпілістер қабылданған сәтте әрдайым күмәнді, қауіпті әрі оғаш көрінеді. Бірақ дәл сол шешімдер кейінгі ондаған жылдарға арналған болашақты қалыптастырады.
Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылуы — дәл осындай қадам. Бұл бүгінгі күннің эмоциясына емес, ертеңгі геосаяси архитектураға бағытталған таңдау.