Қазақстан жасанды интелектіні білімге қалай енгізеді?

43



Munarmedia.kz | 05.10.2025 | Астана Жуырда ғана қоңыр қалам мен мектеп дәптері цифрлық профильге айналуы мүмкін. Бұдан былай бақылау жұмысын мұғалім емес, алгоритм тексеруі ғажап емес. Жоғары оқу орындарында жасанды интеллект — міндетті пәнге айналып, жұмысшылар үшін — жаңа мамандыққа апарар жол болады. Қазақстан білім беру мен еңбек нарығын түбегейлі өзгертетін жүйені қолға алуға кірісті.

Астанада алғаш рет Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе: ИИ шетелдік «абстрактілі» технология ғана емес, қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне қалай айналады? Президент Ұлттық стратегияны жариялап, министрлер мен сарапшылар нақты жобаларды таныстырды, университеттер өз жоспарларымен бөлісті. Айтылған әңгіме тек болашақ жайлы емес, дәл қазір, осы жерде атқарылатын нақты қадамдарға бағытталды.

Білім – болашақтың кілті

Бірінші отырыстың тақырыбы «Білім берудегі жасанды интеллект: мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» болып бекер таңдалған жоқ. Себебі бүгінгі білім деңгейі — ертеңгі еңбек нарығының көрінісі. Егер бүгінгі оқушы мен студент жаңа технологияны меңгерсе, ертең олар цифрлы экономикада сенімді жұмыс істей алады. Сондықтан да алғашқы сұрақ: білім жүйесін қалай өзгерту керек, жасанды интеллект оның ажырамас бөлігіне айналуы үшін не істеу қажет?

Цифрлық профиль – оқушының жаңа паспорты

Басты бастамалардың бірі — цифрлық оқушы профилін енгізу. Бұл жай электрондық күнделік емес, оқушының барлық бағасы, жобалары, жетістіктері мен олимпиада нәтижелері жазылатын тұтас жүйе. Ал алгоритмдер оқушының күшті және әлсіз тұстарын саралап, оның жеке оқу траекториясын ұсынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тұрғыда нақты тапсырма жүктеді:

"Цифрлық профиль арқылы ИИ кәсіби бағдар ұсына алады. Әр оқушының қабілеті мен қызығушылығына сай оқу бағыттары, факультативтер мен жобалар ұсынылуы тиіс. Бұл – болашақ инженерлер мен дәрігерлерді, ғалымдар мен мұғалімдерді алдын ала анықтап, оларға өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Үкіметке цифрлық профильдің ұлттық жүйесін жасап, оны Жасанды интеллект университетімен біріктіруді тапсырамын", – деді Президент.

Болашақта бұл жүйе тек мектеп ішінде ғана емес, университетке түсу, тіпті жұмысқа тұру кезінде де маңызды құралға айналады.

ЖИ – оқу пәні ретінде

Бүгінде 93 университет ИИ пәнін өз бағдарламасына енгізсе, тағы 20 жоғары оқу орны жаңа мамандықтар ашты. Енді студенттер ИИ құралдарын еркін меңгеріп шығады. Бұл бұрынғы буындардың компьютерлік сауаттылық пен шет тілін меңгергені секілді қалыпты дағдыға айналмақ.

AI-Sana бағдарламасы – осы өзгерістердің көрінісі. Үш жыл ішінде қазақстандық студенттер Coursera платформасында 1 миллион сағатқа жуық оқу өтіп, 350 мыңнан астам сертификат алған. Бұл — әлемдік көрсеткіштен жоғары нәтиже.

Жоба аясында жыл сайын мыңға жуық стартап іске қосу жоспарлануда. Яғни, бұл тек оқу емес, технология саласындағы кәсіпкерлікті дамытудың құралына айналып отыр.

ЖИ университеті – келешек зертханасы

Келесі үлкен қадам – Жасанды интеллект жөніндегі мамандандырылған университет құру. Бұл – білім, ғылым және кәсіпкерлікті біріктіретін жаңа форматтағы жоғары оқу орны болмақ. Университет әлемнің жетекші оқу орындарымен әріптестік орнатады.

