Көкшетауда ArtSport бағдарламасы аясында бюджет қаражатын заңсыз иемденген кәсіпкер әйел сотталды.

39

Munarmedia.kz 22.01.2026 /Астана/ Ол 1,4 миллион теңгеден астам қаржыны алаяқтық жолмен алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы ArtSport электронды платформасында қызмет көрсетуші ретінде тіркеліп, Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасынан балаларға каратэ үйретуге рұқсат алған. Алайда іс жүзінде жаттығулар өткізілмеген. Соған қарамастан, сабаққа қатысу табельдеріне балалардың келуі жөнінде жалған мәліметтер енгізілген.

2023 жылдың мамырынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін кәсіпкер алты бала үшін мемлекет қазынасынан заңсыз түрде 1,4 миллион теңгеден астам қаржы алған. Нәтижесінде Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына материалдық шығын келтірілген.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, табельдерді көмекшілері толтырғанын және балалардың сабаққа қатысқанын алға тартқан. Алайда бұл уәждер дәлелін таппады. Бірқатар ата-аналар балалардың бірнеше сабақтан кейін үйірмеге баруын тоқтатқанын, ал табельдерге қол қоймағанын мәлімдеді. Сабаққа мүлде қатыспағандардың арасында мүмкіндігі шектеулі балалар да болған.

Ата-аналардың сөзін жаттықтырушының көмекшісі де растады. Ол ресми еңбек шартысыз жұмыс істегенін және айыпталушының нұсқауымен, балалар болмаған күндері де табельдерді толтырғанын мойындады. Бұл деректер мессенджердегі хат алмасулар арқылы да дәлелденді.

Сот кәсіпкер әйелді Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 3 және 4-тармақтары бойынша кінәлі деп таныды. Оған 2 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, үш жыл бойы материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқаруға және қаржыға қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сонымен қатар, сотталған азаматша жаза мерзімі бойы жыл сайын 100 сағаттан қоғамдық жұмыстарға тартылады.

Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ. Іс бойынша апелляциялық шағым берілген.