Munarmedia.kz 21.01.2026 /Астана/-Шымкент қаласында болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қатыгездікпен өлтірілуінен кейін Ішкі істер министрлігі қала полициясының басшылығын ауыстырды. Мемлекет басшысының ашық сынынан соң Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов «қоғамдық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін» қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми түрде хабарлады.
Министрлік мәліметінше, аталған шешіммен қатар ішкі істер органдарынан тағы бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылған. Бұл — резонансты қылмыстан кейін құқық қорғау жүйесіндегі жауапкершілікті нақты тұлғаларға жүктеудің айқын көрінісі.
Уақытша басшы тағайындалды
Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқару Арман Бейсенбаевқа жүктелді. Ол ішкі істер органдарында 28 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі офицер.
Президенттің ашық сыны және 130 арыз
Еске салайық, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкенттегі полиция жұмысына қатысты қатаң сын айтқан болатын. Мемлекет басшысы Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты бұл істің қоғамды дүр сілкіндіргенін атап өтіп, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне тікелей назар аударды.
Президенттің айтуынша, марқұм қыздың ісі бойынша 130-дан астам шағым тіркелген, алайда соған қарамастан тиісті шаралар қабылданбаған. Тергеу барысында күдіктінің жәбірленушіні жүйелі түрде аңдып, қорқытып келгені, ал бұл жағдайдың ақыры қайғылы оқиғаға ұласқаны анықталған.
Бұл жайт Мемлекет басшысы үшін құқық қорғау жүйесіндегі ең қауіпті олқылықтардың бірі — азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты сигналдарды елемеу екенін көрсетті.
Тергеу ІІМ бақылауында
ҚР ІІМ хабарлауынша, министрліктің өзіндік қауіпсіздік департаменті Нұрай Серікбайдың туыстарының арыз-шағымдарын Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тиісінше қарамаған болуы мүмкін деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
«Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істің тергелу барысы Ішкі істер министрлігінің қатаң бақылауында. Тергеудің объективтілігі мен толықтығын қамтамасыз ету үшін тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы тергеу-жедел тобы құрылды», — деп мәлімдеді министрлік.
Қылмыстың жай-жапсары
Қанды қылмыс 11 қаңтар күні кешке Шымкент қаласында жаяу жүргіншілер өткелінің маңында болған. Бейнебақылау камералары қыздың қашып құтылуға тырысқанын, ал күдіктінің оны қуып жетіп, ұрып-соғып, пышақ жарақаттарын салғанын анық көрсеткен.
Күдікті екі күннен кейін, қаладан 10 шақырым қашықтықта ұсталған.
Қоғамдық сұраныс: жауапкершілік болуы тиіс
Бұл трагедия қоғамда полицияның азаматтарды қорғау қабілетіне қатысты өткір сұрақтар тудырды. Президенттің араласуы мен одан кейінгі кадрлық шешімдер биліктің бұл істі жеке қылмыс ретінде емес, жүйелік мәселе ретінде қарастырып отырғанын аңғартады.
Нұрай Серікбайдың өлімі — бір адамның тағдыры ғана емес, құқық қорғау жүйесінің жауапкершілік шегін қайта таразылауға мәжбүр еткен оқиға болып қалды.