Бұл қадам қазақстандықтарға шетелге шықпай-ақ, әлемдік деңгейде білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еліміз өз зерттеу орталықтарын және ИИ саласындағы кадрлық әлеуетін қалыптастыра алады.

Ауыл мен қала арасындағы теңсіздік жойыла ма?

ИИ енгізудің басты артықшылықтарының бірі – білімдегі теңсіздікті азайту. Ауыл мектептерінде жиі кездесетін мұғалім тапшылығы — ИИ-репетиторлар мен онлайн сабақтар арқылы шешілуі мүмкін.

Бүгінде қазақ және орыс тілдерінде ИИ негіздері бойынша қысқа сабақтар енгізілуде. Оқушылар оқу платформаларына қосылып, материалды меңгеріп, білімдерін тексере алады. Бұл — шалғай ауылдағы баланың Астанадағы құрдасымен бірдей білім алуына жол ашады.

Президент бұл ретте былай деді:

"ИИ енгізу – қала мен ауыл арасындағы білім деңгейіндегі алшақтықты қысқартудың нақты жолы. Бұл әсіресе шағын жинақты мектептер мен ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін өте маңызды".

Мұғалімнің жұмысын жеңілдету керек

Жасанды интеллект тек оқушыға ғана емес, мұғалімдерге де көмекші болмақ. Болашақта тесттерді тексеру, тапсырмалар құрастыру, электронды журнал жүргізу сынды жұмыстарды алгоритмдер атқара алады. Бұл, әсіресе, бірнеше сыныпты қатар оқытатын ауыл мұғалімдері үшін таптырмас шешім.

Алайда, жаңа жүйе – жаңа тәуекелдер. Алгоритмнің сапасы төмен болса, білім беру процесі бұзылады. Осыған байланысты Президент:

"Біз шетелдік жүйелерге ғана сүйенбеуіміз керек. Мемлекеттік стандарт пен ұлттық құндылықтарға сай келетін отандық ИИ платформаларын жасауымыз қажет", – деп атап өтті.

Студенттер не дейді?

Зерттеулерге сүйенсек, студенттердің басым бөлігі ИИ енгізілуін оң қабылдауда. Мысалы, Education Sciences журналының мәліметінше, 83,5% студент жасанды интеллект оқу тиімділігін арттыратынын айтқан. 2024 жылғы Digital Education Council есебінде – 86% студент ИИ-ды тұрақты қолданады, олардың 54%-ы – аптасына бірнеше рет қолданатынын айтқан. Жасанды интеллекттің жеке ұсыныстар беруі – студенттер арасында жоғары бағаланып отыр.

Еңбек нарығы: жаңа мүмкіндіктер

Жасанды интеллект тек білімде емес, еңбек нарығында да үлкен өзгерістерге жол ашады. Президент Үкіметке ұлттық қайта оқыту платформасын құруды тапсырды. Бұл платформа адамның дағдысын бағалап, оған сай оқыту курстарын ұсынатын болады.

"ИИ қызметкердің мүмкіндігін бағалап, оның мықты тұстарын айқындап, ең тиімді бағытты көрсете алады. Миллиондап қаражат шашып, қайта даярлау орталықтарын салудың қажеті жоқ. Бастысы – жасанды интеллектінің әлеуетін тиімді пайдалану", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәселен, бухгалтердің жұмысы автоматтандырылса, ол деректер аналитикасы курсын өте алады. Жүк тасушы жүргізуші — ақылды логистика саласын меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл — Германия мен Сингапур қолданған озық тәжірибе.

Қытай – «AI Plus» стратегиясын енгізсе, АҚШ миллиардтап инвестиция құйып, ЕО жаңа ережелер қабылдауда. БАӘ әлемдегі алғашқы ИИ университетін ашты. Осы қатарда Қазақстан да технологияны күнделікті өмірге енгізуді басты мақсат етіп отыр.

Kaspi, Freedom Bank, Yandex Qazaqstan, Қазақтелеком және ҚТЖ сынды компаниялар білім, логистика және байланыс салаларындағы ИИ жобаларын таныстырып үлгерді. Бұл жобалар қиялдағы болашақ емес, нақты іске асырылып жатқан пилоттар.